Филология. Реферат. Қалижан Бекхожин шығармашылығы

Oinet.kz 12-09-2020 1140

Қазақстан Республикасының халық жазушысы, ақын Калижан Бекхожин– қазақ әдебиетінің дамып, өркендеуіне жарты ғасырдан астам уақыт бойы белсенді түрде атсалысқан көрнекті қаламгердің бірі. Оның өлең, поэмалары, әдеби сын, көсемсөздік еңбектері сан рет кітап болып басылып шықты [61.3].

Қ.Бекхожиннің «Мариям Жагор қызы» поэмасын оқырман қауым кезінде жоғары бағалап, әдебиетіміздің көрнекті табысы деп есептеді. Қазақ әдебиетіміздің көрнекті зерттеуші әдебиетші, сыншы, ғалымдар, жазушылар. М.Әуезов, С.Сейітов, М.Базарбаев, Қ.Нұрмаханов, М.С.Сильченко, Е.Любарева, т.б. бұл поэманы тарихи тақырыпқа жазылған еңбектердің маңдай алдыларының бірі деп таныды.

«Мариям Жагор қызы» поэмасы тарихта болған адамдар өмірінің негізінде жазылғаны белгілі. Революциядан бұрынғы мезгілде Мария Егоровна Реқина деген орыс қызының Дудар деген қазақ жігітіне ғашық болып, екеуінің бас бостандығына ұмтылғаны болған оқиға. Марияның Дударға арнап шығарған әні (сөзі де, әуені де өзінікі) ел арасына кең, тарап, халықтың ең сүйікті әніне айналған.

Мария кеңес тұсында да өмір сүріп 1950 жылы қайтыс болды. Революциядан бұрынғы және кейінгі композиторлық еңбегі үшін Кеңес үкіметі Мария Егоровна Рекинаға Қазақ ССР-на еңбегі сіңген өнер қайраткері деген құрметті атақ берген. Мария мен Дудардың сүйіспеншілігі тарихта болған қызықты оқиға. Бұл оқиғаға өнер қайраткері қызыға, құмарта қарап, қалам терледі. Ірі туындылар берді. Композитор Е. Брусиловский «Дударай» атты опера жазды.

Қ. Бекхожиннің бұл поэмасы 1950 жылы басылып шықты.

Поэманың алғашқы нұсқасының елеулі кемшіліктері болып, баспа бетінде орынды, қатты сынға алынды[66.3]. Ақын алғашқы нұсқада жастар махаббатын әлеуметтік ортадан сырт, оқшау жырлады. Дін жөнінде жаңсақ ұғымдар жіберіп алды. Міне, осындай әділ сындарды мұқият ескере отырып ақын поэманы өңдеп, қайтадан жазды. Сөйтіп, поэманың соңғы 2 варианты 1955 жылы баспадан шықты. Әдеби жұртшылықтан жоғары баға алған да шығрманың осы соңғы нұсқасы.

Қ. Бекхожин поэмасына болған оқиға мен адамдарды негіз етіп алғанмен, солардың ізімен кетіп тар шеңберде қалып қоймаған. Ақындық қиялға, творчестволық шарықтауға ерік берген. Поэма сюжетін кең планда алған. Сыншы, әдебиетшілердің дұрыс тұжырымдауындай, поэманың тақырыбы, бір сөзбен айтқанда, халықтар достығы. Әдебиетші, ғалым М.Қаратаев бұл жөнінде былай дейді: «Күшті, толық, салмақты өлеңдермен жазылған драмалық шиеленісі күшті, мейлінше лирикалық бұл поэма Қ. Бекхожиннің көрнекті табысы және қазақ поэзиясындағы елеулі құбылыс болып табылады, өйткені «Мариям Жагор қызында» социалистік реализм әдістерімен қазақ және орысхалықтарының арасындағы достықтың тууы және нығаюы жөніндегі үлкен проблема шешіледі»[36.390-397].

М. Қаратаев екінші бір еңбегінде бұл поэманы революцияға дейінгі қазақ халқы тұрмысын реалистік бояулармен суреттеген эпикалық шебер шығарма екенін ерекше атап көрсетті. Сыншы М. Қаратаевтың дұрыс пайымдауындай, поэманы сюжеттік арнасында эпикалық, драмалық, лирикалық сыр- сипаттардың мол екені рас.

Бұл поэманың сюжеттік желісі нағыз драмалық тартысқа құрылған. Негізгі сюжеттік желі Мария мен Дүйсеннің қарым-қатынасына негізделсе де, соларға жалғас поэмадағы басқа да кейіпкерлердің өзара қарым-қатынас, қақтығыстарынан тұтас әлеуметтік сурет көрініп отырады. Қазақ кедей Үкеннің ұлы Дүйсен, қазақ еліне көшіп келіген орыс шаруасы Егордың (Жагордың) қызы Мариямды ұнатады. Бірімен-бірі өмір-тағдырын қоспақ болады. Бұлардың достығы кездейсоқ емес. Қиын кезде әкелері табысып, біріне-бірі құшақ ашқан еді. Дүйсен мен Мариямның достығы поэмада сол әкелер достығының жалғасы іспетті нанымды жырланған Қанаушылар билеген, озбырлық жайлаған сұм заманда жастардың кіршіксіз адал махаббаты мұратқа жетуі мүмкін емес еді. Дүйсен мен Мариямның осы адал достығына, кіршіксіз таза махаббатына қанаушы таптардың өкілдері — зұлымдық дүниесі кесе көлденең тұрады. Дүйсен мен Мариям поэмада еңбекшіл адамдар болып көрінеді. Осы жерде бүл шығарманың революцияға дейін шыққан дастандардан басты айырмасы көзге түседі. Мұнда бас кейіпкер жалаң сезімнің ғана емес, сонымен қатар қарапайым еңбек адамы. Екінші айырма, бұл шығармадағыдай екі ұлт өкілінің бір-біріне құшақ ашып достасуын, махаббат туын көруін революцияға дейінгі дастандардан көре алмайтынбыз. Махаббат, еркіндік жолында күрескен Мариям мен Дүйсеннің сүйеніштері, достары, жақтастарыда еңбек адамдары — Базар, Өрік, Тимофей, Жагор, Алексей, Үкен т. б. жігіттер. Бұлардың мақсат-мүдделері бір. Шығармада Мариям, Дүйсен, Базар, Өріктің үстем тап өкілдеріне қарсы күресі 1916 жылғы халық көтерілісіне келіп ұштасады. Бұл поэмадағы оқиғаның коюлануына себеп болған.

Ал, 1916 жылғы қазақ еңбекшілерінің көтерілісіне озық ойлы орыстың революционер қауымы дем бергені тарихтан мәлім.

Поэмадағы Тимофей, Алексей іс-әрекеттері осы шындықтың көрінісі. Жеке адамдардың қажырлы күресін әлеуметтік топтардың біріккен, ұйымдасқан ашық майданына ұштастыру арқылы ақын оқиғаны қалыңдатып, ширықтыра түседі. Еңбекші қауымның 1916 жылғы қанаушыларға қарсы күресін ақын нанымды бейнелеген. Автор шындық шеңберінен шықпай, реалистік түйінді мықтап ұстайды. Поэмада бас геройдың жау қолынан қазаға ұшырауы - үлкен трагедия. Ақын осы трагедия түнегінің астында қалмай, поэманы үлкен оптимистік биікке көтерумен аяқтайды. Бас геройдың, қасдұшпандарын көтерісшілер құрбандыққа шалады. Халық бақыт үшін алға ұмтылады. Поэма соңы оқушы еңсесін түсірмей, серпілте, жігерлендіре түседі.

Поэмаға интернационализм идеясы негізгі арқау болған. Мұнда ұлы орыс халқының өкілдері мен қазақ еңбекшілерінің образдары қатар бейнеленген. Бұл социалистік реализм әдісін басшылыққа ұстанған кеңестік әдебиетте ғанаболуы мүмкін құбылыс. Сөйтіп, поэмада ұлттар достығының тарихи тамыры нанымды көрінген.

«Мариям Жагор қызы» - эпостық ауқымды жазылған поэма. Сюжеттік желідегі әр алуан оқиғаларды, эпизодтарды ақын эпикалық планда баяндаған.

Жекелеген ұнамды кейіпкерлермен қатар ақын поэмада халық өмірін де кең жырлауға ұмтылған тәрізді. Бұл, әсіресе, халық, көтерілісін суреттейтін тараудан анық байқалады. ІІоэманың бұл жерінде оқиға қоюланып, бас кейіпкер де, халық та, үлкен әрекет-қимыл үстінде көрінеді.

Ал сол кез нөсердей бір дүбірлетіп, Жасағы жігіттердің келді жетіп. Жарқылдап ат үстінде қылыш-найза, Дүбірі ақбоз үйді дірілдетіп. Жарқ етіп, түнді жарып оқтар зулап, Кеткендей көк шатырлап, бұлтты бұрқан, Жалаңдап ақ сойылдар, көк сүңгілер, Ақ үйді, алқа топты алды шырмап. У-шу боп осынау топ жамырасып, Жан-жаққа жан таласа жатыр қашып, Шатырлап шаңыраққа көк сойылдар, Қаһар мен қорқыныш үн жатты ұласып[62.87].

Бұл жерде қаһарға мінген халық ызасының кемерден асуы мен халықтың дауылды күшінің ақбоз үйдегі болыс, байларды үрейлендіре, зәресін ұшруы айқын бейнеленіп тұр. Поэманың сюжет желісінде бір оқиғаның екінші оқиғаға жалғаса динамикалық қозғалысқа түсуін, оқиғалардың күшейіп баяндалуын көрсететін мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Ендігі бір айта кететін нәрсе — ақын поэмасын сюжеттік желісінде пейзажға кең орын береді де, оны идеялық-көркемдік мақсатқа бағындыра пайдаланады. Яғни, поэмадағы пейзаж сюжеттік оқиғалардың бағытына қарай құбылып отырады. Оның кейіпкерлер қимыл-әрекетің, көңіл-күйін, кейде халық өмірінің суреттерін толықтыру міндетін атқарғанын көреміз. Бір-екі мысал келтірейік. «Жұт» деген тарауда ақын кедей бұқараның ауыр тұрмысын, жұтаң өмірін суреттейді. Сол тарауда суреттелген пейзаж — қатал қыс, қаһарлы боран— қарғыс атқан заманның қатыгездігі мен қаһарлығын көзге елестеткендей:

Қыс келді бұлың қырға басын сілкіп, Қыраулы қабағынан ашу бүркіп, Даланың келді ежелгі шапқыншысы, Ақ боран — апыр-топыр ақ шұбыртып, Бұл қырды қиырсыз бір ұлан-байтақ, Кеткендей анталаған боран тайпап. Қар ұйтқып шудасынан қалың бұлттың, Қаптаған буралардай басын шайқап. Бейбіт қыр белесіне түсті бүлік. Жалаңдап айдаһардай қыс құтырып. Сабалап обаларды, молаларды,

Далада тентек боран жүр ысқырып.

Жәндік те,

Жануар да, Жортқан аң да Жай тауып тұра алмаған бұл жапанда. Асыр сап алапат қар, долы құйын, Билеген жер төпелеп жоталарда!

Ақын табиғат жұтымен қатар қанаушылар билеген заманның жұтын, озбырлығын да суреттеп отыр.

Тұрмыс жүдеулігі титығына жеткен қалың бұқараға жәйсіз қатал қысты азулы аң шұбыртқан ашулы шапқыншы, жалаңдап құтырған айдаһар бейнесінде беру ақындық ізденудің сәтті жемістері.

1916 жылғы патшаның маусым жарлығымен байланысты еңбекшіл қауымның ауыр қайғыға тап болуын ақын табиғаттың мұңға батып түнеруімен ұштастыра бейнелеген:

Жағасын құйын басып Қорғалжынның, Құс сыңсып, аңдар ұлып болған ың-жың, Қозғалып қалың қамыс қобыз тартып. Көл бейне сабасындай толған мұңның. Қақталып қурайы да қалған қурап, Қопа боп жапырылған қамыс-құрақ. Көңілсіз көлдің басы қорқынышты, Бақырып түнде байғыз, бақа шулап.

Поэманың сюжеттік желісінде елеулі қызмет атқарып тұрған бұндай пейзаждық суреттер аз.

