Реферат: 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан революциясы
1916 жылдың аяғында Ресей империясында сыртқы жəне ішкі жағдайларға байланысты революциялық ахуал қалыптасқаны дәлелденді. Оның басты себептері ретінде мемлекеттегі саяси дағдарыс халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы, Ресейдің Дүниежүзілік соғысқа қатысуы, елдегі ұлт-азаттық қозғалыс, самодержавие жəне оның үкіметінің дорменсіздігі пакты көрсетілді. Сонымен қатар автор, көптеген тарихи деректерге сүйеніп, Ақпан революциясының басталуын, дамуын жəне жеңіспен аяқталуын, Ресейдегі самодержавиенің құлауын жəне буржуазиялық уақытша үкіметінің билікке келіп, елде демократиялық процестерге жол ашқанын баяндайды. Ұсынылған мақалада 1917 ж. Ресейдегі Ақпан революциясының тарихи маңызы объективтік түрде айшықталды.
Ресей армиясының Бірінші дүниежүзілік соғыстағы сәтсіздіктері елдегі әлеуметтік- экономикалық дағдарыс, қоғамдық жəне ұлт-азаттық қозғалыс, тағы басқа жағдайлар 1916 жылдың көктемінен бастап радикалдық оппозицияның белсендігін күшейтті. Наурыз айында жартыжылдық үзілістен кейін IV Мемлекеттік думаның отырыстары басталды. Бірақ оппозиционерлер енді көбінесе қоғамдық ұйымдарға сүйене бастады. Олардың ішінде земствоның, қалалардың одақтары, əскери- өнеркәсіп комитеттері, кооперативтер, жұмысшылар мен шаруалар ұйымдары болды. Ең соңында, осылардың негізінде мамыр айында Одақтар Одағы құрылды. Бұл орган, шын мәнінде, өзіне үкіметтің өкілеттігін алды. Ал оның төрағасы болып кадет, белгілі масон М.Федоров сайланды. Кеңестер Одағына көптеген масон ложаларының мүшелері қатысты жəне олар әртүрлі партиялардың өкілдері болды. Соған қарамастан, Одақ мүшелері төңкеріс арқылы патшаны тақтан тайдырып, оның орнына баласы Алексейді қойғысы келді. Осы жоспармен белгілі қайраткерлер П.Милюков, А.Гучков, С.Шидловский, А.Шингарев, И.Годнев, Н.Некрасов, М.Терещенко жəне тағы басқалар таныс болды [1; 72].
1916 ж. 25 қазанда Мəскеуде өткен губерниялық земстволық управалар құрылтайы реакциялық үкіметті ауыстыру туралы қаулы қабылдады. Ал Думадағы депутаттар Штюрмер басқарған үкіметке қарсы шығып, «халық сенімін иеленген» жаңа үкімет құруды талап етті. Осындай ұсыныстарды солшыл партиялардың өкілі А.Керенский жəне кадеттер көсемі П.Милюков өздерінің сөздерінде толық қолдады. Ең сонында Штюрмер кетіп, оның орнына Министрлер кеңесінің төрағасы болып А.Трепов тағайындалды.
Бірақ министрлерді ауыстыру осымен аяқталған жоқ. Осының өзі басқарушы органдардағы дағдарысты айқын көрсетті. Мысалы, соғыс кезеңінде 4 премьер, 6 ішкі істер, 4 əскери жəне 4 әділет министрлері қызметін ауыстырды.
Күннен күнге самодержавие Ресей қоғамының қолдауынан айырыла бастады. Тіпті бұрын патша үкіметінің тірегі болып есептелген губерниялық дворяндар ұйымдары енді Думаны қолдайтын өздерінің қаулыларын əр аймақта қабылдай бастады. Осының өзі патшаға ашықтан ашық сенімсіздік білдіргеннің айғағы болды. Осыған орай өзін «əулие» деп жариялап, патша сарайында мемлекеттік іске жағаласқан авантюрист, сібірдің алаяқ мұжығы Г. Распутиннің «қылықтары» да жоғары топтың наразылығын туғызды. Ең соңында, князь Ф.Юсупов пен В.Пуришкевич ұйымдастырған қастандықтың негізінде Г.Распутин өлтірілді.
