Филология. Реферат. Сөз тіркесі жүйесінің қалыптасуы және оның нормалық сипаты

Oinet.kz 09-09-2020 1683

Синтаксистің негізгі салаларының бірі сөз тіркесі тіл жүйесінде ерекше орын алады. Сөздердің бір-бірімен тіркесу заңдылықтарын, оның құрылымдық және мағыналық ерекшеліктерін ажыратып алмай, әрі сөз тіркестерін құраушы бөлшектердің тіркесу қабілеттілігі мен оларды байланыстыратын амал – тәсілдерді айқындап алмай, сөз тіркесі мен сөйлемдер синтаксисі жөніндегі мәселелерге тоқталу мүмкін емес. Сонымен қатар сөз тіркесі мен сөйлемдердің жұмсалу қалпы да айрықша сөз етуді қажет етеді.

Сөз тіркесі – мағыналық жақтан да, грамматикалық жақтан да өз ара байланысты, бірлікте болатын, толық мағыналы кемінде екі сөздің тіркесі [1, 383].

Сөз тіркесі ұлт тілінің лексика-грамматикалық заңдылықтарына лайық жасалады. В.В. Виноградов сөз тіркестері ұлт тілінің ерекшеліктерін айқын көрсететін категория деп жазады [2, 11].

Қазақ тіл білімінде сөз тіркесін басыңқы сыңардың мағыналық қасиеттеріне қарай топтастыруда кейбір ерекшеліктердің байқалатыны анық. Мәселен, ғалым К. Аханов пен профессор М. Серғалиев есімді, етістікті сөз тіркестеріне «үстеулі сөз тіркестерін» қосқанды жөн санаса, ал профессор Т. Сайрамбаев ғалым М. Балақаевтың «Ортақ меңгеру» деген пікірін негізге алып, есімді, етістікті сөз тіркестерінің қатарына «Ортақ басыңқы сөз тіркестерін» қосқанды құптайды.

Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде жасалып, коммуникативтік қызмет атқарады. Еркін сөз тіркестерінің сөйлеу кезінде жасалатыны жөнінде ғылымда айтылған тұжырымдар өте көп. Соның негізгі түйіндісі профессор Р.С. Әмірдің «Жай сөйлем синтаксисі» атты оқулығында қарастырылған деп есептейміз. Автор былай деп жазады: «Сөздер сөйлем құрау үстінде өзара түрлі функциялық қатынасқа түседі, ол функциялық қатынас сөздердің грамматикалық байланысы арқылы көрінеді» [3, 10]. Демек, сөздердің грамматикалық байланысы арқылы көрінісі еркін сөз тіркестері десек, олардың сөйлеуде пайда болатыны, сөйтіп негізінен коммуникативтік қызметте жұмсалатыны түсінікті болады. «Синтаксистік қатынасты білдіру үшін толық мағыналы екі (немесе одан да көп) сөздің сабақтаса, салаласа байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз», – деп жазады Р. Әмір аталған зерттеуінде.

Сөз тіркесі синтаксисінде сөздердің сөйлемдегі тіркесе алу қабілеттігі, олардың байланысу тәсілдері мен тұлғалары, сөз тіркесінің құрамы мен мағынасы, сөз тіркесінің типтері қарастырылады. Осылардың әрқайсысының дәстүрлі жұмсалу дағдысы, берілу жүйесі мен амалдары бар. Сөздердің сөйлемдегі тіркесу ережелері, заңдылықтары, амалы болады.

Тілдің синтаксистік құрылысындағы құбылыс, ең алдымен оның құрамына енетін жеке сөздер тіркесінен айқын көрінеді. Сөйлемдегі болатын құрылымдық өзгерістер мен жаңалықтар сөздердің сөйлем мүшелік қызметіндегі өзгерістерге, олардың бір – бірімен қарым – қатынас түрлеріне тікелей байланысты. Сөз тіркесі мен сөйлемнің лексикалық-грамматикалық элементі сөз. Олардың өзгеруі, басқа сөзбен байланысқа түсіп жұмсалуы сөйлемде (мәнмәтінде) ғана анықталады. Синтаксистік сөз тіркесі де сөйлем арқылы көрініп, оны құраудың материалы болады. Сондықтан сөз тіркесі жүйесіндегі өзгерісқұбылыстардың орнымен болуын, синтаксистік нормаға, синтаксистік қатынасқа қатысты өзгерісті, қала берді оның тіл дамуындағы мәнін ашу орынды болмақ.

