Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Абай Құнанбайұлы өмірі мен шығармашылығы
Абай мұрасы - талай ұрпаққа азық болатын байлық
(Абай атамыз туралы ой-толғауым)
Қазір әлем тез өзгеріп келеді. Уақыт бір орында тұрмайды. Алдымызда жаңа міндеттер, үлкен, нақты талаптар қойылуда. Біз - жас ұрпақ, осы әлемнің өзгерістеріне тез бейімделіп қана қоймай, алдағы болашақты қалыптастыруға әсер ете алуымыз керек. Ал болашақты өзгертуге жасалған қадам тек ақыл-оймен жасалады. Яғни, заман көшіне ілесіп жүру үшін, заманға сай білімді, ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын, ата – ананы құрметтей білетін, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, алға сеніммен қарай алатын азамат болуымыз керек.
Әр халық өзінің біртуар азаматтарымен мақтанады. Мен бұл ой-толғауымда әлем мойындаған дана ұстазымыз, қазақтың бас ақыны - Абай атамыз туралы айтпақпын.
Ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Елбасымыздың «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын анық көрсетеді. Бұл ойлы сөздер қазір де аса өзекті және бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Өйткені, XXI ғасырдағы білімнің, ғылымның мақсаты – болып жатқан өзгерістерге тез бейімделіп, көштен қалмай, биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ақын өлеңдеріне терең бойлай отырып, өлеңдерінен қалай өмір сүру керек екенін, қалай адам болу керек екенін, өмірде кездескен қиыншылықтарға қалай төтеп беруге болатынына жауап алуға болады. Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің мазмұны еш ескірмегенін, әлі де өзекті екенін түсіне отырып, тек ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейтінін түсінемін. Өлеңінде «бес асыл іске» ұмтыла отырып, бойдағы «бес дұшпанды» жеңіп, білім мен ғылымды меңгерген адам ғана алда тұратынын көрсетуі қазіргі кездегі де жас ұрпақтың алдына қойған мақсаты. «Пайда ойламай, ар ойлап», «білуге талаптану», «кетігін тауып өмірден өз орнын табу», «ойын – күлкімен босқа уақыт өткізбеу», «еңбек етуге шақыруы» - бұның бәрі өз ұрпағын, қазақ халқын алға жетелеп ілгері дамуына тілектес болуы. Сонымен қатар, Абай атамыз: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Абай атамыздың бізге қалдырған тағы бір өсиеті - өзге ұлтпен тең болу үшін оның тілін меңгерудің маңызы зор екендігінде. Яғни бір ғасырдан астам уақыт өтсе де бүкіл әлемге белгілі, әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алған Абай атамыздың өлеңдері, қара сөздері ешқашан ескірмейді. Өзім де ауылда өскендіктен, туған жер туралы, ауыл туралы өлеңдері маған жақын. Абай атамыздың шығармаларын оқи отырып, сол кездегі бүкіл қазақтың тұрмыс – тіршілігін, жанын, мінезін көре отырып, бүгінгі қоғамның да мәселесін көруге болады. Ол – адамгершілік, білім, ғылым, жаман әдеттен аулақ болу, еңбекқор болу.
Табиғаттың төрт мезгіліне арналған өлеңдерінен сол кездегі қазақ халқының өмірі көз алдымнан өтеді. «Қыс» өлеңінде қыс мезгілін кәрі құдаға теңесе, «Жазғытұры» өлеңінен қыстан әрең щыққан жүдеу кедейлердің жаңа өмірге деген қуанышы, алдағы өмірге деген сенімі көрінеді.
Абайды тану – өзіңді тану. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады» - деп атап көрсеткендей, біз жас ұрпақ алға нық қадамды Абайды танып білу арқылы жасаймыз.
Өзімнің ой-толғауымды Елбасымыздың «Абай - әлем мойындаған дана ұстаз, ақын және адамзаттың данышпаны. Данышпан Абайдың ұлылығы мен ерекшелігі, табандылық пен мақсаттылықты дәріптей және оның өз ұлтының санасына енгізе отырып, ұлттық рухты бұрын-соңды болмаған биіктікке көтере алды. Біз Абайдың бойынан табылатын тұлғаға лайықты, мақтан тұтатын рухани тірегіміздің барына алғыс айтуымыз керек» деген сөздерімен аяқтай отырып, біз, жас ұрпақ, қандай бақытты екенбіз дегім келеді.
Биылғы атап өтіліп жатқан Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің барлық жерінде ғана емес, әлемде түрлі игі істер бастама көтеріп жатыр. Сондықтан, Абай мұрасы - нағыз ұлттық құндылығымыз, байлығымыз, әлі де талай ұрпаққа азық болатынына сенемін. Сол байлықты сақтап келесі ұрпаққа жеткізіп таныту – біздің борышымыз деп білемін.
Денисов ауданы әкімдігінің білім бөлімінің
«Фрунзе орта мектебі» КММ
Денисов ауданы, Фрунзенское ауылының
8 сынып оқушысы - Диана Ахметова
(Ұстазы Дауренбекова К.Р.)