Филология. Реферат. Қазақ әдебиетіндегі әскери прозаның қалыптасуы

Oinet.kz 09-09-2020 893

Мақалада қазақ әдебиетіндегі әскери прозаның қалыптасуының өзекті мәселелері сөз болады. Мақала қазақ әдебиетіндегі жалпы со­ ғыс тақырыбының табиғатын аша келіп, осы пікір негізінде ой дамы­ тып, айтылар өзекті мәселені сол тұстағы ел тағдырымен байланыстыра ұтымды ашқан. Cоғыс жылдары белсенді болған шағын жанрлар әде­ биетіміздің тарихынан өзіндік орын алады. Мазмұны жағынан үгіттік сипаты басым келетін бұндай туындылардың соғыс уақытының талабы мен халық мақсатын біріктірудегі тәрбиелік маңызы зор болды. Әде­ биет пен әскери өмірдің арасын шендестіріп, әскери әдебиеттің негізін қалаған әрі ержүрек батыр, әрі қаламгер Бауыржан Момышұлы пікір­ леріне сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі әскери прозаның қалыпта­ суы мен даму мәселелерін қарастырады. Майдан даласының шындығын әдебиетте құжаттық негіздерге сүйене отырып көркем прозаға айнал­ дырды, естеліктер, қанатты сөздері оны философ ретінде танытты, ал хаттары қазақ әдебиетіндегі әлі де болса айтарлықтай өз отауын құрып үлгермеген эпистолярлық жанрды танытады. Қазақ халқының батыр ұлы құнарлы дүниелерді туындата отырып, қазақ әдебиетіндегі соғыс туралы жазылған көркем шығармалар туралы сыни пікірлері мен ойла­ рын барлық уақытта жариялап отырған. Автор осы мәселелерді айта келе, өз пікірін нақты мысалдар негізінде дәлелдейді.

Көркем әдебиеттегі әскери әдебиет − түркі халықтарында көне дәуірден күні бүгінге дейін дәстүрлі жалғасын тауып, дамып келе жатқан құбылыс.

М.Әуезов «Көркем әдебиеттегі патриотизм тақырыбы» деген мақаласында біздің отанымызда, батырлар отанында батырлық барша әлем көлемінде алып қарағанда өте жоғары бағаланатынын атап көрсеткен. Ұлы жазушы көп халықтар мен бірге қазақ халқының да жауынгерлік дәстүрі бар екендігін еске сала отырып, әр халықтың эпостық батырларының есімдерінде халық күшінің және ерлігінің бейнесі туралы да айтады. Батырлықты, ерлікті, елдікті адалдықты, әділдікті, адамгершілікті жырлайтын ауыз әдебиетіміздегі батырлар жыры мен эпостары, Махамбеттің дабылды да дауылды жырлары әскери әдебиетіміздің негізі деп айтуға болады.

Cоғыс кезінде өмір мәні, тіршілік құны адам баласы үшін қымбатқа түседі, Ұлы Отан соғысының қасіреті де адамзат санасында теңдесі жоқ трагедия әкелді. Қарапайым халық үшін тұтқиылдан жасалған фашистік шабуыл, тосын психологиялық жағдай теңдесі жоқ қорқыныш сезімін туғызды. Бейбіт өмірдің күрек ұстаған еңбекшісінен ажал оғын төккен майданға еніп жауынгер психологиясын қабылдаған адам баласының қорқыныш сезімінен босауы мүлде мүмкін емес еді. Бірақ, оқ пен ажал алаңында өмірдің мәнін парықтаған әр жауынгердің жүрегінде рухы оянып, өз бойындағы қорқынышты қуып, тіршілік үшін тағдырмен арпалыс сағаты басталды. Олардың ерлігі елге қуат беріп, соғыс жылдары әдебиеттің де жауынгерлігі, яки, әскери сипаты артты.

Әдебиет пен әскери өмірдің арасын шендестіріп, әскери әдебиеттің негізін қалаған әрі ержүрек батыр, әрі қаламгер Бауыржан Момышұлы жан – жақты да, сан қырлы адам, қоғам қайраткері. Ол майдан даласында сұрапыл соғыстың стратегиясы мен тактикасын терең игергендігімен танылып теориялық білімін тәжірибеге шебер ұштастыра отырып соғыстан кейінгі бейбіт өмірде сол тәжірибесі негізінде әскери өмір теориясын, психологиясын жазды. Майдан даласының шындығын әдебиетте құжаттық негіздерге сүйене отырып көркем прозаға айналдырды, естеліктер, қанатты сөздері оны философ ретінде танытты, ал хаттары қазақ әдебиетіндегі әлі де болса айтарлықтай өз отауын құрып үлгермеген эпистолярлық жанрды танытады. Қазақ халқының батыр ұлы өзі көптеген құнарлы дүниелерді туындата отырып, қазақ әдебиетіндегі соғыс туралы жазылған көркем шығармалар туралы сыни пікірлері мен ойларын барлық уақытта жариялап отырған. Оның бұл еңбегі қазақ әдебиетіндегі әскери әдебиеттің табиғатының дұрыс танылуына, теориясының қалыптасуына үлкен білімнің күшімен орындалар ерен қызметі. «Мен соғыс тақырыбына жазылған әдебиеттерді оқыған кезімде олардың көпшілігінің шындыққа сай келмейтінін көзім жетті. Баспахананың бояуымен жазылған кітаптар да, адам қанымен жазылған кітаптарда болады. Мен баспахана бояуымен емес, майдан даласында шынайы қалпында, бар болмысымен қанмен жазылған соғыс кітабын оқыдым. Соғыс туралы өнер туындыларының ғұмыры қысқа болатындығы, олардың көркемдік жағы соғыс қимылдарының шындығынан мүлдем алыс жататындығында, яғни менің айтайын дегенім үлкен шындық тұрғысында нағыз өмірдің ақиқатын жинақтай алмауда болса керек.» [1, 39]

Қазақ әдебиетінде де әскери – патриоттық тақырыптың шарықтай өрістеген кезеңі – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Бұл жылдары қазақ әдебиетінің барлық жанрлары: прозада, поэзия, драматургия, очерк пен публицистика да дұшпанға қарсы рухани зор күшке айналды.

Әскери өмірді беруде әдебиет алдында соғыстағы адам психологиясын, «солдаттың мұңы мен сырын, әке мен ананың қайғысын, жары мен туыстың сағынышын» [2, 7] кеңінен ашып көрсету міндеті тұрды. Ендігі жерде елдегі бейбіт өмір құрылысы соғыс талабына сай құрылды да, әлбетте, осы кезеңдегі әдебиет осы тарихи оқиғаны басты мәселе етті. Осыған дейін өмір болмысына терең бойлап, заман шындығын шынайы жырлап келген қазақ әдебиетіне жауынгерлік тақырыбы – тарихымыздың жалпы сипатының негізгі бір қырындай қалыптасқан етене тақырып еді. «Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол ашқан. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген − ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды» [2, 21].

Соғыстан кейінгі әдебиет міндеттері елдегі бесжылдық жоспармен тығыз байланысты белгіледі. Ол соғыс қиындықтарын өз басынан өткеріп келіп енді елдегі бейбіт еңбекке араласқан адамның өмірі мен еңбегін көркемдікпен бейнелеу еді. Кеңес үкіметі жазушысының алдына тағдырының азабын арқалаған, жаны мен тәні соғыс зардабы салған жаралардан сыздаған, құрбан болған жас тағдырлар мен жетім-жесір қалған жандардың қайғысына куә болған адамнан заман қаһарманын сомдау, оның ішкі сыры мен қалыптасу жолынының күрделі де қиын құбылысы қойылды.

Соғыс тақырыбы содан бері өткен уақыт ішінде кең өріске шығып, көптеген көркем туындыларға негіз болды, көптеген қазақ әскери әдебиетінің мазмұндық, тақырыптық – ауқымдық дәрежесін көтерген, кеңейткен дүниелердің келуіне себепші болды. Ең басында уақыт және идеология талабына сай ұсақ жанрлық дәрежеден ірі сом сурет биігіне көтерілген қазақтың патриоттық әдебиеті қазір оқушы қауымына кеңінен таныс көптеген шығармалар жасады. Алғашқы кезеңде соғыс тақырыбына қалам тартушылардың дені – Ұлы Отан соғысы майдандарында жаумен тікелей арпалысқан жауынгерлер еді. Соғыс басталысымен Қазақстан жазушыларының сол кездегі құрамының сексен пайызы өз еркімен майданға аттанды. Соғыс жеңіспен аяқталған соң Кеңестік Армия қатарынан елге қайтқан жауынгерлер есебінен республикамыздың жазушылары сапына жиырма бес – отыз сержант пен офицер қосылды.

Сонымен, соғыс жылдары тек шағын жанрлар ғана белсенділік таныта алғаны әдебиетіміздің тарихынан бәрімізге мәлім. Мазмұны жағынан үгіттік сипаты басым келетін, арнайы міндеттер арқалаған бұндай туындылардың соғыс уақытының талабы мен халық мақсатын біріктірудегі тәрбиелік маңызы зор болды. Ұлы Отан соғысы өзге елдер секілді қазақ әдебиеті үшін де тосын да төтенше тақырып және үлкен тарихи сабақ болды. Соғыс жылдарының соңына қарай қайта оянған көлемді жанрлар да соғыс шындығын, әскери өмір психологиясын көрсетуде өз тәжірибелерін солдаттың яғни жеке адамның ішкі сезімін, ерлігін, рухын жырлаудан бастады. Бұл тұрғыдан, әрине, соғыстың сұрапыл қырғынын көріп, өмір мен өлім таласында ажал оғымен арпалысты өз бастарынан кешірген қаламгерлердің орны бөлек. Елдегі жағдай рухани, мәдени өмірдің кең көлемде дамуына кедергі болғанына қарамастан, қазақ әдебиеті осы тұста уақыт талабына сай әскери әдебиеттің негізін қалап, соғыс философиясын жете меңгеріп және әлем әдебиетімен бірге басқыншылық соғысқа қарсы үн қосты. Дегенмен, «соғыстың бес жылы ішінде қазақ әдебиеті іргелі үлкен шығармалар туғыза алған жоқ. Соғыс пен оның адам басына түсірген қасіреті жайлы ойлану, оны ерлікпен көтерген адамның жігер − қайратын бейнелеуге ұмтылыс кейін, соғыс шындығын ой елегінен өткізгеннен соң ғана жүзеге асты.» [2, 9]

Қазақ әдебиетінде тіршіліктің мәнін ашудың бірден − бір әлемдік деңгейге көтерілген тұсы немесе әдебиеттің өзіне тән ұлттық айырмашылықтары мен ерекшеліктерін сақтай отырып өзге елдермен контактілік − генетикалық, типологиялық ұқсастық бағыттырға байланысты дамыған кезеңі соғыстан кейінгі жылдар болса, негізгі нысана соғыс тақырыбы болды.

Сондай-ақ, өмір сұрағына, яғни, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, қайшылық, байланыс немесе бүгінгі тілмен айтсақ адам өмірінің құны мен тіршілік мәні сұрақтарына тереңдеу қажеттілігі тұрды. Себебі, соғыс ұғымы өмір мен өлім мотивіне тікелей қатысты болғандықтан да, бұл тақырыпқа қалам тартатын әрбір жазушыға даналық үшін философиялық ұшқарылық, нәзіктік үшін психологиялық тереңдік, нақтылық үшін тарихи білімділік мақсат болса керек. Бұл мақсаттың ең басты талабы жазушының шығармашылық еркіндігі болса, кеңес үкіметі тұсындағы жазушылар үшін ең бір тиым салынған дүние де осы болды. Бұл мақсатта Коммунистік партия басқа жүйемен бірге әдебиет пен өнер саласына да өзінің идеологиялық саясатын дайындады. «Мұндай қуғындаулар мен асыра сілтеулер коммунис тік партияның жергілікті ұлттарға сенбеуінен, олардың ұлттық мүдделерімен есептеспей күштеп ұстау саясатынан туындаған еді.» [3, 13] Бұл саяси қысым ұлт санасына қорқыныш психологиясын қайта ұялатты. 1937 жылғы қырғыны, ажал төккен соғыс қайғысынан кейінгі «ұлтшылдық» саясаты намысқа қайралып өскен қазақ елінің жігерін жасытып, шешімі жоқ сұрақтың жауыбын іздегендей күйге салды. Қазақ елі үшін қорқыныш үрейге, үрей суық хабарға, хабар ажырасуға, ажырасу жоғалтуға, ең ақырында өлімге апаратын суық кезең қайта туындай бастады. Қазақ жазушысына ұлтының саяси − қоғамдық өміріндегі осындай әділетсіз қысымды, қайғыны көре отырып өзінің шығармашылық қызметін жалғастыруға, онда бейбіт өмір образын сомдауға, жаңа адам бейнесін жасауға, қоғамдық өмір жаңалықтары мен жетістіктерін жырлауға тіпті мадақтауға тура келді. Соғыстан кейінгі әдебиет өкілдері үшін бұл ар азабын арқалаған, жаны үшін қорыққан, шығармашылық еркіндігін жойған аса қиын әрі күрделі кезең болды.

Дегенмен, бұл қазақ жазушыларының бар қиындыққа қарамастан ізденіп, ұлт әдебиетінің дамуына өзіндік қолтаңба қалдырулары ерлік мен азабы тайталасқан халық тағдырының төмендемеген рухының тарихтағы тағы бір көрінісі болды.


Әдебиеттер

  1. Баукеңнің белгісіз хаттары / Хаттарды әзірлеген А. Мәди // Алматы ақшамы, 5 қаңтар, №1.

  2. Қазақ әдебиетінің тарихы: Кеңес дәуірі. 19411956. − Алматы: ҚазАқпарат, 2006.

Филология. Реферат. Қазақ тілі қосымшаларының морфологиялық вариант жасау моделі
Филология. Реферат. Көркем мәтіндегі жалқы есімдердің аударылуы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу