Ғабит Сыздықбеков: Игіліктің барлығы - сіз бен біздің ортақ еңбегіміз
19 маусым Шымкент қаласының туған күні. Осыдан 6 жыл бұрын 2018 жылдың 19 масымында Президент Жарлығымен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Сол кезден бастап 19 маусымда шымкенттіктер Қала күні мерекесін атап өтеді.
Осы алты жыл ішінде Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис ретінде қарқынды дамып келеді. Экономика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы саласында ірі жобалар жүзеге асты. 2018 жылы тұрғындарының саны миллионға жеткен Шымкенттің демографиялық өсу қарқыны де жоғары. Қаланың жаңа бас жоспары қабылданды. Қала келбеті жаңа, заманауи, өзіндік сәулеттік ерекшелігі бар ғимараттармен құлпырып келеді. Жаңа мөлтекаудандар, саябақтар мен үлкен тұрғын үй кешендері салынды. Шалғайдағы елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарды. Қаладағы көлік кептелісін шешу үшін айналма жолдардың құрылысы қызу жүруде. Жолайырықтар пайдалануға берілді. Мәдени, спорттық, балаларға арналған нысандар салынды.
Қала күніне байланысты Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға құттықтау хатын жария етті.
-- Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Баршаңызды Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Шымкент - сан ғасырлық тарихы бар, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, бейбітшілік пен келісімде түрлі этностар мен конфессиялардың өкілдері өмір сүретін шуақты қала. Шымкент тек жергілікті халық үшін ғана емес, мегаполисті гүлдендіруге үлес қосқан барша азаматтар үшін де қасиетті мекенге айналған.
Жыл сайын шырайлы қала көркейіп, халықтың өмір сүруіне жайлы мекенге айналуда. Біз қаламыздың келбеті мен тарихи дәстүрлерін сақтай отырып, мегаполисті халықтың өмір сүруіне қолайлы етуіміз керек.
Зәулім үйлердің құрылыс қарқыны, аулалардың абаттандырылуы, спорт алаңдарының салынуы, инфрақұрылымның дамып, қоршаған ортаның жақсаруы қуантады. Игіліктің барлығы - сіз бен біздің ортақ еңбегіміз. Күн сайын сіздермен бірге қаланың тарихына куә болудамыз. Қаламызды абаттандырылған, көрікті және жайлы қалаға айналдырамыз.
Шымкенттің болашағы жарқын екеніне сенімдімін, ал оның еңбекқор және қамқор тұрғындарының ауқымды жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндіктері мол.
Құрметті жерлестер!
Еңбектеріңіз бен туған жерге деген адалдықтарыңыз үшін рахмет! Өз еңбегімен, күшімен және талантымен қаламыздың дамуы мен әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, тек жақсылық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Сүйікті қаламыз көркейіп, халқымыздың тұрмысы жақсара берсін!—делінген Сыздықбековтың құттықтау хатында.