Сенатор Шымкентте Президент тапсырмаларының орындалуын талқылады
Сенатқа Шымкент қаласынан сайланған Нұрлан Бекназаров Шымкентте шағын және орта бизнесті дамыту, жұмысқа орналасу және денсаулық сақтау мәселелерін тұрғындармен бірге талқылады. Бұл ту ралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, сенатор Шымкент қаласының сот және полиция өкілдерімен кездесу өткізіп, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Соттағы кездесуде заңнамадағы сот жүйесін реформалау және құқық қолдану жөніндегі өзгерістерді талқылады. Нұрлан Бекназаров Президенттің тапсырмасынан туындайтын міндеттерді іске асыру туралы айта келіп, Парламент қабылдаған заңдар және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты.
«Қабылданған заңдар ең алдымен, қоғамның сотқа деген сенімін күшейту үшін әділ сот төрелігін, сондай-ақ азаматтар құқығының қорғалуын және сот пен сот рәсімдерінің заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз етуге арналған», - деп атап өтті Нұрлан Бекназаров.
Кеңес барысында полиция департаментінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Полиция департаментінің бастығы сенаторға қаладағы қылмыстың 24,8%-ға төмендегені туралы баяндады. Сонымен қатар кездесуде жергілікті полиция департаменті жұмысының тиімділігін арттыру туралы шешім қабылдау қажеттігі, олардың бірі полиция қызметкерлерінің санын көбейту екенін атап өтті. Сенатор өз кезегінде құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың және құқықтық мемлекетті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Нұрлан Бекназаров азаматтарға жеке қабылдау да өткізді. Онда көшелерге ардагерлердің есімдерін беру, бизнесті қолдау, жұмысқа орналастыру және денсаулық сақтау мәселелері талқыланды.
«Мұндай кездесулер өте маңызды. Біз Президент тапсырмаларының орындалуын қадағалап қана қоймай, халықты толғандыратын мәселелерге де назар аударамыз. Барлық көтерілген мәселелер қолданыстағы заңнама аясында қаралып, шешілетін болады», - деп атап өтті депутат.