Шымкент: Қант диабетіне шалдыққандарға тіліксіз ота жасалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында:
-Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын.
Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді,--деген болатын.
Бүгінде мемлекеттің осы бағытта жасап жатқан шараларының арқасында күрделі ем-домдар мен оталар өңірлерде де жасалуда. Соның ішінде үшінші мегаполис Шымкент қаласының медициналық мекемелері де медицинаның жоғары жетістіктерін қолдануда. Айталық, қалада қант диабеті асқынған науқастарға шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін қалалық №2 аурухана базасында диабеттік табан бөлімшесі ашылған.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аурухана дәрігерлері диабеттік табан синдромымен келген пациенттің аяқ ампутациясын алдын алу мақсатында эндоваскулалы баллонды ангиопластика, яғни стенттеу отасын жасайды. Тіліксіз ота арқылы науқастың аяғын аман алып қалуға болады.
Операция кезінде хирургтар катетерді артерияға енгізу арқылы тамыр қабырғаларын баллонмен кеңейтіп, стент орнатып береді.
Мұндай әдіс қан ағымын жақсартып, жараның жазылуына жақсы ықпал етеді. Сәйкесінше қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сапасын жақсартады.