Ғабит Сыздықбеков: Біз үшін әрбір инвестор маңызды
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай және Өзбекстан инвесторларымен кездесті. «Қытайдың 22-ші металлургиялық корпорациясы» АҚБ өкілдері қаламызға инвестиция салып, бірқатар әлеуметтік және спорттық нысандар салуға ниет білдірді. Сонымен қатар, «B.A.Holding» басшылығымен металлургиялық зауыт салу мүмкіндігін талқыланды.
Қала әкімінің инвесторлармен кездесу барысында Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті, мемлекеттік қолдау шаралары, инвесторларға берілетін жеңілдіктер, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қатысушыларына қарастырылған жеңілдіктер туралы айтты.
Кездесу соңында қала әкімі біз үшін әрбір инвестор маңызды екенін айта отырып, шетелдік компания өкілдеріне қаламызға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз, деп сөзін қорытындылады.
Айта кетейік, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауарайналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынуда. «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.
Жуырда Ғ.Сыздықбеков “Jiangsu Coastal Steel Group Co Ltd” ірі корпорациясының құрамына кіретін қытайлық компаниялардың басшыларымен кездескен боатын. Бұл компаниялардың болат өндіруде және халықаралық саудада тәжірибесі мол.
Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде компания елімізге жалпы сомасы 1,75 миллиард АҚШ долларын инвестициялауға дайын. Ал Шымкентте бес жыл ішінде үш кезеңде болат өндіретін металлургиялық зауыт салу жоспарлануда.
Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланады. Жылдық өндірістік қуаты 5 миллион тоннаны құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында 1000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.