Депутат дәрігерлердің ұсыныстарын тыңдады
Мәжіліс пен Сенат депутаттары өңірлерді аралап, тұрғындарын талап-тілектерін тыңдауда. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында №13 қалалық емхана қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Мәжіліс депутаты медицина мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдады. №13 қалалық емханада бүгінде 45 мың тұрғын тіркелген.
Таңсәуле Ғабдыманапұлы медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында мамандармен әңгімелесіп, ұсыныстарды тыңдады. МӘМС жүйесі, онкологиялық аурулардың алдын-алу, қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі өзекті екенін атап өтті.
– Медицина саласы әрдайым серпілісті, жаңа өзгерістерді қажет етеді. Парламент қабырғасында депутаттық сауалдардың жартысы медицина саласына қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр. Заң шеңберінде қарастырамыз. Жалпы бүгінде онкологиялық аурулардың алдын алуға, медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасына мән беру керек. Мамандардың жұмысқа деген құштарлығы болуы қажет, – деді Мәжіліс депутаты.
Қазіргі таңда емханаға 650 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Кездесуде қызметкерлер ендігі ретте ғимаратқа лифт орнату қажет деген мәселені жеткізді. Сондай-ақ, компьютерлік томография құрылғысы тапшы екені айтылды.
Сондай-ақ, жуырда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласының Абай ауданындағы Жаңа Тұрлан шағын ауданында болды. Депутат партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 1200 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысқан болатын. Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Сайлаушылармен кездесуде депутат Данабек Исабеков құрылысты дер кезінде аяқтап, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз балаларымыздың білім алуы үшін заманауи және қауіпсіз жағдай жасауға ұмтыламыз. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептер соңғы технологиямен жабдықталады. Оның ішінде мобильді трансформациялық үстелдер, заманауи зертханалар және жоғары жылдамдықты интернет бар. Біздің басты міндетіміз – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау, – деді Данабек Исабеков.
Айта кету керек, өткен жылы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкентте 15 мектеп салынып, 3 мектеп кеңейтілді.