Ақын поэманың сюжеттік желісін өрбіткенде баяндау, суреттеу тәсілдерін алма-кезек пайдаланады. Сондай-ақ, лирикалық шалқу, толғаныс, тебіреністер де аз емес. Бұл айтылғандардың қай-қайсысында да ақынның шеберлігі білініп отырады. Бас кейіпкер Мариямға арнаған автордың лирикалық толғанысы әсем сазға, әдемі өрнекке, тәтті лебізге, ыстық сезімге толы:

Жұлдыздай жанып орыс аспанынан, Осы жыр жалындаған жас жаныңнан. Шек бар ма достықпенен махаббатқа, Кім соны іздеп жүрген дастанымнан? Үніңе түнді жарып бізге жеткен, Қосылдым сырыңды ұққан қыз-жігітпен. Мұң сазы жалындатқан жас қазақты, Кем бе екен Марияшым Қыз-Жібектен?

Бұл жүректен жарып шыққан әсем саз ақынның ғана емес, күллі қауымның тілек сыры. Жүрегі жүрегіне жалғасқан екі бауырлас халықтың қосыла айтқан әсем жыры тәрізді.

Қ. Бекхожин әрі эпик, әрі нәзік лирик ақын екенін де поэмада танытып отырады. Ақынның жаны елжірей, көңлі балқи отыра жырлап берген. Мариямның әні поэмадағы тамаша суреттердің бірі:

Кенеттен естіп әнді тұрып қалды, Неткен ән қанат қаққан жарып таңды? Киіктен құйқылжыған озып бұл үн, Аралап жөнелгендей жазықтарды. Сол бір ән аңқып желдей таңертеңгі, Қозғалып ұйқысынан тал тербелді. Шымырлап шусыз аққан өзен беті, Толқыннан туған ән бұл, терең шерлі. Күн емес, осы дауыс жерді оятқан, Керілді таңғы дала ойға батқан. Жабырқап тұрған жаға жаңғырығып, Бұл әнді естілмеген қалай тапқан?

Әрі суреткер, әрі эпик, әрі лирик ақын ән суретін беру арқылы оқушы сезімінің нәзік пернесін баса берген. Бас кейіпкердің сыр-сипатын ән арқылы айтып, оған деген оқушының жылы сезімін күймете түскен. Тіл өнерінің құдіретімен ақын оқушының эстетикалық талғамын ұштап, оның рухани дүниесін сәулелендіріп отырады.

Жалпы, бұл — көп оқиғалы поэма. Сол көп оқиғалардың кейбірі толық өрістемей, образдың жасалуына кедергі болған. Мәселен, Базар, Өрік, Ыдырыс араларындағы қарым-қатынас жетер жеріне жете алмаған. Ыдырыс тоқалдыққа Өрікті алмақ болады. Өрікті Базар сүйеді. Базар Өрікті құтқарып алып, орыс шалы Тимофейге барып паналайды. Осының өзі драмалық бір ситуация. Негізгі оқиғалардан таралған үлкен бір сала. Бірақ ақын осыған толық назар аудармаған. Біріншіден, аяқталмаған, екіншіден, ақынның шешімі — Базар мен Өріктің мақсаттарына жетуі — нанымсыз. Үшіншіден, Өрік, Базар образдары солай шыққан. Олардың өзіндік даралығы көрінбеді. Тек Дүйсен мен Мариям іс-әрекеттерін қайталап солардың көлеңкесі тәрізді. Бұл — поэма копозициясын шұбалаңқылыққа ұрындырған.

Дегенмен, «Мариям Жагор қызымен» поэмасы, осындай мін-мүлтіктеріне қарамастан, құнды шығарма. Ұлы орыс халқымен қазақ еңбекшілерінің Ұлы Қазанге дейінгі еңбекте, күресте шыңдалған ежелгі берік достығын ақынның үлкен эпостық жанрды ақын жырлап беруі — біздің ұлттық әдебиетіміздің тарихы мен бүгінгісі және келешегі үшін аса бағалы.

Қ.Бекхожиннің келесі тарихи поэмасы - «Әппақ-намә» (1974). Бұл шығарма Низами Гәнжауи - әзірбайжан халқының классик ақыны туралы. Низами 1173 жылы 32 жасында Әппақ атты қыпшақ қызына үйленген деген тарихи дерек бар[61.100]. Ақын поэманың сюжетіне сол тарихи деректі негіз етіп ұстаған. Автор Низамидің Әппақ атты қыпшақ қызына деген махаббатын суреттеумен қатар, оның әлеуметтік, шығармашылық келбетін беруді де нысана тұтқан.

Сюжетті поэманың басталуы патша қызды қолуына түсіргенімен көндіктіре алмауынан басталады.

Сайфтың ордасы да қазыналы, Олжа алтын айдап алған аз ба малы? Осынау әміршінің аздан бері,

Қабағы әлденеге жазылмады.

Әлгі бір тұтқын қыздан болды мезі, Баланың тағысы ғой тік мінезді. Қасына жақындаса тісін қайрап, Ұшқындап зәр шашады отты көзі[65.190].

Осылай басталған поэманың байланысы - қыз бен жігіттің бірін-бірі ұнатуы. Осы жерден барып сюжеттілік даму өрісін кеңге жаяды. Яғни, олар өзара бас қосып, араларында Мұқаш атты ұл болады. Ал, шарықтау шегі - Әппақтың түс көруі, Низамиге айтқан назы болатын. Шарықтау шегінде Низамидің «Шырын» дастанының жазылуы мен шабармандардың соңынан оның кетуі бейнеленсе, шешім - Қаф тауының қаһарынан қанатынан қайырылғаны туралы баян етіледі.

Қ.Бекхожин поэмасында Низами өз заманының озық ойлы, өр тұлғалы, абзал азаматы ретінде берілген. Ақын Низамидің жан дүниесінің ішкі көрінісін де автордың шеберлікпен бейнелеп бергенін көреміз. Бұған қыпшақ сұлуы Әппаққа деген Низамидің сезім күйлерін, ынтықтығын-ынтызарлығын тебірене толғаған поэмада жазылған жолдарынан көреміз. Әппақ жанын түсіне білген. Елін, жерін, әкесін сағынған қыз назына жауабы мынандай болған:

«Перизатым түсіндім мен назыңды, Қыр қызысың аққу түсті, қаз үнді. Жаббар жазса көрсетемін далаңды, Саяхатпен өткіземін жазыңды.

Ақша тотым ұқтым назды сырыңды, Мұңың қан боп тамырыма жүгірді. Қызыл шаһқа ерегісіп ем, Бастайыншы арнап саған «ІІІырынды» [65.220-221].

Әппақ қазасына низамидің құлай қайғырып, аза жырын толғайтын тұстары оқырманға қатты әсер етеді.

Әппағымдай ару, абзал, Ардақтаймын Шырын қызды.

Ғашықтарға жалындап жыр, Қалсын мәңгі жырым ізгі.

Жүрегі тас патшалар да, Сұлуларға басын исін. Әппағымдай асыл жарға, Хұсырау да жанып күйсін.

Күңірентемін Мәжнүнді, Махаббатың дұғасымен, Жаттап менің наз үнімді, Қыз сырласар мұңдасымен.

Зарын айтып бейбақтардың,

Бұл фәниде қалсын Ләйлім.

Жүрегімді мен ақтардым, Тарасын деп ғашық қайғым.

Уа, Әппағым сиынамын,

Аш түнерген аспанымды.

Ағытайын сыр бұлағын,

Арнап саған дастанымды[65.238-239б].

деп зар-мұңын шерткен Низами «Хұсрау-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарын Әппаққа арнап жазған.

«Әппақ намә» поэмасы - шығармашылықпен айналысатын адамның бейнесін кемеліне келтіре суреттеген поэмалардың қатарына жата отырып, татымды туындыға айналған.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Бекхожин Қ. «Дала комиссары» Алматы «Мектеп» 1989-128 б.

  2. Нарымбетов Ә. Терең мазмұн, тартымды сюжет керек // Қазақ әдебиеті.- 1962.-7қыркүйек.

  3. Бекхожин Қ. «Батыр Науан» Астана: «Елорда», 2003-272 б.

Социология. Реферат. Білім берудің антропологиялық аспектісі
Филология. Реферат. Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдік ерекшеліктері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу