Наурыз көже туралы шығарма
Күн жылынып, табиғат тәтті ұйқысынан оянған сәтте, аспан әлемінде құстардың сайраған әсем әуені сыңғырлап шыққанда халқымыз Наурыз мерекесін ұлан асыр етіп тойлайды. Бұл мереке қазақи Жаңа Жыл. Халық жайдарлы, көңілді күйде жүретін мерекенің алар орны әркезде де ерекше. Адамдар арасындағы реніштер ұмытылып, сыйластық артып, халық бір-бірін үйлеріне қонаққа шақырып, бірлігі мен татулығың көрсетеді.
Мерекенің символы әрі ұлттық тағамымыз – Наурыз көженің тіл үйірер дәмі таңдайдан кетпейді. Наурыз мерекесі тойланғалы бұл тағам өз қадір-қасиеті мен дәмін өзгерткен емес. Тағам құрамы жеті түрлі азықпен құралады. Түркі халықтары арасында жеті саны киелі болғасын тағамға жеті түрлі азық түрі қосылады. Арпа, бидай, тары, бұршақ, күріш сынды дәндер қосылып, ақ құйылады. Әжелеріміз қыстан бері сақтап келе жатқан сүрленген қазы-қарталары мен еттерін қосады. Әрине, Наурыз көженін қатып қалған құрамы жоқ. Әркім үйінде бар дәнді-азықтарды қосып жасай береді. Бірақ міндетті түрде айран немесе ақ құйылады. Бұл айрандай ұйып, бірлігіміз бен татулығымыз жойылмасын деген ниеттен туындаған болар. Наурыз көжемен қоса дастарханға ұлттық тағамдар: айран, сүт, ірімшік, бауырсақ т.б. дәмі тіл үйірер тағамдар қойылып, қонақ күтіліп, халық мерекені көңілді күйде атап өтеді. Соңынан үлкен ақсақалдар бата беріп, үйді-үйлеріне тарқасады.