Шымкент: Қоғамдық көліктердің бағыттары оңтайландырылды

Oinet.kz 01-07-2024 117

14.jpeg

Елімізде қоғамдық көліктердегі төлемақы жүйесі толығымен  электронды тәсілге өтіп, бұл саладағы бүкіл жұмыстар автоматтандырылуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыған қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында Шымкентте бірқатар тың өзгерістер жүріп жатыр.

Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, қазіргі қолданыстағы кешенді схема да өзектендіруді қажет етеді. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, жыл басынан бері 22 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылды.
Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде орнатылған қолданыстағы электронды билеттендіру жүйесіндегі туындаған мәселелерді шешу және бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында, жаңа электронды билеттендіру жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жеке инвестор «SmartMobility» ЖШС-гі қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеп, қоғамдық көліктерге валидаторлар орнату жұмыстарын іске асыруда. Қазіргі таңда, тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» ЖШС-не тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылды.
2024 жылғы 10 мамырдан бастап валидаторлар төлем қабылдауды бастады.
Аталған жүйеәдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді.Сондай-ақ, қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қазіргі таңда қоғамдық көліктерде аялдаманы дыбыстағыш құрылғымен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл құрылғы №12, №27, №35, №74, №84 бағыттағы жолаушылар көлігінде жалпы саны 110 автобуста орнатылған. Ал, жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайн бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелді.

Қазіргі уақытта Шымкентте күнделікті 916 автобус және 11 тасымалдаушы компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. 2024 жылғы 5 айда тасымалданған жолаушы саны – 36 738 679 құрайды. Сонымен қатар, жалпы автобустар саны резервпен қоса – 1140.

Биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлік жаңарту жоспарлануда. Оның ішінде, бүгінде «Автоимпульс» ЖШС тарапынан «Zhongtong» маркалы 5 жаңа автобус наурыз айынан бастап, «Санжар моторс» ЖШС және ЖК «Абдуганиев» «SAZ LE 60» маркалы 12 автобус мамыр айынан бастап, «Ман-оңтүстік» ЖШС «Youtong» маркалы 3 жаңа автобус қызмет көрсетуде.

Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.


Шымкентте трансплантациялау саласы қарқынды дамып келеді--сенатор
Қайтарымсыз грант тек өз мақсатына жұмсалуы тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу