Ғылыми жұмыс. «Өсімдік - өмір нәрі, өмір сәні» туған өлке өсімдіктерін зерттеу

Oinet.kz 14-02-2020 1158

Қызылорда облысы, Арал ауданы, №77 орта мектептің
7 - сынып оқушысы Лаппаева Әйгерім
Жетекшісі: С. Тлеумбетова

«Өсімдік - өмір нәрі, өмір сәні» туған өлке өсімдіктерін зерттеу тақырыбындағы ғылыми жұмысы

Өсімдік - өмір нәрі, өмір сәні.
Өсімдіктер әлемі – тірі табиғаттың бір бөлігі. Өсімдіктер адам өмірімен және жануарлар әлемімен де тығыз байланысты. Табиғатта өсетін өсімдіктердің адамзатқа тигізетін пайдасы зор. Олардың кейбіреуін тамаққа пайдаланса, енді бір тобын әртүрлі шаруашылықта пайдаланады. Өсімдіктер адам өміріне қажетті ауаны оттегімен байытады. Өсімдіктер қалалар мен ауылдарды шаң - тозаңнан қорғайды. Яғни, өсімдіктер адам көңіл - күйіне ерекше әсер етеді. Бөлмеге жасыл өсімдік өсірсеңіз, өзіңізді бөлмеде емес, ерекше бір орында отырған сияқты сезінесіз. Өсімдік адамның денсаулығын нығайтып, бойына күш береді. Қоғамдық орындарда, бөлмелерде өсімдік өсірілсе, олардың хош иісі мен сәнді реңі адамның жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, көңіл - күйін шаттандырады. Адам өсімдіктерді сәндік үшінде өсіріп эстетикалық ләззат алады. Өсімдіктер айналадағы шуды да бәсеңдетеді. Ал шудың адамның жүйке жүйесіне жағымсыз әсер етіп, қан қысымын көтеретіні белгілі. Ағаштар жол жиегіне неғұрлым жиірек орналасса, соғұрлым дыбысты жақсы басады.

Халқымыз өсімдіктердің пайдасын, қадір - қасиетін жоғары бағалаған, мысалы «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Ер - елдің көркі, орман - тоғай жердің көркі», «Дәрі - шөптен шығады, дана - көптен шығады», « Қораңда малың болсын, көшеңде талың болсын», деген мақалдар өсімдік атаулының ерекше қасиетті екенін дәлелдейді. Осындай даналық сөздерден табиғаттың көркі, сымбаты мен сұлулығы - өсімдіктер
әлемін қорғау керек екенін ұғуға болады. Өсімдіктер сарқылмайтын қазына емес. Сондықтан оларды орынды пайдаланып, қорғай білудің пайдасы зор.

Өсімдік киесі - адыраспан.

Адыраспан - халық медицинасында қолданылып жүрген шипалы өсімдік, әрі киелі өсімдіктердің бірі. Адыраспанның кездесетін орны - сортаң топырақты шөлейтті жерлер. Адыраспан менің туған жерімнің барлық барлық жерінде кездеседі. Мысалы: аулада, ауыл ішінде, ауыл сыртында, үй айналасында кездеседі. Адыраспан – түйетабандар тұқымдасынан тарамдалған бұтағы мол, көпжылдық өсімдік. Бозғылт сары түсті, гүлдері жеке - жеке өседі, жемісі қоңыр түсті. Биіктігі 30 - 60см шамасында, иісі өте жағымсыз.
Адыраспанның жерге төселе жататын сабағының бір шетінен бір шетіне тілімденген жапырақ шоқтала кезектесіп орналасқан. Ақын С. Кеттебайұлының «Дала дәріханасы»деген өлеңінде дәрілік өсімдік адыраспанның биологиялық ерекшелігі, морфологиялық құрылысы өте жақсы сипатталған:
«Тақырға өсер тарбиып,
Тұрар түрі арбыйып.
Салалы әр бұтағы,
Бойына ащы нәр жиып.
Біле білсең тұрағы,
Көшкен жұртқа шығады.
Жаз бойы өңін өзгертпей,
Сарғайып қана тұрады.
Қандай ауру болса да,
Жұғымы оның соншама.
Күз келіп ол піскенде
Алуды жинап жөн сана».
Адыраспанның гүлдеу мерзімі маусым, шілде айлары, ал жинау мерзімі тамыз, қыркүйек айлары.
Гүлінің 5 тостағаншасы, 5 күлте жапырақшасы, 15 - 16
аталығы, 1 аналығы бар. Жемісі қоңыр түсті. Ірі ұрығы бар. Диаметрі 1см - дей шар тәрізді қауашақ. Мамыр - маусым айында гүлдейді. Шілде - тамыз айында жеміс береді.
Емдік мақсатқа адыраспанның шөбін, яғни бұтақтарын, жапырақтарын пайдаланады. Кезінде Әбу - Әли Ибн - Сина оны сегізкөз жүйкесінің қабынуы кезінде болатын шаншуларды басатын дәрі ретінде қолданған. Халық медицинасында адыраспан шөбін ревматизм, қышыма, безгек, қотыр және бел ауруы, бас ауруы, асқазан ауруларын емдеуге пайдаланған.
Адыраспан өсімдігін 1928 жылдан бері пайдаланып келеміз. Қазақ халқы бұл шөптің қайнатпасымен тері ауруларын да емдеген. Адыраспан - киелі өсімдік, сондықтан қазақ халқы онымен бәле - жаладан сақтайды деп үй ішін аластаған. Тіл - көз өтуіне қарсы ошақ басын түтінімен айналдыра аластап, үй ішіне іліп қоятын болған. Бұл дәстүр осы уақытта да сақталған.
Қазақ халқы ертеде адыраспанды жинар алдында иіліп сәлем етіп барып терген. Адыраспаннан аттауға, үстінен басуға болмайды. Орта Азияда адыраспан ертеден - ақ белгілі болған. Адыраспанды Ирак халқы «уарау аспанд» деп атайды, бұл «барлық ауруға ем» деген сөз. Адыраспанның тұқымынан қызыл түске бояйтын, әсіресе жүннен тоқылған бұйымдарды бояйтын бояу алынады. Түркияда ертеде адыраспаннан әдемі қызыл бояу алып, сонымен ұлт киімі - фесканы бояп келген. Қазақ халқы адыраспанның тұқымымен қойдың, түйенің жүнін бояған. Сонымен, өсімдікте медициналық препараттардың сарқылмас көзі.

Жараға шипа болар - итсигек.

Біздің өлкемізде өсетін дәрілік өсімдіктердің бірі - итсигек. Итсигек - алабота тұқымдасына жататын көпжылдық бұта. Итсигек түбінен бұтақтана өседі, биіктігі 75см, тамырының ұзындығы 6м. Құрғақшылыққа төзімді болғандықтан шөл, шөлейт, тақыр жерлерде өседі. Итсигектің жапырағы өте ұсақ, үшбұрышты, қарама - қарсы орналасады, ұзындығы 2 - 3 мм. Оның гүлдері қосжынысты, өте ұсақ, сарғыш немесе қызғылт, гүлшоғыры бұтағының ұшында масақ тәрізді орналасады. Аналығы - 1. Аталықтары - 5. Жемісі - қауашақ, ішінде пішіні қошқармүіз тәрізді тұқымы болады. Итсигектің бұтақтары жапырақсыз, бунақталған жұмыр шырынды болып келеді. Иран, Түркия, Сирия, Монғолияда, ал бізде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Талдықорған, Алматы облыстарында кең таралған.
Итсигек - улы өсімдік, сондықтан емдік қасиеті мол. Оның тұнбасын денедегі қышыма қотырды, малдың тері ауруларын емдеу үшін қолданады. Ертеде бабаларымыз итсигекті қайнатып ішкен және шұбатқа қосып ішкен. Итсигекте алкалоидпен қатар көптеген қымыздық қышқылы, ақуыз және крахмал болады.
Қазақстанда итсигектің жасыл сабағынан анабазин өндіріледі. Итсигек улы болғандықтан, оны жинағанда бастырғанда да қатты сақтанып, ауыз - мұрынды орамалмен жауып, қолғап кию керек, қолды жиі жуу керек. Итсигекке жасалған химиялық тексеру оның қоректік құндылығы жоғары екенін көрсетті. Ертеде адамдар итсигектің түбіндегі тамырын қайнатып ішіп, денедегі жараларды емдеу үшін итсигек қайнатылған сумен шомылған. Итсигек жаз айында және күз айында гүлдейді. Сонымен қатар туған өлкеміз Құландының барлық жерінде өседі: үй маңында көшеде, шалғындарда, жайылымдарда.

Меңдуана - ішек құрылысы шипасы.

Меңдуана - алқа тұқымдастарға жататын, аса көп таралған, екі жылдық шөптесін өсімдік. Қара меңдуананың бір түбінің өзі орта есеппен алғанда
10 мыңдай тұқым береді. Осыншама көп тұқым күй таңдамай гүлдейді. Меңдуананың тұқымы өте улы. Оның жапырағын, тұқымын жеген мал мен құс уланып қалады. Дегенмен, оның иісі ұнамсыз, дәмі нашар болғандықтан мал оны жей бермейді. Қара меңдуананың тамырында, жапырағында 25 пайыз алкалойдтар болады. Медицина, мал дәрігерлік саласына меңдуанадан жасалған дәрілерді асқазан және ішек ауруларына, демікпеге қарсы қолданады.
«Меңдуана майын» сүйек сырқырауына, жүйке жүйесі ауруларына қарсы денеге жағады. Меңдуана тіс ауруына да ем болады. Тіс ауруын емдеу үшін ертеде әжелеріміз «тіс шақыратын» болған. Ағаш тостаған көздейге үш шырақ жағылған инелерді қадап, ешкі майын жағып, меңдуананың тұқымын шырақтардың басына сеуіп:

Буын, буын құрт,
Бәйтеректей түкті құрт.
Келмес дария кешкен құрт,
Домалан да түсе бер,
Домалан да көше бер,
Аблағазим сүпит шық.
Меңдуана еміңіз,
Ешкінің майы жеміңіз,
Құрт атасы - Қыл ауыз,
Арғымақтан біз келдік.
Домалан да түсе бер,
Домалан да көше бер,
Аблағазим сүпит шық, деп қайта - қайта айтады екен. Меңдуана - біздің туған өлкеміз Құландыда кездесетін улы, әрі дәрілік өсімдік. Меңдуана жазда гүлдейді. Күзде емдік ретінде теріп алуға болады. Меңдуанамен адамдар, әсіресе жас балалар тез уланады. Уланған кезде жүрек қатты соғып, ентігу пайда болады, іші ауырады, құсады, есінен танады.
Бұл өсімдіктен жасалған дәріні дәрігердің бақылауымен пайдаланған жөн. Өсімдіктің улы қасиеті ертедегі египеттіктер мен парсыларға және араптарға белгілі болған. Тәжіктің ұлы ғалымы, философ және дәрігер Ибн - Сина осыдан 1000 жыл бұрын «Меңдуана - у, есіртіп естен айырады, тұншықтырып, өлтіруге дейін барады» деп жазған.

Ғылыми жұмыс. Дыбыс.
Қазақ тілі. Буын түрлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу