Қайтарымсыз грант тек өз мақсатына жұмсалуы тиіс
Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2024 жылдың І лек бойынша грант иегері атанған азаматтармен кездесті.
Жиынға қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының мамандары арнайы шақырылып, грант иегерлеріне алдағы уақытта кәсібін дамыту, оған мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар жайында түсіндірді.
Алдымен басқарма басшысы азаматтарға қайтарымсыз қаржы берудегі негізгі мақсатты түсіндірді. Кәсібін дөңгелетуге, өндіріс орындарын ашуға ниеттенген жандар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп екенін айтты.
-Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес, бизнес-жобасы бар адамға грант беру арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытып, ірі кәсіпорындармен әріптестік орнату арқылы қала экономикасының ілгерілеуіне жол ашу. Сіздердің бизнес-жобаларыңызды жүзеге асыру үшін берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, мақсатсыз жұмсалған жағдайда қайтарылатынын ескертеміз. Осы орайда, 2023 жылы грант алған 452 адамның нәтижесін баяндап өтсем. Бүгінге дейін мониторинг бөлімі 268 адамның қаржыны мақсатты жұмсағанын анықтаса, 137 адамның ісі “Құқықтық қамтамасыз ету” бөліміне өткен. Оның ішінде есеп тапсырмағандар, қаржыны мақсатқа жұмсамағандар және ісі сотқа өткендер бар. Ал, 184 грант иегерін зерделеу жұмысы осы жылдың қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады,- деді Жанат Өмірсейітқызы.
Айта кетері, Шымкентте 15-26 шілде аралығында Business.enbek.kz порталы арқылы 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінімдер қабылдаудың басталатынын хабарлады. Екінші лекте 216 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Гранттар нысаналы мақсаты жаңа бизнес бастау және дамыту болып табылған жағдайда қайтарымсыз негізде беріледі.
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.