Құрбан айт—мейірімділік пен ізгіліктің мерекесі

Oinet.kz 16-06-2024 558

4.jpg 

Биыл исі мұсылманның қасиетті Құрбан ай мерекесі 16 маусымға тура келді. Шымкентте мереке түрлі іс-шаралармен кең көлемде тойланды. 

Шымкент қаласының "Ақмешіт" орталық мешітінде Құрбан айт намазы оқылды. Қаланың бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау лебізін жиналған жамағатқа жеткізді. Баршаны қасиеті мол мерекеде ынтымақ-бірлікте болуға шақырды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Құрбан айт намазына қаланың зиялы қауым өкілдері қатысып, мерекемен құттықтады.

- Құрбан айттағы ниет-құлшылықтарыңыз қабыл болғай. Береке мен бірлікке бастайтын, ағайын арасын жақындастыратын мерекенің мән-маңызы артып келеді. Құрбан айт мерекесінде бір-біріміздің қателіктерімізді кешіріп, өзара татулығымызды арттыруға және де қоғамның игілігі үшін қайырымды істерді жүзеге асыруға атсалысайық, - деді қаланың бас имамы.

Құрбан айт намазынан кейін мешіт жамағаты үшін қой көтеру, кір тасын көтеру, арқан тартудан жарыс ұйымдастырылды.

Шаһарда биылғы мерекені ерекше өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, бүгін қала тұрғындары мен қонақтарға арналған «Балаларға базарлық», QURBAN AIT FEST атты мерекелік, рухани іс-шаралар өтеді. Онда дәстүрлі әндеріміз насихатталып, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылады.

Қалада құрбандық шалуға арнайы 3 орын белгіленіп отыр.

Құрбан айтқан орай Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков  тұрғындарға арнаған арнай құттықтауын жария етті.

--Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – барша мұсылман қауым үшін мейірімділік пен ізгіліктің мерекесі. Бейбітшілік пен келісім сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды сақтауға ықпалы зор.  Құрбан айт жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттыратын, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері мұсылмандар бір-біріне қамқорлық көрсетіп, игі іс жасайды және жылы лебіздерін білдіреді. Құрбандық шалып, сол құрбан етінің бір бөлігін отбасына, екінші бөлігін туған-туыстарына, жолдастарына және мұқтаж жандарға таратып береді. Мейрам әр шаңыраққа қуаныш, ынтымақ, тыныштық пен бақ-береке алып келсін. Берекелі күндері шалған құрбандықтарыңыз бен тілеген дұғаларыңыз қабыл болсын. Баршаңызға зор денсаулық пен береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!—делінген шаһар басшысының құттықтауында.

 


Күн тәртібінде—тұрғындардың қауіпсіздігі
Шымкент: 214 тұрғын грант иегері атанды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу