Шымкенттің бюджеті 30 млрд. теңгеге көбейді

Oinet.kz 12-07-2024 441

2.jpg 

Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында 2024-2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау мәселелері қаралды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен сегізінші шақырылымдағы қала мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Күн тәртібінде 2024 – 2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау, абаттандыру мәселелері қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев бірінші мәселе бойынша баяндама жасады.

Қала бюджетін нақтылау барысында бюджет көлемін 30 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылды. Бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешетін шығындарға басымдық берілді. Жалпы нақтылау нәтижесінде, мегаполис бюджетінің көлемі қазіргі 735 млрд теңгеден 764 млрд теңгеге дейін артатын болады. Жалпы, 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкенттің бюджеті бірнеше есеге көбейді. Сонымен бірге бюджетті қалыптастырудағы өзіндік кірістің көлемі де жыл санап артып келеді. Бұған қала аумағында өнеркәсіп, кәсіпкерлік нысандардың көбеюі оң ықпалын тигізіп отыр. Шымкенттің арнайы экономикалық аймағы мен индустриалдық аймақтарында көптеген жобалар жүзеге асуда. Алда осындай өндірістік аймақтардың санын көбейтіп, сол арқылы қаладағы өнеркәсіпті дамыту қолға алынуда. Бұл өз кезегінде өзіндік кірісті көбейту ғана емес, халықты жұмыспен қамтуға да оң септігін тигізеді.   

Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілхайыр қала аумағын абаттандыру бойынша экологиялық қолайлы және тартымды орта құру бағытындағы жұмыстардың қағидасын бекітуді ұсынды. Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарап, маңызды шешімдер қабылданды.

Сессия соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәслихат депутаттарын өзекті мәселелерді шешуде азаматтармен кездесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.


Сенатор Шымкентте Президент тапсырмаларының орындалуын талқылады
Сенатор тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу