Әңгіме. Қойшы бала

Oinet.kz 05-10-2019 1074

Балалар Әлемі : : Ертегілер әлемі : : Тазша бала

Тамақ жоқтықтан, шілдің баласындай, алды-алдымызға тозып кеттік. Мен тамақ үшін Мейірбектің қойын бақтым. Өлмес ауқат береді, бетіне қарауға шама жоқ. Қас-қабағына қарайтын ата-ана жоқ. Олардың қайда жүргенін кім біледі...түні бойы әжемді ойлаймын: «Қашан көрем?»- деймін.

Бірақ Мейірбектен шықсам, аштан өлем бе деп қорқамын.

Қыс түсті, қар аттың тізесінен суырынды бұрқыратып, шілденің тозаңындай аспанға шығады. Кешкі мезгіл, қойды ауылға қаптатып келе жатыр едім, үсті алба-жұлба, арқалаған жүгі бар бір әйел көрінді. Көзіме жылы ұшырап кетті.

Жүрегім дүрсілдеп, көзімнен жас сорғалап қоя берді. - Қарағым, құлыным-ай! – деп, тобарсыған аузы кемсеңдеп келіп, бетімнен сүйді.

Әжемді тірі көргеніме қуадым. Әжеммен үш күндей бірге болдым.

Бір күні төсекте жатыр едім, әжем: - Шырағым, енді өз бас қамымды етпесем, болмайды, - дегені.

Жүрегім су ете түсті. Жылап қоя бердім. Әжем даусын баяулатып: - Тірі болсам, келермін...жылама, қарағым! – деді де, бетімнен сүйіп жүріп кетті. «Енді өлді деген осы ғой» деп, жылап-жылап қала бердім. Омар деген бір ағайынымыз ба еді, Мейірбектікінен шығып, соған бардым. Сөзге келместен боқтап, үйінен қуып шықты.

Сықырлаған аяз ысқырып, уілдеп соғып тұр. Түн боп қалды. Еш жаққа баруға болмайды. Есігінің алдында жатып таңды атырды. Ертеңіне жайыма жүріп кеттім. Омардың сол көрсеткен азабы әлі есімнен кетпейді... Не керек, өткен күн бір күнгідей көрінбейді. Мінеки, шаруашылық техникумының студенті болып, бастан кешкен ауыр күндерді жазуды да жарадық. Бұ да болса кеңес үкіметінің арқасы.

Көп жаса, көзімді ашқан кедейшіл үкімет.

Эссе: Мектеп – өмір бастауы
Күз туралы эссе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу