Шымкент: Сарбаздарға білім гранттары табыс етілді

Oinet.kz 18-06-2024 838

7.jpg 

«Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал, кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұрапыл соғыста жеңіске жетті. Біз өткеннен тағылым аламыз. Отан үшін, ел мен жер үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етеміз. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік. Халқымыз береке-бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында алаңсыз ғұмыр кешуде. Шын мәнінде, осы бейбіт өмірдің өзінде батырлық пен ерлікке орын бар. Ерлік уақыт талғамайды, себебі бұл қасиет Отаншылдықтан бастау алады»,-деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

18 маусымда Шымкентте ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында белгіленген қызмет мерзімін өтеген 1-2023 шақырылым сарбаздарын запасқа шығаруға арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шара барысында мерзімді қызмет сарбаздарына тегін негізде жоғарғы оқу орнына оқуға түсу туралы сертификаттар табысталды.

Айта кету керек, Шымкент жедел бригадасының 400-ге жуық әскери қызметшісі бағалы сертификаттар алуға үміткер болды. Тек 27-сі ғана жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды.

Бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және әскердің беделін арттыру мақсатында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылды.

Іс-шараға әскери бөлімнің басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.

- Сіздердің қызмет кезеңіңізде жауынгерлік сайысты орындау бойынша нәтижелерге қол жеткізілді және Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында бөлімнің алдына қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер орындалды. Сіздер Отанның ұлттық және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қостыңыздар, барлық жүктелген міндеттерді абыроймен орындадыңыздар, - деді 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов.

Білім сертификатының иегерлерінің бірі Ерасыл Бабан болды. Ол Абай облысының тумасы. Қызметтің 12 айында ол өзін жақсы жағынан көрсетті және әртүрлі жетістіктері үшін 739 ұпай жинады.

- Әскерде қызмет ету - әр адамның міндеті. Мұнда мен үздік әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында гранттар берілетінін білдім. Бұл тамаша мүмкіндік. Менің күш-жігерім жоғары бағаланды, мен Тәуелсіз Қазақстанымызды дамыту үшін міндетті түрде жоғары білім аламын, - деп уәде берді Ерасыл.

Айта кету керек, мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар осы сертификаттармен ЖОО-ға екі жыл ішінде түсе алады.


Ғабит Сыздықбеков: Нақты нәтижеге жұмыс істейік
Шымкент: Кәсіпкерлер әкімге даму жоспарларын таныстырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу