Шымкент: Инвестиция көлемі 17 пайызға көбейді
Биылғы жылдың бес айында Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай өсім бар.
Шымкент қалысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 424,7 млрд теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 2024 жылы 84,9 млрд теңгеге 1 834 жұмыс орнын құрайтын 16 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 500 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылып, 69 жұмыс орны құрылды.
Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 17,3 млрд теңгені құраса,
бұл салада мал шаруашылығы 1,5% (14,4 млрд тенге), оның ішінде сүт өндірісі 4,3% артты (25,4 мың тонна).
Сондай-ақ, қалаға тартылған инвестиция көлемі де 17,4%-ға артып, 203,7 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 млрд теңгені құрап, 30,7%-ға көбейген.
Шымкентте қазіргі таңда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 12,9% артып, 353,4 мың шаршы метрді құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 3,4% артып, 130,9 мың бірлікті құрады. Кәсіпкерлікті қолдауға 2024 жылы 21,5 млрд теңге қаралды. Ағымдағы жылдың 1 маусымына 3 320 жобаға 10,6 млрд теңгеге қолдау көрсетілді.
Шымкентте халықтың жан басына шаққанда орташа табысы 2023 жылы 108 989 теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 15,4% артты. Ал жұмыспен қамту бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 144,8 мың адам немесе экономикалық белсенді азаматтардың 31,2% құрайды (2024 ж. 1 тоқсаны).
Орташа айлық жалақы 2024 жылдың 1 тоқсанына 290 848 теңгені құрап, 14,4% артты.
Инфляция деңгейі мамыр айында 2023 жылдың желтоқсанына 103,2% құрады, оның ішінде азық-түлік тауарларына – 101,9%, азық-түлік емес тауарларға – 104,2%, ақылы қызметтерге – 103,8%.
Шымкентте жыл санап өнеркәсіп орындарының саны да көбейіп келдеді. 2022 жылы Шымкентке келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының маңында қосылған құны жоғары өндіріс және мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар ашуды тапсырған болатын.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша мұнайдан шыққан қалдықтарды өңдейтін жобаларды ұсынған инвесторлардың тізімі жасалған. Осы жобалардың ішінде «Hill Resources», «Алмэкс Полимер» және «Эколайф Астана» компанияларының жобалары серіктестіктерінің жобаларына қолдау білдіріліп отыр.
«Hill Resources» ЖШС-і негізгі майлар өндірісімен айналысады. Жобаның құны 270 млрд. теңгені құрайды. Зауыт жылына 500 мың тонна мазутты қайта өңдей алады. Зауыттың құрылысы былтыр басталған. Сәтін салса, жоба 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Ал, «Алмэкс Полимер» ЖШС-і ұнтақталған полипропилен өндірісін қолға алып отыр. Бұл жобаның құны 38 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын келесі жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл кезде зауытта 80 мың тонна ұнтақталған полипропилен өндірілетін болады.
Ал, «Эколайф Астана» серіктестігі құрамында мұнайы бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған зауыт ашуды көздеп отыр.