Сонымен қатар қоғам мен халықтың да сəтсíз жүріп жатқан соғысқа көзқарастары өзгере бастады. Мысалы, басталған соғысты «Отан соғысы» деп патриоттық сезімдерін көрсеткен философтар И.Ильин, В.Розанов Ресейдің барлық славян халықтарын қосып алуы керек десе, философ И.Бердяев Ресей соғыста жеңіске жетіп, өзінің рухани жаңа келбетін көрсетеді деп жазса, орыс армиясының ірі жеңілістерінен кейін осы адамдармен қатар, басқа қайраткерлер де самодержавиенің соғыс саясатына сын көзбен қарай бастады. Кейбір оппозициялық партиялардың өкілдері Германиямен сепараттық бітімге қол қою керектігін насихаттай бастаса, большевиктердіңкөсемі В.Ленин империалистік соғысты азамат соғысына айналдырып, кейін оны революцияға ұштастыруын қолдады. Көпшілік халықтың наразылық білдіруіне азық-түліктің жетіспеуі, қымбатшылық, жалпы әлеуметтік жағдайдың нашарлауы, сонымен қатар соғысқа 15 млн адам шақырылып, олардың 1,7 млн қаза табуы жəне 7,3 млн мүгедек болуы жəне т.б. ауыр жағдайлар əсер етеді [2; 56].
Сонымен қатар Ресейдегі саяси дағдарысты Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс шиеленістіре түсті. Әсіресе Қазақстандағы көтерісшілерге қарсы патша үкіметі Батыс майданынан генерал Лаврентьевтің əскери корпусын жіберуінің өзі көтерілістің қандай ауқымды болғанын көрсетеді [3; 43].
Кеңес Одағы кезіндегі тарихи тұжырымдамаға сүйенсек, Ресейдің экономикасы соғыс басталысымен құлдырап, осы жағдай революциялық ахуал туғызды деп дәлелденетін. Шын мәнінде, соңғы деректерге жүгінсек, Ресей экономикасында құлдыраудың орнына өрлеу байқалады. Мысалы, 1913 жылы экономиканың деңгейін 100 % алсақ, 1914 ж. осы деңгей — 101,2 %; 1915 ж. — 113,7 %; ж. — 121 % құрады. Ал дағдарыстың белгілер 1916 жылдың аяғында ғана байқала басталды.
Экономиканың салаларын бір қалыпта дамытуға патша үкіметінде қаржы жетіспеді. Соғыс кезінде шетелдік инвестиция күрделі түрде азайды. Осы жəне тағы басқа себептерге байланысты Ресейдің сыртқы борышы үш есеге көбейді. Темір жол транспортының нашар жұмысы экономикадағы проблемаларды одан сайын көбейтті. Қару-жарақ, азық-түлік, басқа тауарлар уақытында жеткізілмейтін болды. Мысалы, 1916 жылдың қаңтар айында вагондардың жоқтығынан 1 млн пұт астық Доннан Мəскеу мен Петроградқа жеткізілмей қалды. Осыған байланысты ірі қалаларда нан жетіспей карточкалар енгізіліп, нан кісі басына не бары күніне 200-400 грамнан берілетін болды. Əрине, бұл жағдай еңбекшілердің наразылығын күшейте түсті.
1917 ж. қаңтар айында Петроградтың, Мәскеудің жəне басқа өнеркәсіп орталықтарының жұмысшылары солшыл партиялардың шақыруымен «қанды жексенбінің» 12 жылдығын көптеген ереуілдермен, шерулермен жəне митинглермен атап өтті. 9 қаңтарда басталған ереуіл сол кездегі ең ірі ереуіл болды. Оған Петроград пен Мəскеуден басқа, Харьков, Луганск, Баку, Новониколаевск, Нижний Новгород қалаларының еңбекшілері белсенді қатысты. Қазіргі деректер бойынша, Ресейде жылдың қаңтарында — 371, ал ақпанында 959 ереуіл болып, оларға 700 мыңнан астам адам қатысқан [4; 379].
Революцияның жақындап келе жатқанын көпшілік сезсе де, ІІ Николай патша жəне оның кейбір министрлері оған сене қойған жоқ. Революцияның болуына күмәнмен қарағандардың ішінде тіпті осы кезде Швейцарияда тұрған В.Ульянов-Лениннің өзі де болған сияқты. 1917 ж. қаңтар айында ол өзінің сөйлеген сөзінде «біз ескі буын өкілдері болашақ революцияны көре алмаймыз» деп өкініш білдіргені осыған дəлел [5; 74].
Бірақ революция әлдеқайда тез басталып кетті. 1917 ж. 22 ақпанында ІІ Николай поезбен Могилев қаласында орналасқан Ставкаға жүріп кетті. Жолда халықтың көпшілігі императорға жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Ал Петроградта ақпанның 23 күні (жаңаша 8 наурыз) мыңдаған жұмысшы əйелдер Халықаралық əйелдер күнін атаймыз деп ереуілге шықты. Олар «Нан берілсін!», «Соғыс жойылсын!», «Ерлерімізді қайтарыңдар!» деген ұрандар тастады. Кейін оларға көптеген жұмысшылар қосылды. Ең соңында 49 кәсіпорыннан қатысқан ереуілшілердің саны 128 мыңға жетті. Осы ереуіл нәтижесінде кейбір көшелерде қалалық транспорт тоқталып, дүкендер қиратылды. Соған байланысты әскердің көмегімен күн аяғында ереуілшілер қуып таратылды. Ал қаладағы жағдай осы уақытта жүріп жатқан Думаның мәжілісінде қарала бастады.
ақпанда үкімет әскерлері ереуілшілерді қаланың орталығына кіргізбеу үшін көшелерді бақылауыға алды. Бірақ 200 мыңнан астам ереуілшілер, соның ішінде оларға қосылған студенттер Нева проспектіне шығып, осында тұрған солдаттар мен казактарды өздеріне қосылуға шақырды. Стихиялық түрде өткізіліп жатқан митинглерде патша үкіметімен оның министрлерін қатты сынға алды.
ақпанның кешінде патша өзінің Могилевтегі Ставкасынан Петроград əскери округының қолбасшысы генерал Хабаловка: «Астанадағы тәртіпсіздіктер ертеңнен қалмай тыйылатын болсын деп жарлық етемін!» — деп үзілді-кесілді бұйрық жіберді. Тіпті осы сын сағатта император бұл енді «тәртіпсіздік» емес, халық революциясы екенін түсінбеген сияқты. Бұйрықты алысымен Хабалов 26 күні қаланың орталық көшелеріне əскерлер кіргізді жəне митинглерге, шерулерге тыйым салды. Соған қарамастан, мыңдаған жұмысшылар, студенттер, гимназистер, əртектí қала тұрғындары Знамен алаңына жиылып, митинг өткізді. Оған қатысушылар «Соғыс жойылсын!», «Патша жойылсын!», «Нан мен бейбітшілік!» деген ұрандарды қолдады. Бұрынғы күндері əскерлер қару қолданбаса да, енді олар шерушілерге оқ атты. Соның негізінде алаңда 30 астам адам қаза тапты. Осы кезде солдаттар арасында қобалжу басталып, ең соңында Павлов полкінің солдаттары шерушілерді қолдап, жандармдарға қарсы оқ атты [6; 186].
күні кешке кейбір социалистік партия өкілдері — меньшевиктер, эсерлер, районаралықтар жəне большевиктер өздерінің біріккен отырыстарын өткізіп, алдағы мақсаттарын белгіледі. Өздерінің шешімдерінде олар жаппай еруілді жалғастырып, керек кезінде қарулы көтеріліс арқылы революциялық үкімет құруға келісті. Сонымен қатар 1905 жылғы сияқты Кеңестерді құру мәселесі күн тәртібіне қойды [7; 173].
Ақпан айының 27 күні революциялық оқиғалардың шешуші кезеңі болды. Себебі астанада орналасқан әскерлердің арасында қобалжу басталып, солшыл партиялардың үгіт жұмысы арқылы олар көшеге шықты. Ашық көтерілісті бірінші болып Волын, ал содан кейін Литван, Преображенск сияқты әйгілі полктардың солдаттары бастады. Олардың үлгісімен көшеге басқа əскери құрамалар шығып, ереуілге көтерілген қала халқымен қосылды. Бұл революцияның дамуындағы бет бұрыс оқиға еді.
Кешке қарай көтерілісшілерді Петроград гарнизонының жартысынан астамы 50 мыңдай солдаттары қолдап, революциялық оқиғаларға белсенді қатысты. Көтерілісшілер полицей учаскелерін басып алып, арсеналдардағы қару-жарақты қолға түсіріп, кейбір түрмелердегі адамдарды босатып жіберді. Сонымен қатар полицейлер мен офицерлерді шұғыл түрде жазалау, дүкендерді тонау, лавкаларды қирату, сот үйлеріндегі іс қағаздарды жою жəне тағы басқа əрекеттер кең етек алды.
Осы кезде жүріп жатқан шерулер мен митинглерде «Самодержавие жойылсын!», «Демократиялық революция жасасын!» деген ұрандар тасталып жатса, соған орай үйлердегі, көшелердегі патша рәміздері алына бастады. 27 күнінің орта кезінде мыңдаған солдаттар мен жұмысшылар Таврия сарайына келіп, осындағы Дума делегаттары, завод-фабрикалардың өкілдерімен кездесті. Соның нәтижесінде социалистердің ұсынысымен жұмысшылардың Уақытша Атқару Кеңесі құрылды. Оның құрамына белгілі социал-демократтар мен эсерлер: Н.Чхеидзе, А.Керенский,
М.Скобелев, Н.Суханов, Э.Соколовский, П.Красиков, П.Александрович, Н.Соколов, К.Гриневич, П.Залуцкий жəне А.Шляпников, Н.Капелинский, Г.Панков, К.Гвоздев кірді. Осы кезде бұрын патша таратқан Мемлекеттік думаның делегаттары қайта жиылып, өздерінің мәжілістерін бастады. Ең соңында көптеген пікірталастан кейін, «Мемлекеттік дума мүшелерінің Уақытша комитеті» деген ерекше орган құрылып, оған басқарушы өкілеттік берілді. Комитет төрағасы болып М.Родзянко сайланып, оның құрамына прогрессивтік блоктың басшылары П.Милюков, Н.Некрасов, А.Коновалов, С.Шидловский, В.Шульгин, И.Дмитрюков, М.Караулов, В.Львов, В.Ржешевский жəне революциялық демократияның өкілдері ретінде меньшевик Н.Чхеидзе, трудовик А.Керенский кірді. Осыдан кейін «Уақытша Дума Комитеті» астанадағы жəне мемлекеттегі билікті өз қолына алу үшін бірқатар шаралар қолдануға тырысты. Мысалы, телеграф жəне транспортқа бақылау енгізіп, мемлекеттің көптеген аймақтарына революцияның басталғаны жəне патша үкіметінің құлағаны туралы телеграммалар жіберіп, өздерінің жарлықтарына бағынуға талап қойды [8; 41].
Патша үкіметінің басшысы князь Голицын өздерінің отставкаға кететіні туралы хабарлағаннан кейін, Ставкадағы патша Хабаловтың орнына генерал Н.Ивановты тағайындап, қосымша жіберілетін әскерлердің көмегімен Петроградта қатал тәртіп орнату туралы жарлық шығарады. Осының өзі астанадағы жəне бүкіл елдегі жағдайды патша жөнді білмегенін байқатады. Шынында да, бұл кезде «Ресейде патша да, дума да, Министрлер Кеңесі де болған жоқ. Тәртіпсіздік нағыз революцияның бет-бейнесін көрсетті», — деп кейін өзінің мемуарында П.Милюковтың жазуы, сол кездегі саяси жағдайды дұрыс көрсеткенін мойындау керек сияқты.
28 ақпан күні патша поезбен Ставкадан Петроградқа шығады. Бірақ императордың өміріне қауіп төніп тұр деген лақап сөздерден кейін, ол 1 наурыз күні Псков қаласына тоқтады. Осы жерде əскери адамдардың қысымымен жəне осында келген Дума өкілдері И.Гучков пен В.Шульгиннің Дума атынан айтқан талаптары бойынша 1917 ж. 2 наурызының кешінде император ІІ Николай өзінің «тақтан бастартуы» туралы құжатқа қол қойды [9; 352]. Келісім бойынша, оның мұрагері боп інісі ұлы князь Михаил ұсынылады. Биліктен бастартқан император Гучковтың өтініші бойынша жаңа үкімет басшысы етіп князь Г.Львовты, Орыс армиясының бас қолбасшылығына ұлы князь Николай Николаевичті, ал Петроград округының басшылығына генерал Л.Корниловты тағайындайды. Осыоқиғадан кейін патшаның өз күнделігінде: «Маңайымда сатқындық, қорқақтық жəне алдампаздық», деп жазуы сол кездегі жағдайын айқын көрсеткендей. Ал 3 наурыз күні мұрагер болып қалған ұлы князь Михаил өзінің Ресей тағынан бастартатыны туралы жариялайды. Əрине, бұл шешімге Михаилды осы кездегі мемлекетте қалыптасқан саяси жағдайдың итермелегеніне күмэн жоқ. Осылай 300 жылдан астам уақыт Ресейді басқарған Романовтар эулетінің билігі аяқталды. Сөйтіп, монархияны жою Ақпан революциясының басты саяси нэтижесі деп айтуға болады.
Патша биліктен бастартысымен 2 наурыз күні Уақытша Дума комитеті мен Петроград Кеңесінің Атқарушы Комитеті біріккен отырысында Уақытша Үкіметті құру туралы шешім қабылдады. Уақытша Үкімет басшысы болып Ресейдің Земство комитетінің төрағасы князь Г.Львов тағайындалып, онын құрамына сыртқы істер министрі болып-кадет П.Милюков, әскери-теңіз министрі октябрист А.Гучков, сауда жəне өнеркэсіп министрі прогрессист А.Коновалов тағайындалды. Жана үкіметке «солшыл партиялар» атынан А.Керенский кірді. Ол әділет министрі қызметін атқаратын болды. Осылай Ақпан революциясының негізінде Ресейдің билігіне буржуазиялық Уақытша Үкімет келіп, өзінің қызметін бастады [10; 445].
Сонымен қатар Ресейдің көптеген қалаларында, аймақтарында солшыл партиялардың ықпалымен жұмысшылар, шаруалар жəне солдаттар депутаттарының Кеңестері құрыла бастады жəне олармен Уақытша Үкімет есептесуге мәжбүр болды. Әсіресе Петроград Кеңесінің рөлі осы күндері ерекше айқындалды. Осыған орай Кеңес Одағы кезіндегі ресми тарихнамада ақпан мен шілде айларының арасындағы кезеңді қосүкімет кезеңі деп көрсетті. Шын мәнісінде, қандай ықпалы болсада, Кеңестерді заңды екінші үкімет деп есептеуге болмайды. Себебі, олардың қызметі Бүкілресейлік деңгейде әлі заңдастырылмаған еді. Қазіргі уақытта қосүкімет проблемасы бойынша тарихшылар арасында көптеген пікірталас кең түрде жүріп жатыр.
Петроградтан кейін шерулер жəне ереуілдер Мəскеу қаласында өтіп, ең соңында, олар жалпы көтеріліске ұштасып, 1 наурызда революция Ресейдің екінші астанасында да жеңіп шықты. Осы күндері Кронштадт жəне Гельсингфорс қалаларындағы көтерілістер сәтті аяқталды. Жалпы алғанда наурыз-сәуір айларында Уақытша Үкіметтің билігі Украина, Теріскей Кавказ, Қазақстан жəне Орта Азияға тарай бастады. Сонымен қатар бұл аймақтарда әртүрлі Кеңестер құрылды [11; 133].
Ақпан революциясының зор тарихи маңызы болды. Себебі Ресейде самодержавиені түпкілікті жойды, əр партиялардың өкілдері кірген Демократиялық үкімет билікке келді, барлық саяси партиялар ресми түрде өздерінің қызметтерін атқара бастады. Қысқа мерзімде Ресей алдыңғы қатарлы демократиялық мемлекеттердің қатарына қосылды. Ал өзінің сипаты бойынша Ақпан оқиғалары шын мәнінде халықтық революция болды. Өйткені оған көптеген топтар мен саяси партия өкілдері қатысып, бүкіл халық патша үкіметіне қарсы күрес жүргізді. Бірақ революциядан алған кеңшілік Ресейде саяси күресті ұшықтыра түісіп, ең соңында солшыл-экстремистік бағыттағы саяси күштерге заңды үкіметке қарсы күрес жүргізуге мүмкіндік жасады. Осыған орай сол кездегі белгілі философ Ф.Степунның «Орыс революциясының бостандыққа деген ұмтылысы ең басынан бүліншілікке ерік берді» деген сөзі ақиқаттан алыс емес еді.
Әдебиеттер тізімі
Верт Н. История Советского государства. 1990-1991 / Н. Верт; пер. с фр. — 2-е изд. — М.: Прогресс-Академия, 1995.543 с.
Адамбеков Б.К. ХХ ғасырдағы Ресей империясы, Кеңес мемлекеті жəне ТМД тарихы: оқу құралы / Б.К. Адамбеков.Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. — 56 б.
История Казахстана: очерк. — Алматы: Дәуір, 1993. — 414 б.
Пособие по истории СССР. — М.: Высш. шк., 1987. — 735 с.
Карр Э. История Советской России. — Кн. 1. — Т. 1, 2: Большевистская революция. 1917-1923 / Э. Карр; пер. с англ. М.: Прогресс, 1990. — 764 с.
Новейшая история Отечества. ХХ век: учебник для вузов: [В 2-х т.] / под ред. А.С. Киселева. — М.: Владос, 1998. — 486 с.
Новейшая история Отечества. ХХ век. — Кн. 2. / под ред. Э.М. Щагина, А.В. Лубкова. — М.: Владос, 2004. — 463 с.
Соколов А.К. Курс советской истории 1917-1940: учеб. пос. / А.К. Соколов. — М.: Высш. шк., 1999. — 271 с.
Орлов А.С. История России: учебник / А.С. Орлов, В.А. Георгиев, Н.Г. Георгиева, Т.А. Сивохина. — М.: Проспект, 1997. — 544 с.
История России: [в 2-х т.]. Т. 2: С начала XIX века до начала XXI века / под ред. А.Н.Сахарова. — М.: АСТ; Астрель; Транзиткнига, 2006. — 862 с.
Островский В.П. История России. ХХ век / В.П. Островский, А.Н. Уткин. — М.: Дрофа, 1995. — 512 с.