Қазақ тілі. Дауыссыз дыбыстар
Өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырауы арқылы жасалған дыбыстар дауыссыз дыбыстар деп аталады. Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай үшке бөлінеді: Олар: 1) қатаң дауыссыздар; 2) ұяң дауыссыздар; 3) үнді дауыссыдар.
1. Қатаң дауыссыз дыбыстар салдырдан жасалады. Қатаң дауыссыз дыбыстар: п, ф, к, қ, т, с, ш, щ, х, ц, ч, һ.
2. Ұяң дауыссыз дыбыстар: б, в, г, ғ, д, ж, з – салдыр мен үннің қатысы арқылы жасалады. Ұяң дауыссыз дыбыстарда үннен салдыр басымырақ болады.
3. Үн мен салдырдың қатысынан жасалып, салдырдан үн басым болатын дауыссыз дыбыстар үнді дауыссыз дыбыстар деп аталады. Олар: р, л, й, у, м, н, ң.
Қатаң дауыссыз дыбыстар мен ұяң дауыссыз дыбыстар жұп құрайды. Олар: п-б, ф-в, к-г, қ-ғ, т-д, с-з, ш-ж. Бұл дыбыстар жұп құрауға қабілетті дауыссыз дыбыстар деп аталады.
Х, ц, щ, ч, һ дауыссыз дыбыстары жұп құрауға қабілетсіз дауыссыз дыбыстар болып саналады.
Ң әрпі ешқашан сөздің басында жазылмайды. Б, г, д әріптері қазақтың төл сөздерінің соңында жазылмайды. В, ц, ч дыбыстары орыс тілі арқылы енген сөздерде жазылады. Мысалы, вагон, циркуль, Чапаев, т.б.
Қазақтың төл сөздерінде л, р дыбыстарының алдынан ы, і дыбыстары айтылады, бірақ жазылмайды.
АЙТЫЛУЫ | ЖАЗЫЛУЫ |
Ыриза Ырақат Ырас Ірең Ірет Іреніш Ылайық Ылақ Ылажсыз Ылаңкес Ілебіз Ілезде | Риза Рақат Рас Рең Рет Реніш Лайық Лақ Лажсыз Лаңкес Лебіз Лезде |
Б, в, г, д ұяң дауыссыз дыбыстарына біткен басқа тілден енген сөздерге қосымша қатаң дауыссыздан басталып жалғанады. Мысалы, арабтар, архивтен, педагогпен, Ленинградтық, т.б.;
кт, мб, нг, ск, мп дауыссыздарына біткен басқа тілден енген сөздерге қосымша ы, і дәнекер дыбыстары арқылы жалғанады. Мысалы, фактімен, ромбының, митингіге, киоскіден, штампылау, т.б.;
лл, мм, сс, тт, зд, ст, дауыссыз дыбыстар тізбегіне біткен басқа тілден енген сөздерге қосымша жалғанғанда соңғы қосымша түсіп қалады. Мысалы, металл – металды, грамм – грамдап, класс – класы, киловатт – киловатпен, подъезд – подъезде, машинист – машиниске, тракторист – тракториске, т.б.;
щ әрпі қазақтың байырғы санаулы сөздерінде ғана жазылады. Мысалы, ащы, тұщы, кеще;
х дыбысына біткен басқа тілден енген сөздерге қосымша жуан түрде жалғанады. Мысалы, тарихты, цехта, т.б.
У дыбысы дауыссыз болады:
1) сөз соңында дауысты дыбыстан кейін келсе, тау, дау, бау, ақтау, қолдау, дайындау, тербеу, т.б.
2) сөз басында дауысты дыбыстың алдында келсе, уақыт, уәде, уағыз, уық, уәж, уәкіл, т.б.
3) екі дауысты дыбыстың ортасында келсе, дәуір, жауын, сәуір, бауыр, тауық, тәуір, т.б.
Ь біткен сөздерге қосымша дауыссыз дыбыстан басталып жалғанса, түбірдегі ь сақталады. Мысалы, табельге, рояльмен, ал дауысты дыбыстан басталған қосымша жалғанса, ь сақталмайды. Мысалы, табелі, роялім, т.б.