Шымкенттің әкімі танымал режиссермен кездесті
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков белгілі қазақстандық-ресейлік кинорежиссер, Шымкент қаласының тумасы Сергей Дворцевоймен кездесті. Сергей Дворцевой “Ника” сыйлығының және Канн кинофестивалінің лауреаты.
2008 жылы белгілі режиссердің қазақ даласындағы шопандардың өмірі туралы түсірген “Тюльпан” фильмі Канн кинофестивалінің “Ерекше көзқарас” конкурстық бағдарламасында бас жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар, 2018 жылы оның “Айка” фильмі Канн кинофестивалінің “Алтын пальма бұтағы” номинациясына ұсынылды, “Шет тіліндегі үздік фильм” номинациясы бойынша “Оскар”сыйлығына үміткерлердің тізіміне енді. Фильмнің басты кейіпкері Айканың рөлін сомдаған актирса Самал Еслямова Канн кинофестивалінің «үздік әйел рөлі» номинациясын иеленді. Фильм бұдан басқа да көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. «Айка» фильмі Ресейде жұмыс істеп жүрген мигрант қыздың тағдырынан сыр шертеді.
Кездесу барысында қала әкімі мен белгілі режиссер мәдениетті дамытудың тетіктерін талқылап, отандық киноны дамыту мәселелерін әңгімелесті.
Жылы кездесуден кейін қала басшысы кинорежиссерге кинематография саласының қалыптасуына қосқан үлесі, оны әлемдік деңгейде танымал еткені үшін алғысын білдіріп, шығармашылық жоспарларды жүзеге асыруда табыс тіледі.
Айта кетері, Сергей Дворцевой 1962 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Мегаполистегі №29 мектептің түлегі. Ол 2019 жылдан бастап Америка киноакадемиясы жюрий алқасының мүшесі. Оның туындылары көптеген халықаралық конкурстардың бас жүлделерін иеленген. Былтыр ол Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсірмек жоспарының барын айтқан болатын.
-- Әлемнің бірнеше елінің өкілдері бас қосқан мега жобаға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кино жұлдыздары түседі. Кастинг Қазақстанда да өтеді. Өзім осы оңтүстікте туып өскен соң бұл тақырып мен үшін аса маңызды, жаныма жақын. Соңғы сегіз айдан бері тарихи фактілерді ақтарып, иран, қытай тілдерінде жазылған дүниелермен танысып жүрмін,--деген болатын режиссер.