Филология. Реферат. Кейіпкер сөзі
Мақалада әдебиеттегі көркемдік тәсіл – диалогтың көркемдік қызметі белгілі қаламгер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбеков шығармалары негізінде талданады.
Шығарманың құрылымы, автордың мақсаты және жазушының стиліне байланысты кейіпкер сөзінің қызметі мен қолданылуы әр түрлі болып келеді. Көркем шығармадағы кейіпкер сөзі өзінің атқарар рөлі мен маңызы тұрғысынан сөз өнеріндегі көркемдік құралдар арасындағы өзгелерінен ерекше, қолданыс аясы да бөлек, артылар жүгі де ауыр бірегей түрі болып табылады.
Сайын Мұратбеков шығармаларындағы диалог түрінде қолданылған кейіпкер сөзі бірде шығарма оқиғасын дамытуға қызмет етіп, сюжеттік-композициялық тұрғыдан, енді бірде кейіпкер характерін ашу, образ сомдау, оның көңіл-күйін білдіру, жазушының идеясын, позициясын анықтау тәрізді, т.б. авторлық мақсатты жүзеге асыру тұрғысынан көркемдік тәсіл ретінде ұтымды пайдаланғандығы жан-жақты сараланады. Аталған мәселелер нақты мысалдармен дәлелденеді.
Құрылымдық жағынан төл сөз, ортақ төл сөз болып келетін кейіпкер сөзі шығармада монолог немесе диалог түрінде көрініс табады.
Монолог пен диалогтың басты ерекшелігі: монолог біреудің дереу жауап қайтаруын талап етпейтін, тыңдаушының айтылған сөзді қалай қабылдағанына, қандай әсер алғанына байланысты емес, кейіпкер сөзінің тәуелсіз түрі; диалог – екі немесе бірнеше адамның өзара қарым-қатынас құралы, бірінің айтқаны екіншісінің сөзіне байланысты болатын кейіпкер сөзінің бір түрі.
Көркем әдебиет өмірдің қыр-сырын көркем сөз арқылы бейнелейтін өнердің бір түрі болғандықтан, көркем шығармада диалогтың кеңінен қолданылуы да табиғи құбылыс деп тұжырымдауға болады.
Құрылымдық жағынан төл сөз, ортақ төл сөз боп келетін кейіпкер сөзі шығармада монолог немесе диалог түрінде көрініс табады. Шығарманың құрылымы, автордың мақсаты және жазушының стиліне байланысты кейіпкер сөзінің қызметі мен қолданылуы әр түрлі болып келеді.
Монолог пен диалогтың басты айырмашылығы мынада: монолог – біреудің дереу жауап қайтаруын талап етпейтін, тыңдаушының айтылған сөзді қалай қабылдағанына, қандай әсер алғанына байланысты емес, кейіпкер сөзінің тәуелсіз түрі; диалог – екі немесе бірнеше адамның өзара қарым-қатынас құралы, бірінің айтқаны екіншісінің сөзіне байланысты болатын кейіпкер сөзінің бір түрі.
«Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» оған төмендегідей анықтама берілген: «Диалог әдеби шығармада екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлету тәсілі... Диалог кейіпкерді жай бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым-қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыратынына сәйкес беріледі. Және бір кейіпкердің айтқан сөзі екінші кейіпкердің айтатын сөзіне түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйлейді. Әрбір мағынасы жағынан тиянақты диалог кейіпкердің мінез-құлқын тағы бір қырынан ашып көрсетіп, олардың қарым-қатынасының бұрынғы қалпынан өзгеріп, жаңа бір сатыға көтерілгенін танытады» [1,79].
Сайын Мұратбековтың «Күзгі бұралаң жол» әңгімесінде диірменші Гришканың білегіндегі инемен піспектеп салған суретке қызыққан Қанатай атты бозбала да білегіне жазу жаздырмақ болады.
«Гришка сиялы қарындашын сулап ап, жазуға ыңғайлана берді де:
Ей, әкең ұрсып жүрмей ме? деп сұрады.
Менің әкем жоқ.
Ә, онда дұрыс. Қәне, батырым, сенің төзіміңді байқап көрейін бір.
Гришка қап тігетін жуан инесін Қанатайдың білегіне піспектей отырып, туған жылын жаза бастады. Қанатай тістенген күйі теріс қарап отыр. Жанына батса да сыр берер емес. Қабағы кіржиіп, көзі жасаурай түседі де маған қарап сыр бергісі келмей жымия күледі. Анда-санда Гришка да:
Жылаған жоқсың ба -ей! деп қояды. Қанатай жауап орнына қарқылдап күледі. Әлден ауқытта Гришка
Әкең аты кім?деді.
Жансұлтан.
Дұрыс. «Ж» әрпін, онан соң нүкте қойып,
«Қ» әрпін жазам. Бола ма? Бітті. Келістік онда. Гришка инесін тағы да піспектей бастады.
Тістенген Қанатай бір ауыр күрсініп, көзін жұмды. Бірақ, қыңқ етіп үн шығарған жоқ. Сөзге алдандырмақ болды ма, әлде шыныменақ білгісі келді ме, енді Гришка:
Әкең қайда?деп сұрады Қанатайдан.
Соғыста өлген.
Мәссаған,деді аң-таң боп дағдарып қалған Гришка.Әй, ол қайдағы соғыста өліп жүр?
Отан соғысында, – деді Қанатай іркілместен.
Тоқта, тоқта. Сен қай жылы тудым дедің?
Қырық жетінші.
Ал, енді не оттап отырсың, онда Отан соғысы қай жылдарда болды?
Отан соғысында, – деді Қанатай міз бақпай».
Бұл үзіндідегі диалогтар жоғарыдағы анықтамада айтылғандай, бір жағынан, кейіпкер мінезін ашуға қызмет етіп тұр. Өзі әкем деп танитын Жансұлтан бұл дүниеге келерден көп бұрын соғыста қаза тапқандықтан өзіне әке бола алмайтынын Қанатай түсінеді. Бірақ, өзінің некесіз туғанын, анасының марқұм жарының аруағына адал бола алмағанын мойындағысы келмейді. Сөйтіп, тумай жатып тағдырынан таяқ жеген жасөспірім намысқа тырысып, анасының күнәсін жасырмақ болады, Жансұлтан сенің әкең емес деген адаммен жағаласа кетуден де тайынбайтын түрі бар. Екінші жағынан, бұл диалогтар шығарма композициясына қызмет етіп, сюжеттік байланыс элементі міндетін атқарып тұр.
Жалпы, кейіпкер сөзінің шығармада композициялық қызмет атқаруы әлем әдебиетінде ежелден қолданып келе жатқан тәсіл. Арабтың әлемге әйгілі «Мың бір түн» хикаясы, Боккаччоның «Декамероны» бастан-аяқ диалог пен монологқа құрылған шығармалар. Жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің «Қалың жыныс ішінде» әңгімесі бір оқиға туралы айтылған бірнеше адамның монологынан тұрады. Ал, Эрнест Хэмингуэйдің «Қош бол, қару!» романы мен басқа да бір қатар шығармаларында диалог арқылы күрделі композициялық құрылымдар түзіледі. Сондай-ақ, А. Чехов пен Бейімбет Майлиннің әңгімелерінде де диалогқа сюжет элементі міндетінің жүктелуі кездеседі.
Біздің мысалымызда да әңгіменің сюжеті, негізінен, диалог арқылы өрбиді.
Аз жүрдік пе, көп жүрдік пе, білмеймін. Арбалар тоқтады. Бибі өзіміздің арбаға кеп отырды.
Ойбұй, балалар ұйықтап қапты ғой, деді. Ақсақ аяғы сықыр-сықыр етіп Шынтемір де келді. Бірақ арбаға отырған жоқ.
Ал, сөйтіп не істеймін мен? – деді жалынышты үнмен.
Не істейсің, – деді Бибі күле сөйлеп, – құдай қосқан Бәтимаң бар ғой. Тізеңді соған уқалатып қойып, тыныш жат енді.
Құдай қосқан дейсің, ә. Бір кезде тастаймын дегенімде сен емес пе едің, балаларың өскенше шыда деген. Содан бері шыдап келем ғой. Балалар тегіс өсіп, бет-беттерімен үй боп кетті. Енді со Бәтиманың маған тағар кінәсі жоқ тіпті.
Бибі ойлы үн қатты.
Ол кезде мен сенің алты бірдей шиеттей балаларыңды аядым. Көз жасынан қорықтым ... Ал, қазір болса .. Ибай-ау, енді қартайғанымызда Қозы мен Баянға ұқсағанымыз ел-жұрттан ұят боп жүрмей ме, деді.
Шынтемір тосылып қалды.
Менің басымды әуреге салған өзің емес пе едің, деді сәлден кейін кінә артқандай. – Әйтпесе, сені үш ұйықтасам ойыма алдым ба.
Бибі күлді.
Жесірлік не істетпейді, деді ақырын ғана.
Шығарма сюжетінің дамуы осы үзіндідегі диалог арқылы көрініс тапқан. Оқырман Бибі мен Шынтемірдің арасындағы қарым-қатынастың мән-жайына қанығып, мәселенің неде
жатқанын ұғады. Енді сюжеттің шарықтау шегіне тоқталамыз.
Ал, тағы да жолыққанша, – деп Бибі делбені қақты.
Арба шиқылдап жүріп кетті. Ұзап барып артына бұрылды да аттың басын тартты
Әй, Шынтемір! – деді жаймен дауыстап. Енді бірде шиқ-шиқ етіп жанымызға Шынтемірдің арбасы кеп тоқтады.
Мына күшігіңді бір иіскеп қалсаңшы. Тағы да ағаш аяғы сықыр-сықыр етіп, Шынтемір арбамызға тақап келді.
Өзі жатбауыр ма, қалай, – деп қойды.
Қанатай, әй, Қанатай! – деп Бибі баласын оята бастады. – Кәне, алтыным, басыңды көтерші, мына ағаңмен ... Қа-а-нат!
Ойбай-ай, – деп Қанатай баж ете қалды.
Не боп қалды, алтыным? Қолың ұйып қап па?
Жоқ, ауырады.
Неге?
Жазу жаздырғам.
Жазуы несі?
Қанатай ұйқысын ашып, жеңін түрді.
Алтыным-ау, мынау не, кім істеді? – деп Бибі қорқып кетті. – Қап, бекер істеген екенсің, балам. Қап...
Біраз үнсіздіктен кейін Бибі қатқыл үнмен:
– Ұлым, есің кіріп қалды... Сенің әкең Жансұлтан емес, мына Шынтемір, – деді.
Қанатай да теріс қараған күйде қатқыл үнмен:
Менің әкем соғыста өлген, – деді. Шығарма сюжеті шарықтау шегіне жетіп,
оқырман көңіл-күйінің де ең бір ширыға түскен жері – осы сәт. Бибі алғаш рет ұлына шындықтың бетін ашып, оның шын әкесі кім екенін айтады, екеуі танысып, бірін-бірі құрметтеп өтсе екен дейді. Ал, өмір туралы түсінігі аз, некесіз дүниеге келгенін мойындауға арланатын Қанатай болса, осындай өте бір жауапты сәтте өзінің намысқойлығына басып, бірбеткейлікпен шоршып шыға келеді. Өз ұлының мұны әкем деп танығысы келмегені күйзелткен Шынтемір болса, амалсыз кері бұрылып, кете барады.
Сюжет шешімі де кейіпкер сөзі арқылы берілген.
«Ұлының қиястығына шытынып қалған Бибі, ал, жолың болсын дегендей Шынтемірге ым қақты. Ол қинала басып барып, арбасына отырды.
Ал, Бибі, көріскенше ...
Жолың болсын, Шынеке, деді Бибі жұмсақ үнмен.
Екі арба екі жаққа айырылып жүріп кетті. Шынтемірдің арбасы дөң асып кеткенше Бибі артына екі-үш бұрылып қарады. Жүзі мұңайып, көңілсіз қалды. Қанатай безерген күйі булығып отырды да қойды. Дәл ауылға кіре берісте, қаптың үстіне бетін басып сұлық құлады да:
Менің әкем соғыста өлген, апа-а...деп өкіріп жылап жіберді».
Сюжет шешімі осылай түйінделеді. Мейлі, керек болса, Шынтемір он жерден мұның әкесі болсын, Қанатай оны бәрібір мойындамақ емес. Өмірден тек тазалық пен әділдік күткен балаң жігіт тағдырдың қысастығын, шындықтың кейде қолайсыздау болатынын мойындамай, одан гөрі таза да романтикалық өтірікті таңдайды. Оның бұл қалауын жоққа шығара да алмайсың арманшыл аппақ көңілді өмірдің лас шындығымен былғағың келмейді.
Автор да кейіпкерінің сезіміне қиянат жасамайын дегендей, Қанатайдың сөзіне ешқандай түсіндірме бермейді, оқырманның өзі қорытынды жасасын деп, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екені туралы өз позициясын білдіретін ымишара да келтірмейді. Жалпы, Сайын Мұратбеков кейіпкерлерінің сөзі өмірдегі ауызекі тілге мейлінше жақын болып келеді. Әрине, көркем диалог пен ауызекі әңгімелесу тілі толық сай келуі мүмкін де емес. Бұл орайда орыс ғалымы Р. Будагов көркем диалогтың ауызекі тілден төрт түрлі айырмашылығы бар екенін көрсетеді:
көркем диалог белгілі бір дәрежеде созылыңқы боп келеді, өмірдегі диалог үшін бұл міндет емес;
автор көркем диалогты алдын-ала ойластырып алады, табиғи диалогта сөйлеуші оны ойластырып жатпайды;
көркем диалог оқиғаны дамытып, оның алға жылжуынақызмет етеді, оның барлық элементтері өзара тығыз байланысты, бұл да өмірдегі диалог үшін міндетті емес;
көркем текстегі диалог уақыттың, ырғақ пен қарқынның ережелеріне бағынады, бұларсыз көркем текст болмайды» [2, 212].
Кейіпкер сөзінін тағы бір ерекшелігі туралы Л. Тимофеев былай дейді: «Кейіпкердің өз мінезінің ерекшеліктеріне жауап беретін, оның мәдени өресін, мамандығын, психологиялық қырларын, жан-дүниесінің жағдайын білдіретін өзіне ғана ол тірі адам тәрізді әсер етпек» [3, 186].
Бұдан келіп шығар қорытынды автор сөзі мен кейіпкер сөзі бір-біріне ұқсас болмауға тиіс, ал, кейіпкердің бәрі бірдей сөйлеп, кімнің кімге сұрақ қойғанын немесе кім кімге жауап қайтарғанын айыра алмай жатсақ бұл қаламгердің кемшілігі болмақ.
«Жабайы алма» повесін алайық. Сайын Мұратбековтың осы ең бір көлемді шығармасындағы кейіпкерлер саны да көп, бірақ, олардың әрқайсысы өз мінездерімен, соған сәйкес сөйлеу мәнерімен дараланып тұрады.
«Апатай-ай, апатай... Басқа не айтсаңыз да істейін, бірақ, мұныңызды істей алмаймын, апатай... Обал ғой, апатай...деп жылайды.
Мен саған көм деймін жаман қар! Сүтті ішкізген, нанды жегізген сенсің, енді көм, кәне! Мынау тілімді ала ма-ей, жоқ па?! деп, көк шыбықпен қызды тартып-тартып қалды.
Көмбеймін, апатай! Көмбеймін! Өлтірсеңіз де көмбеймін!»
Бұл кейін жынданып кететін Бүбітай мен оның қолындағы жетім қыз Тоштанның ортасындағы диалог.
«Осы жұрт сұқтанбаса жүре алмайды-ау, деймін, түге. Қызымды ауыртасыңдар, тіфей деңдер, дейді. Онан соң үйге кіріп, қазандықтың күйесін саусағына жағып қайта шығады, Әй, Нәзира, бері келші.
Немене, әже?
Бері кел!
Аңқалақтап жүгіріп келген Нәзира әпкем:
Иә, не айтасыз? дейді әжемнің неге шақырғанын біле тұра.
Еңкейші бері, құлағыңа бірдеңе айтайын. Нәзира әпкем еңкейген кезде әжем саусағындағы күйені оның бір жақ шекесіне боларболмас жағып қояды.
Болды, бара ғой.
Тұу, әже-ай, осыған бола жұмысымнан бөліп, маған ешкімнің көзі де, тілі де тимейді.
Тәйт, әрі! Күпір сөйлеме!».
Бойжетіп қалған немересін сұқтанған сұғанақ көздерден сақтамақ боп қорғаштаған әже мен халықтың ырымына ескіліктің қалдығы деп қарайтын жас қыздың арасындағы диалог еріксіз езу тартқызады.
«Көкшешек аңдығаныңды қашан қоясың осы?! Желкеңді қияйын ба?
Қиып көр, дедім мен.
Қиямын, деп кеп ол желкемнен ұстай алды.
Қолы мұндай қатты, қарулы болар ма, мытып жіберді. Мен еркінсіп, айбат білдіріп бұлқынып көріп едім, босатар емес. Онан сайын сығымдай түседі.
Қоясың ба, аңдығаныңды?
Қоймаймын.
Мә, ендеше, қоймасаң мә ...
Желкемнен сығымдап қысқан күйінде май құйрығымнан бір-екі рет тартып-тартып жіберді. Ұрғаны қаудырлаған тар шалбардан онша өте қойған жоқ, бірақ, желкемнен қысқаны жаныма бата бастады.
Әже-е! Апа-а! деп бақырып жібердім. Нәзира әпкем жібере салды.
-Қоймасаң, көрдің ғой, алатын сыбағаң осы!
Мен қазір әжеме, апама айтам.
Айтып көр!
Айтам, деп мен есікке беттедім.
Қанат, тоқта! Жә, тиіспеймін. Әншейін әзілде-генім ғой, шынымен кек тұтып қалдың ба?
Бәрібір айтам. Тоқтармен әнеу күнгі бұлақ басында тұрғаныңды да, жаңағы оның сені сүймек болғанын да ... бәрін айтам қазір.
Есікке қарай шегіншектеп, аттай түскем.
-Қанат, айналайын, не істе десең де істейін, құлың болайын, деді жаны шыға жаздаған Нәзира әпкем жалынып. Рас, сен не істе десең де істейін».
Бұл бойжеткен қызбен оның кішкентай інісі екеуінің арасындағы диалог. Әр кейіпкердің өз мінез-құлқы, психологиясы олардың сөзінен-ақ білініп тұрады. Бұл туралы орыс ғалымы И. Гальперин былай деген болатын: «Диалогтың мағынасы кейіпкерлердің портретін жасау: олардың сөйлеу ерекшелігі өздерінің жан сырын, адамгершілік, моральдық, өміртанымдық қырларын аша түседі» [4, 72].
Колхоз бригадирі Байдалы шал мен оны сөйлеткенді қызық көретін балалардың тәжікелесуіне назар салалық.
« Мұрындарын сүрте алмай жүрген осыларды қойшы. Баяғыда бұлардың жасында өзіміз отау тігіп, үй болып едік. Ал, бұ түгелер ертеңнен кара кешке салпақтап киім тоздырып, ойнағаннан басқаны білмейді.
Ата, сіз неше жасыңызда үйлендіңіз? деп сұраймыз.
Мен бе? ол аузындағы насыбайын тастап, түкіріп қойып, неше жаста үйленгенін іштей есептеп, сәл ойланып қалады. Маған әкем алты жасымда қыз айттырыпты. Содан он толып, он бірге шығарымда ұрын барып, келер күзінде үйлендім ғой.
Осы кемпіріңізге ме?
Жоға, тәйірі. Бұл кемпіріме кейін, бертінде, совет заманында теңдік алған кезде үйлендім.
Ал, әлгі, айттырып алған әйеліңіз қайда сонда? деп біздер де қоймаймыз.
Бәтшағарлардың тақымдауын сонша, деп Байдалы шал шегір көздері жасаурай күлімсіреп, бәрімізді сықпырта бір боқтап алады.
Қара бұларды, қатын десе тақылықтай қалғандарын, оқуға осындай боп тақылдасашы, боқмұрын немелер... Кәне, аулақ жүріңдер, жылқыны үркітерсіңдер!».
Өзі қатарлы ақсақалдар мұның қырсыздығынан жеріп, қатарға қоса бермейтін, сондықтан амалсыз баламен бала болып жүретін, осындай пәтуасыз шалдар қай ауылда да бар болар. Әсіресе, ауыл тентегі Әжібек оны мазақ етуге құмар-ақ. Байдалының атын мініп алған Әжібек «Қыз-Жібек» дастанындағы Бекежанның сөзін Байдалыға арнап әжуалайды.
«Әй, Әжібек, деді осы кезде көшенің сонау басындағы үйінің алдында тұрған Байдалы шал бүкіл ауылды басына көтере айқайлап.
Ә, әкеңнің аузын, басыңды... шақша бас! Әй, мен саған шаппай барып, суғар дедім ғой!
...Желкең үзілгір, қинама атты!...
Әжібек болса бет-аузын қисаңдатып, оны мазақтап қойды:
Кинәмә әтті, деді тілін шайнай мәңкілдеп.Ой, кәкпәс. Өлтіріп кеттім бе десем, тірі тұр ғой әлі.
Сөйткен Байдалы шал кейіннен колхоз бастығы Нұғыман төсек тартып жатып қалғаннан соң өзінен басқа атқа мінген еркек кіндік болмағандықтан бастық боп сайланады да алақандай колхоздағы шал-кемпір мен балашағаның басына әңгір таяқ ойнатады. Оның шын бет-бейнесі мына диалогтардан-ақ көрініп тұрғандай.
«Әй, Бектілеу, мына қағаздарды менің алдыма кім қойғанын білесің бе?
Бектілеу әлгіндегідей арыз бен акті қағаздарын қолына алып көрді де:
Жә, бұл қағаздарды кім қойғанын білмеймін, менің қойып кеткенім мәлімет қағаздар, деп барып, Байдалы шалдың алдында жатқан қағаздардың ішінен өзі қойғандарын тауып берді. Міне, мына қағаздар, ал мыналарыңызды білмеймін.
Әй, сонда осы сендер не білесіңдер-ей, а?! Жалғыз бастықтарыңның алдына кім арыз қойып кеткенін бімейсіңдер. Мына қамшымен шеттеріңнен пәре-пәрелеріңді шығарсам, обал жоқ иттерсіңдер ғой. Тфу, енді қайтейін-ай! деп ыза боп бір түкірді де қайтадан атқарушы шалға бұрылды. Әй, әлгі Бектай қайда жүр?
Ертеңгісі мал жаққа кеткен.
Әй, мына жақта дүние қирап жатқанда, ол малды жау шабады дей ме-ей, а?! Бар, шақырып кел, тез! Осыдан бірдеңе көрем демесе, жетсін тез!»
«Ұры итке сұқ ит үйір» дегендей, оны сағалап Тұржан деген есірік жамағайыны келеді де атқарушы боп орналасып, онсыз да титығына жетіп әрең жүрген колхозшылардың сорын сорпадай қайнатады. Енді екеуінің диалогтарын келтірейін.
« Пай, пай, баяғының болысы да бүйтіп отырған жоқ шығар! Пай, пай, отырысыңнан айналайын, Байағам! деді ернін сыпылдатып.
Аруақ!... Аруақ!... Жарықтық, Шорағұл бабамыздың аруағы қолдаған екен де!...Енді сәл болса жылап жіберердей күйде тұр. Құлдық еттім!... Құлдық еттім! деп басын еңкейтіп табалдырыққа тигізді. Тек сонан кейін ғана:
Кіруге рұқсат па, Байаға? деген.
Кір, деді Байдалы шал».
Бұл Байдалы шал бастық болғанын естіп Тұржанның кеңсеге келген беттегі әңгімесі. Енді екеуінің іштегі әңгімесін тыңдап көрелік.
« Байаға, сіздің бастық болғаныңызды естігенде, төбем көкке жеткендей қуандым, деді Тұржан.Құдай, аруақ бар екен ғой, біздің де көз жасымызды көреді екен ғой деп жылап жібердім. Аруағыңнан айналайын, Шорағұл бабам өзі қолдап жүр ғой сізді.
Жалғыз мені ғана емес, бүкіл ұрпақтарын қолдап жүр ғой, жарықтық. Мына сені де қолдайды.
Байаға, бөліп-жаратын несі бар, мына сізді қолдағаны бізді қолдағаны ғой.
Оның рас.
Әне, дәл таптым ба?! А-а-а-а...деп Тұржан тағы да мәз болды».
Топас бастық пен жағымпаз жылпостың әңгімесі осылай жараса кетеді. Ендігі диалогтан Тұржанның үкіметті де алдап жүргені мәлім болады.
«Әй, осы сені әскерге неге алмады? деп сұрады.
Ойбай-ау, Байаға-ау, менің жасым асып кеткен ғой.
Қалайша? Қырыққа енді ғана келдің емес пе?
Анау жылы пашпыртымды жоғалттым деп қайта пашпырт алғанда бір мүшел жасты қостырып жазғызғам, сонымен әскерден қала бердім. Менің тісіме кім қарап жатыр, тіпті қараса да тісім жоқ, а-а-а».
Сөйтіп, Байдалыны құттықтай кіріп, көмекшісі болып шыққан Тұржан ер-азаматы майданда жүрген қатын-қалаш, кемпір-шал, балашағаны бір шыбықпен айдап, жатқызып-өргізетін болады. Байдалы бастық екеуі қорғансыз халыққа әбден тізесін батырып, қит етсе, қамшы үйіріп, қорқау қасқырдай қанқұмар боп алады. Үлкен демей, кіші демей, аузын ашса, боқтапбалағаттап ала жөнеледі.
Орыс ғалымы В. Одинцовтың мына бір пікірін келтірелік: «Диалог дербес, өз алдына аяқталған құрылым. Бірақ, диалог дербес те емес, өйткені, ол шығарманың құрамына кіреді, сондықтан, оған байланысты әрі тәуелді болады. Диалогтың негізгі құрылымдық өзегін анықтаған маңызды, бірақ, оның жалпы композициялық-стильдік принципке тәуелді екенін ұғыну одан да маңыздырақ. Диалогтың құрылымы көп жағынан авторлық баяндаудың құрылымы арқылы анықталады», дейді ол [5,61].
Демек, көркем диалог дегеніміз шығарма кейіпкерінің әйтеуір бір өзара айтқан әңгімесі емес, шығарманың мазмұнын ашуға, автордың айтпақ идеясына қызмет ететін көркемдік құрал. Ал, орыс ғалымы В. Лагутин диалогты екі тұрғыдан: кең және тар мағынада қарастырады да, «...диалог кең мағынада алғанда адам өмірінің жалпы адамзат қоғамының өмір сүруінің алғы шарты» деген тұжырым жасайды [6, 7].
Бұл орайда М. Бахтин екеуінің пікірі ұштасып жатқандай: «Табиғаты жағынан алғанда өмірдің өзі диалогқа толы» дей келіп, Бахтин бұл ойын тарата түседі: «Өмір сүру диалогқа қатысу: сұрақ қою, зейін қойып тыңдау, жауап беру, келісу т.б. деген сөз» дейді ол [7, 318].
Ал, көркем әдебиет өмірдің қыр-сырын көркем сөз арқылы бейнелейтін өнердің бір түрі болғандықтан, көркем шығармада диалогтың кеңінен қолданылуы да табиғи құбылыс деп тұжырымдауға болады.
Сонымен, С. Мұратбеков шығармаларындағы диалог түрінде қолданылатын кейіпкер сөзі бірде шығарма оқиғасын өрбітуге қызмет етіп, сюжеттік-композициялық тұрғыдан, енді бірде кейіпкер характерін ашу, образ сомдау, кейіпкердің көңіл-күйін білдіру, автордың идеясын, позициясын анықтау т.б. тәрізді авторлық мақсатты жүзеге асыру тұрғысынан көркемдік тәсіл ретінде шеберлікпен пайдаланғандығына көз жеткіздік. Біздің бұл пікірімізге Сайын Мұратбековтың шығармаларындағы өзіндік өрнекпен қолданылған кейіпкер сөзінің мысалдары дәлел бола алса керек.
Әдебиеттер
Ахметов З. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
Будагов Р.А. Писатели о языке и язык писателей. – М.: МГУ, 1984. – 280 с.
Тимофеев Л.Н. Основы теории литературы. –М.: Просвещение, 1976. – 448 с.
Проблемы современной филологии. – М.: Наука, 1965. – 475 с.
Одинцов В.В. О языке художественной прозы. – М.: Наука, 1973. – 104 с.
Лагутин В.И. Проблемы анализа художественного диалога. – Кишинев.: Штиинца, 1991. – 95 с. 7 Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. – М.: Искусство, 1979. – 423 с.