Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
ЕТІСТІКТІҢ РАЙЛАРЫ
Іс-әрекет орындаушымен, уақытпен байланысты болып, жаққа, шаққа түрленуі етістіктің райы деп аталады. Етістіктің рай категориясының төрт түрі бар: 1) ашық рай, 2) қалау рай, 3) бұйрық рай, 3) шартты рай.
Ашық рай іс-қимылдың үш шақтың бірінде орындалуын көрсетеді. Мысалы, Қар жауып тұр (Осы шақ), Ертең хабарласарсың (Келер шақ), Қырғыз елінде болғанмын (Өткен шақ).
Қалау рай істі орындаушы адамның тілегін, ынтасын білдіреді. Қалау райдың жасалу жолдары:
1) -қы, -кі, -ғы, -гі жұрнақтарына кел көмекші етістігі тіркесу арқылы: сұра-ғы-сы келді, айт-қы-сы келмеді, демал-ғы-м келді, жүр-гі-м келмейді;
2) етістіктің түбіріне -ғай, -гей, -қай, -кей жұрнақтары жалғану арқылы: байқа-ғай-сың, жеткіз-гей-сің, тапсырт-қай-сың, т.б.
3) -са, -се тұлғалы шартты райға игі еді, ғой сөздерінің тіркесуі арқылы: тезірек келсе ғой, аман-есен жетсе игі еді.
Бұйрық рай іс-қимылдың орындалуын талап ету мағынасында айтылады. Бұйрық рай жақпен байланысты айтылады. Мысалы, тыңда, орында, хабарлассын, т.б. ІІІ жақтағы бұйрық райға -сын, -сін жұрнақтары жалғанады: хабарлас-сын, жеткіз-сін, көрсетпе-сін, тоқтатпа-сын, т.б. (ол, олар – ІІІ жақ).
І жақтағы бұйрық райға көсемшенің -а, -е, -й жұрнақтары жалғанады: жең- е-лік, орында-й-ын,тапсыр-а-лық, т.б. (мен, біз- І жақ).
Бұйрық райдан кейін -шы, ші жұрнағы жалғанып та айтылады: орындайық-шы, келіңдер-ші, айтпаңдар-шы, отыр-шы, т.б.
Шартты рай іс-әрекеттің орындалу не орындалмау шартын білдіреді. Шартты рай етістіктің түбіріне -са, -се жұрнақтары жалғану арқылы жасалады: Көп оқысаң, көп білесің. Кешікпей келсең, көрер едің.
ЕТІСТІКТІҢ СӨЙЛЕМДЕГІ ҚЫЗМЕТІ
1. Етістіктің шақ, рай тұлғалары жіктеліп келгенде, тұйық етістік жатыс септігі тұлғасында тұрып немесе тұлғаланбай-ақ сөйлемнің баяндауышы болады. Мысалы, Біз Алатау бөктеріне саяхатқа шықтық. Олардың мақсаты – алған тапсырманы дер кезінде орындау.
2. Көсемше тұлғасында тұрған етістік қимылдың әртүрлі қасиетін білдіріп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады. Алтын таң рауандап (қалай?) атып келеді. Тұйық етістік көмектес септігінің жалғауын меңгеріп, кейбір шылаулармен тіркесіп келіп, сөйлемде пысықтауыш болады. Адам еңбектенумен (қалай?) мақсатына жете алады. Көп жаттығу арқылы (қалай?) жетістікке жетті.
3. Есімше және тұйық етістік тұлғасындағы етістік атау септікте заттанып келіп, сөйлемде бастауыш қызметін атқарады. Оқу (не?) адамды мұратқа жеткізеді. Оқыған (кім?) – озар, оқымаған (кім?) – тозар. Әдепті болу (не?) – адамилық қасиет.
4. Есімше тұлғасындағы етістік және ілік септігіндегі тұйық етістік зат есіммен тіркесіп, анықтауыш қызметінде жұмсалады. Айтар (қандай?) сөзіңді ойланып ал. Көңіл - жеткізбейтін (қандай?) көк дөнен. Ойлаудың (ненің?) шегі жоқ.
5. Тұйық етістік не есімше тұлғасындағы етістік атау мен іліктен басқа септікте тұрып, толықтауыш қызметін атқарады. Оқудан (неден?) жалықпа. Білуге (неге?) талпынған – жақсы қасиет. Бақылауды (нені?) күшейткен дұрыс. Білгенге (кімге?) маржан, білмеске (кімге?) арзан.