Ғабит Сыздықбеков: Нақты нәтижеге жұмыс істейік
Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына биыл 6 жыл толған Шымкентте ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Осы жылдары қала қазынасы бірнеше есеге өіп, мегаполисте ірі жобалар қолға алынды. Осы жылдары Шымкент инвесторлар үшін ең тартымды қалаға айналды. Ауыл шаруашылығы саласында ірі жобалар қолға алынды. Шымкенттің биылғы даму көрсеткіштері де жақсы.
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мегаполистің қаңтар – мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы, салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев даму көрсеткіштерін баяндап, бұл кезеңде оң динамика қалыптасқанын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мегаполисте биыл инвестиция көлемі 17,4 пайызға артып, 203,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция көлемі 29,5 млрд. теңге болса, жеке инвестиция көлемі 174,1 млрд. теңгеге жеткен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 млрд теңгені құрап, 30,7 пайызға ұлғайғаны байқалады.
Қала әкімі сала басшысының баяндамасына қатысты өз пікірін білдірді. «Жалған сандармен емес, шынайы экономикаммен өмір сүйрейік. Көрсеткіштерді талдап, қай жерде проблема бар, сол жерге күш салып, нақты нәтижеге жұмыс істейік» - деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар қала әкімі тиісті басқарма басшыларына мегаполис аумағындағы заңсыз берілген жерлерге қатысты заң шеңберінде шараларды күшейтіп, дендрологиялық саябақ пен «Арбат» алаңына абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын жүргізуді және ойын атракциондарының қауіпсіздігін жақсартуды тапсырды. Барлық аудан, сала басшыларына бюджеттің сапалы орындалуы, 2025 жылғы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.