Жәрмеңкеде мыңнан астам жұмыс орны ұсынылды
Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар мен шаралар тұрақты жүргізілуде. Солардың бірі жуырда Шымкент қаласында өтті.
Шымкент қаласында пробация қызметі есебінде тұрған, мемлекетке берешегі бар және бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялыр қызметі хабарлады.
Іс-шараны Шымкент қаласының Еңбек мобильдігі орталығы мен қалалық Прокуратура бірлесе ұйымдастырып отыр. Жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, қызмет көрсету және коммуналды шаруашылық салалары бойынша 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңкеге қатысушыларды ең алдымен Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков қабылдап, жұмысқа орналасуға қатысты мәселелерін тыңдады.
Келушілердің көбі жоғары айлық жалақысы бар жұмысқа орналасуға ниетті екенін, сонда ғана мемлекетте қарыз берешігін төлей алатынын айтты. М.Жолдасбеков халықты жұмыспен қамту бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатқанын, жұмыс істеуге ынталы азаматтарға мемлекет әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бүгінгі жәрмеңкеде Б. есімді азамат «Альянс Траст» ЖШС-іне қарапайым жұмысшы ретінде жолдама алды. Оның айтуынша, жұмысшы болуына қарамай ай сайынғы төленетін жоғары айлық жалақы көңіліне қонғанын айтады.
–Бұған дейін түрлі құрылыс компанияларында жұмысшы болып істеп келдім. Бүгінгі жәрмеңке арқылы айлық еңбекақысы жоғары болған жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Ең бастысы отбасымды асырауға және мемлекетке төлейтін қарызды өтеуге жетеді екен,-дейді ол.
Айта кетсек, жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған жұмыс орындарының айлық жалақысы 95-300 мың теңге аралығында болды.