Тіл фактілерін әдеби тіл норма тұрғысынан алып зерттеудің, білудің ғылым үшін де, жазбаша және ауызша сөйлеу үшін де үлкен мәні бар. Өйткені қандай да бір құбылыстың, фактінің жұмсалу нормасын, даму жолдарын, тілдік қолданыстағы орнын білмей тұрып, оның қазіргі жай – күйін, сырын түсіну мүмкін емес.

Синтаксистің негізгі обьектілерінің бірі – сөз тіркесін тану, зерттеу мәселесі В.В. Виноградов, Н.А. Баскаков т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болып, зерттеу нысанына айналды. Сондай-ақ, сөз тіркесі туралы Н.К. Дмитриев, Н.П. Дыренкова, И.А. Батманов, А.К. Боровков, А.Н. Кононов, Е.И. Убрятова, Л.П. Поцелуевский сияқты көрнекті зерттеушілер өз еңбектерінде арнайы тоқталып, көптеген пікір – тұжырымдар келтіреді.

Б.Н. Головин сөз тіркесімен «сөйлеу мәдениетінің» маңызын былай көрсетеді: а) признаки и свойства, которые говорят и о ее коммуникативном совершенстве; б) совокупность навыков и знаний человека, обеспечивающая целесообразное и незатруднительное применение языка в целях общения; в) область лингвистических знаний о культуре речи как совокупности и системе ее коммуникативных качеств [4, 7]. Сонда сөз тіркесінің «сөйлеу мәдениетін» игерген адам білімі мен дағдыларының жиынтығын мақсатқа сәйкестілігін қамтамасыз ете отырып, тілді қарым – қатынас мақсатында қиналмай қолдана алады.

Қазақ тіл білімінде бұрыннан зерттеу нысаны болып келген сөз тіркесі құрылымдық, қалыптасу заңдылығы (М. Балақаев, Р. Әмір, Т. Сайрамбаев, Е. Ағманов т.б.) жағынан жан-жақты зерттеулермен теориялық тұрғыдан толыға түсуде. Сөз тіркесінің зерттелуі кейінгі кездің жемісі болғанмен, тиянақты зерттеулер жасалғаны белгілі. Осы орайда сөз тіркестерінің көптеген теориялық мәселелерін жан-жақты ашып зерттеген профессор М. Балақаевтың еңбегі қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы түркі тілдерінде де, ерекше орын алатыны дау туғызбайды.

Профессор М. Балақаевтың сөз тіркесі жөніндегі ой тұжырымдары мен пікірлерінің өзіндік орны бар. Осы бағытта ғалымның ізін жалғастырушылар да сөз тіркесінің әр түрлі мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әр қырынан танытып, өз жалғасын тапты. Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік сөз тіркестерінің синоним болу мүмкіндіктері туралы профессор М. Серғалиевтің «Етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» деген еңбегінде кеңінен баяндалады [5].

Сөйлем құрамына енетін сөздер бір – бірімен ретсіз, қалай болса солай тіркесе салмайды. Олардың тіркесуінде белгілі бір заңдылықтар болады. Олар:

  1. Сөздердің грамматикалық сипаты негізінде, сәйкестігі арқылы байланысқа ену заңдылығы;

  2. Сөздердің мағына жақындықтарына, мағына үйлесімділігіне орай тіркесу заңдылығы;

  3. Грамматикалық сәйкестіктері мен мағынасы жағынан орайлас (жақын) келетін сөздердің белгілі бір дәнекерлер, тәсілдер арқылы байланысқа ену заңдылығы.

Адам баласының таным дүниесі уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отырса, соған қарай сөздердің тіркесімінде назар аударарлықтай өзгерістер болып жатады. Тіркесімдердің құрылымдық сипаты мен жұмсалу ерекшеліктері айқындала түсіп, олардың қолданысындағы жеке қасиеттерін тану үрдісі кеңи түседі. Осыдан келіп синтаксистік тіркесімділіктің мағыналық құрылымы мен орнымен жұмсалу тұрғысынан сипаттама беру қажеттілігі шығады. Оның әдеби нормаға қатыстылығын, қолданылу мүмкіншілігін, жиілігін анықтау мәселесі тұрады.

Осы тұста Г.В. Степановтың норма мен жүйенің қатынасынан туындайтын пікіріне зер салайық: «Тіл жүйесі жаңа формалардың пайда болуына жағдай жасап қана қоймай, соған орай нормалардың негізін қалайды, өйткені жүйе өзіне қатысты көптеген іске асыратын потенциалдық мүмкіндіктерді қамтиды» [6, 226]. Жүйе тек норманың қалыптасуына ықпал етіп қана қоймайды, сонымен бірге өзіне сәйкестілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан да тіл білімі тілдік нормалар жүйесіндегі жаңа құбылыстарға баға беру кезінде өлшем ретінде олардың қалыптасқан жүйеге сәйкес болу қажеттілігін, олардың осы жүйеге енуінің табиғилығын талап етеді және соны басшылыққа алады. Норма тілге тосыннан енгізілген, ойдан шығарылған нәрсе емес, ол көбіне тілдегі заңдылықтарға, жүйеге негізделеді.

Сондықтан норма мәселесі тілден тыс қаралмайды, оның өн бойында болатын құбылыс. Сөз тіркестері өзара байланысты жеке сыңарлардан жасалады. Жалпы сөз тіркестерінің жеке тілдік тұлға ретінде танылуы үшін нақты бір өлшемнің болуы шарт. Сөздерді сөз тіркесіне жеткізетін өлшем – синтаксистік байланыс. Ал синтаксистік байланыс дегеніміз – сөздерді түрліше грамматикалық амал-тәсілдер арқылы мағыналық, тұлғалық жағынан өзара тығыз байланысқа түсіретін, сөз тіркесін, сөйлем жүйесін құрастыратын формалардың көрінісі [7, 348].

Қазіргі қазақ тіл танымындағы синтаксистік қолданыстар дәл, анық, түсінікті болып, негізгі принциптер мен заңдылықтарға сай жұмсалса, ол ғылымның дамуына септігін тигізетін үлес болмақ. Қазақ тілінің қалыптасқан өз заңы, құрылысы, жүйесі болғандықтан табиғатына тән заңдылықтарды бойына сіңіріп қолданыстарда да осыны тірек ететінін аңғарамыз.

Тіл құрылымын жақсы білу, яғни ондағы сөз бірліктерді, фразеологиялық оралымдарды, синтаксистік құрылымдарды әрбір нақты жағдайда сөйленімді жеткізуге қажетті құралдар ретінде таңдай білу жақсы нәтиже береді. Бұл тіл жүйесін, оның құрылымдық элементтерінің арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарды білуге жетелейді.

Тілші – ғалым Е. Ағманов қазақ тілінің синтаксистік құрылысындағы өзгеріс заңдылықтарды ашып көрсететін еңбегінде сөз тіркестері туралы мынадай пікір айтады: «Сөз тіркестерін құрауда түрлі құбылыстар, тұрақты ережелерден ауытқулар болып тұрады. Сөз тіркесі жүйесінде болатын мұндай құбылыс негізінен септік жалғаулары арқылы байланысып, түрлі қатынасты білдіретін сөз тіркестерінің қабысу амалына көшуінен көрінеді. Бұл бір жағынан тілдің үнемділікке, ықшамдылыққа талпынуына байланысты болса керек» [8, 7]. Мұндай сөз тіркесіндегі азды-көпті өзгерістер, ауызекі тілінде (Астана бардым) сақталған бұл қалып көркем әдебиеттерде де ұшырасады. Оны мына үлгіде келетін мысалдардан көреміз.

А. Географиялық атау ретіндегі жалқы есімдер етістік сөзбен пысықтауыштық қатынасқа түскенде атау тұлғада тұра алады.

Мысалы:

  1. Тері – терсек, тай – тұяқ, танша – тана, азын – аулақ астық өнімдері сияқты басы артық бұйымызды пұлдау үшін Қоянды келдік (А. Сейдімбеков).

  2. – Естімеп пе едің, Құныкең қартайған кезде Меке барып, дүние сөзінен тиылып жатса керек (Ғ. Мұстафин).

Бұл мысалдардағы Қоянды, Меке грамматикалық қосымшаларды қабылдамай-ақ бет алысты білдіре береді. Мұнда бағытты жалпы көрсетеді, әйтеуір барар жері айтылады. Әдейі назар аударған реттерде болмаса, сол атау күйінде тұрғанның өзінде жалпы қолданыста кең орын алған. Етістік пен септік жалғауындағы сөздің ішкі мағыналық байланысы табиғи екендігі соншалық – бағыныңқы компоненттегі септік жалғауы түсіріліп айтылғанмен, оның қандай тұлға екендігі етістік мәнінен белгілі болып тұрады: Көкшетауға бару – Көкшетау бару. Ал, септік жалғаулы есім сөз тіркестерінде олай болмайды, жалғауды түсіріп айтқан жағдайда синтаксистік қатынас өзгереді.

Мұндай тіркестерді кеңістік қатынастағы сөз тіркестері тұрғысынан сөз еткен профессор М. Серғалиев екі жағдаймен байланыстырады. Біріншіден, айтушы я жазушының мақсатына байланысты: егер автор сол барар жерге мән бере, ерекшелендіре, даралай көрсеткісі келсе, барыс жалғауы міндетті түрде тұруға тиіс. Екінші жағынан, ол өзінің (бағыныңқы сыңары) сөйлем ішінде орнына байланысты болып келеді [5, 52].

«Қазақ тілі энциклопедиясында» барыс септік жалғауының түсіріліп жұмсалуын кетті етістігімен байланыста қарайды: «кетті етістігімен тіркесіп айтылатын жер – су, мекен атауларындағы барыс септік жалғауы кейде түсіріліп айтылады: Алматыға кетті – Алматы кетті» [7, 62].

Бұл құбылысты, яғни барыс септік жалғауының түсіріліп жұмсалуын Е. Ағманов «септік қабысу» деп атайды. Оның пікірінше, барыс септігіндегі сөздің тілдік қоршауда әр түрлі себептермен өзінің негізгі функциясынан басқа қызметте жұмсалуының арқасында, өздері бағынатын етістіктермен байланысы солғындаудың нәтижесінде меңгеруден қабысуға қарай ығысуы болады [8, 165]. Ауызекі сөйлеу тілінде, кейбір көркем шығармаларда аз қолданылса да қай стильде де мол ұшырасатыны және әдеби тіл нормасына лайық тұратыны ықшамдалмай қосымшаның толық түрінің қолданысы.

Ә. Мезгіл атауларын білдіретін зат есім сөздердің атау түрінде қабыса байланысатын кездері болады. Мұндай жағдайда ол пысықтауыштық қатынаста жұмсалады. Қыс азығын жаз жина (Мақал). Қыс көзі қырауда… Бұл құбылыс поэзия тілінде де ұшырасады. Мысалы:

  1. Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,

Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр (Абай).

  1. Жиналғандар, қара бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары болмағандықтан, күз көшуге көнді (І. Есенберлин).

  2. – Қолыңнан қой болудан бөтен келмесе, жаз жайылымыңды, қыс қыстауыңды біліп жайыңа жүрмейсің бе? (І. Есенберлин).

Осыған ұқсас сан есімдердің де қабыса байланысып жұмсалатыны байқалады. Мысалы:

  1. Мен жетпіс астым (Ғ. Мұстафин).

  2. Ортаңғы палаткадан ақырын ғана екеу шықты (Ә. Әлімжанов).

  3. Міне алымдарын айдап екеу келеді (Ғ. Мұстафин).

Сөз тіркестерін құрауда болатын мұндай құбылысты профессор Р.С. Әмір септік жалғаулары арқылы байланысып, түрлі қатынасты білдіретін сөз тіркестерінің қабысу амалына көшуі деп түсіндіреді [3, 46].

Тілдегі үнемдеп сөйлеу принципі де варианттар туғызуға жағдай жасайды. Бұл – тілдің даму барысында болып отыратын өзгерістердің бірі – ықшамдану процесінің бір көрінісі болып табылады [9, 81].

Ғалым К. Аханов «Тіл білімінің негіздері» атты зерттеу еңбегінде сөз тіркестерінің және олардың модельдерінің жасалуында ұйытқы сөздің (стержневое слово) қай сөз табынан болуының үлкен мәні бар екенін жазады. Сөз тіркесінің құрылымы, әдетте, оның құрамындағы ұйытқы сөздің грамматикалық табиғатына, атап айтқанда, қай сөз табына қатысты болуына қарай айқындалады [10, 379].

Сөз тіркестерінің синтаксистік құрылысын, сөз тіркестерінің сөзбен, фразеологизмдермен арақатынасын анықтаған профессор Т. Сайрамбаев өзінің «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері» атты монографиялық зерттеуінде сөз тіркесінің байланысым жағдайына қатысты мынадай пікір айтады: «Кез-келген сөздер сөз тіркесін құрау үшін олардың қалыптасқан семантикалық мазмұны үлкен рөл атқарады. Яғни, басыңқының семантикалық мағынасы бағыныңқы мүшенің мағынасына сай келуі тиіс. Бұл жағынан алғанда олар тарихи категория болып есептелінеді. Басыңқы мүше бағыныңқы мүшемен мағыналық байланыста айтыла отырып, бірімен-бірі әрі грамматикалық, әрі интонация жағынан байланысады» [11, 12].

Тілдің табиғаты тізбекті болса да, синтаксисте сөз тіркестерінің негізгі және тәуелді компоненттері арасындағы байланыс тек түйісу орнымен (қатар келуі) ғана анықталмайды. Оны басқа да құралдар анықтай алады, олар: флективті қатынас, мағыналық байланыс, әр түрлі орында орналасу, интонация және т.с.с. Сөйлемнің мағынасына, мақсатына, стиліне, эмоциялық реңіне қарай сөздер мен тіркестердің орын тәртібі әр түрлі болуы мүмкін. Осыған орай синтаксистік алмасу деп аталатын құбылыс пайда болады. Мұндай құбылыстың салдарынан сөз тіркестерінің ыдырауы байқалады немесе оладың құрылымы өзгеріп, сөз тіркесінің жаңа үлгісі пайда болып, басқадай өзгерістер болуы мүмкін [12, 85]. Бұл жағдай нормаға да өз ықпалын тигізеді. Қазіргі тілде мұндай өзгерістердің болуы норманың жұмысын күрделендіре түседі.

Тілдің синтаксис жүйесіндегі белгілі бір категория, белгілі бір синтаксистік бірлік өзгеріске, дамуға бейім тұрса, екінші біреулері анағұрлым тұрақты келеді. Мұның алдыңғысына сөз тіркесін, сөздердің тіркесімділік қасиетін жатқызуға болады. Өйткені кеңес дәуірінде және кейінгі уақыттарда ғылым мен техниканың өркендеуі жаңа тіркестердің, жаңа қатынастардың пайда болуына, бұрынғылардың жаңаша сипат алуына өз ықпалын тигізді. Ал сөйлем түрлері, сөздерді бір-бірімен қарым – қатынасқа келтіретін амал-тәсілдер сөздердің тіркесімділігіне қарағанда анағұрлым тұрақты келеді.

Синтаксистің дамуы сөз тіркестері мен сөйлемнің құрылысындағы құбылыстардан, олардың байланысым жүйесіндегі, мағыналары мен функцияларында болған және болып отыратын өзгерістер дәрежесінен байқалады. Осындай өзгерістердің нәтижесінде синтаксистік норманың сипаты айқындалып, кейбір мәселелердің одан әрі зерттелуіне жол ашылады.

 

Әдебиеттер

  1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері: Оқулық. – Алматы: Санат, 1993. – 496 б. – Б. 383.

  2. Грамматика русского языка. – М.: Изд-во АН СССР, 1960. – Т. 2, ч. І. – 702 с. – С. 11.

  3. Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі: Оқулық. – Алматы: Санат, 1998. – 192 б. – Б. 10.

  4. Головин Б.Н. Основы культуры речи. – М.: Высшая школа, 1980. – 335 с. – С. 7.

  5. Серғалиев М. Етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. – 80 б. – Б. 52.

  6. Степанов Г.В. О двух аспектах понятия языковой нормы // Методы сравнительно-сопоставительного романских языков. – М., 1966. – С. 228-236.

  7. Қазақ тілі: Энциклопедия / Бас ред. Е.М. Арын. – Алматы, 1998. – 509 б. – Б. 348.

  8. Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі. – Алматы: Рауан, 1992. – 240 б. – Б. 7.

  9. Богородицкий В.А. Введение в татарское языкознание в связи с другими тюркскими языками. – Казань, 1953. – 220 с. – С. 81.

  10. Аханов К. Тіл білімінің негіздері: Оқулық. – Алматы: Санат, 1993. – 496 б. – Б. 379.

  11. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. – Алматы: Мектеп, 1981. – 197 б. – Б.12.

  12. Сарсембаева М. Матаса байланысқан сөз тіркесінің лексикалануы негізінде жасалған туынды сөздер семантикасы: филолог. ғыл. канд. дисc. – Алматы, 2004. –114 б. – Б. 85.

Филология. Реферат. Терминтаным – жаңа ғылым саласы
Ашық сабақ. Информатика пәнінен 10 - сыныпқа арналған тақырыптық - күнтізбелік жоспар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу