Алаштың үш арысының жары болған татар қызын білесіз бе?
Фатима Ғабитова - ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгіров және жазушы Мұхтар Әуезовтің музасы және өмірлік серігі болған татар қызы.
Фатимаға Ахмет Байтұрсынов:
"Тағдыр қалап егерде,
Жүз көз берсе құдірет,
Жүзі де сізге қарар еді", - деген өлең жолдарын арнаса, Міржақып Дулатов "Өз өмірімде көрген сүйкімді, сұлу – Бәлілдің әйелі" - дейді.
Барша Алаш зиялыларын тәнті еткен Фатима Ғабитова кім?
Ол 1903 жылы көпес отбасында дүниеге келді . Әкесі алты айлығында қайтыс болады. Алғашқы білімін анасы Ғайнижамалдан арабша, парсыша алып, 1911 жылы «Хусайня» медресесін тәмәмдайды. Фатима Ғабитова татар ұлтынан болса да , бар ғұмырын қазақ даласында өткізді. Өз заманында жоғары білімімен , асқан мәдениетімен, көз тоймас сұлулығымен ерекшеленген .
Фатима - муза
Фатима Ғабитова 17 жасында жас ағартушы Біләл Сүлеевке қосылады. Ол жарына тірек болып, Жаркент қаласында «Түркі қыздар» мектебін ашады. Біләлдан үш бала (Жәнібек, Фарида, Азат) сүйеді. 1930 жылы Біләл Сүлеевті «ұлтшыл» деп айыптап, тұтқындап әкетеді. Фатима Ғабитова «халық жауының әйелі» атанады.
"Ұлымыз етікші болсын.."
Үш баламен Фатима ауыр кезеңге тап болады. Тағдыр осы кезде оны Ілияс Жансүгіровке жолықтырады. Ол Фатимаға ес-түссіз ғашық болатын . Ақынның 1919 жылдан бастап жазған махаббат лирикасының барлығы дерлік Фатимаға арналған-ды .Ілияс жарын «Пәтішім, Пәтимам!» деп еркелеткен. Фатима Ғабитова 1933 жылы Үміт, 1935 жылы Ильфа есімді қыздарды дүниеге әкеледі. Ильфа – «Ілияс» және «Фатима» деген сөздердің алғашқы буындарынан құралған есім болатын .
Фатима мен Ілияс екеуі 1934 жылы Сүйінбай ақынның өлеңдерін жинап, кітап етіп шығарады. Фатима Ілиястың әдебиеттегі серігі болады. Жазушының "Жолдастар“ романын дүниеге келуіне де Фатима анамыз себепкер болады.
1937 жылы ақын тұтқынға алынғанда, Фатима жүкті болатын. Көп уақыт өтпей, Болат өмірге келеді. Абақтыда жатқан Ілиясқа аузынан түсіп қалғандай сүйкімді ұлды көрсетіп, бір рет кездесудің өзі ақын жары үшін үлкен қиындық туғызады. Ақыры жүздесудің сәті түсіп, тергеушіден рұқсат алады. Бар-жоғы бес минут. Нәресте әкесін тұңғыш әрі соңғы рет көретінін сезді ме екен, бар даусымен шырқырай жылап, түрме ішін азан-қазан қылады. Бұл жайлы Ф. Ғабитованың өзі жазған естелігіне сүйенуге мәжбүрміз. Тым әсерлі, тым аянышты жазылған. Оқып көрелік:
«Ілияс біздің айқайымызды естіген болуы керек, есікті ашып жіберіп, Болатты қолына алды да:
– Біздің тарихи алғашқы кездесуіміз осындай орында болды ма? – деді.
Ілияс мен отырған орындықтың артынан келіп, Болаттың шашалып, қомағайлана емген түріне қарап тұрып:
– Бұл ұлымыз етікші болсын. Етік тігуге үйрет бұл ұлды, – деді. Тергеуші: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегенде, Ілияс:
— Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін! – деді.
Екінші рет «халық жауының» әйелі атанған Фатима бауырындағы бес баласымен тағы да тірі жесір атанады.
Фатима Ғабитова мен Мұхтар Әуезов
"Алматыда көп қиналдым. Бірде болымсыз қызметке орналасып, бірде қызметсіз жүрдім. Жәнібегім де Алматыға қайтқан. Бес бала. Тамақ керек, киім керек. Жаны ашып, жәрдемдесер жан жоқ. Жалғыз өзім. Соғыс басталды. Жәнібек 9-класс бітіріп, жасы әскер жасына жетпесе де, ерікті түрде соғысқа кетті. Қала халқы жабық дүкендерден тамақ алатын болды. Бізге жан басына 220 грамм қара наннан басқа ештеңе жоқ. Дене шынықтыру техникумында болымсыз сабақ беремін. Техникум күніне бір рет мұғалімдерге омаш көже береді. Мен сол көжені ішпей, үйге әкеліп балаларға ішкіземін. Біздің осылай қатты қиналып жүргенімізді сыртымыздан білген Мұхтар бір күні маған келіп, өзінің мені ертеден (1927 жылдан) қатты сүйетінін, менің жанымда бірер сағат болуды өзіне бақыт санайтынын айтты".
Осылайша, Фатима үшінші рет Мұхтар Әуезовпен бас қосады. Ол Мұхтар Әуезовке Мұрат есімді ұл сыйлайды .Әуезов Фатимаға сенімді дос, әрі қамқоршы бола білді.
Анасы туралы Мұрат Әуезов былай дейді: "Анамның тағдырын түсіну үшін кең жүректілік, асқан саналылық пен сауаттылық керек. Мұны кез келген пендемін дегендер жасай алмайды. Кезінде «Фатима Ғабитованы үш алыптың сүйгені қалай?..» деген сықылды жеңіл сөздер де айтылған. Мәселе анамның сұлулығында емес. Анам шынында да сол сұлулығын адамгершілік қасиеттерімен тең ұстап, кір шалдырмастан байланыстыра білген. Осындай парасаттылығын сол үш алып танып, қадірлеген"
"Қазақтың кең жүректі Фатимасы ... "
Ашаршылық жылдары Фатима Ғабитова көп адамға жақсылық жасады. Ашыққандарға демеу болып, қол ұшын берді. 1932 жылдың мамыр айында ауылымен жоқшылықтан қырғыз еліне ауып кеткен Жамбыл Жабаевты іздеткізді. Қаскелең қазақ мектебінің директоры Имашев деген азаматқа Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығымен Жамбыл Жабаевты елге алдырды. Өлеңдеріне ақша беріп, жағдайын жақсартты. Әсіресе тарыққан ақын-жазушылардың отбасымен қолындағы барын, балаларының аузына жырып бөлісті. Фатима Ғабитованың архивінде Жұмат Шаниннің нан сұрап қиналып жазған хаты да сақталыпты.
Фатима Ғабитова – белгілі мектеп мұғалімі. Ұстаздық қызметі жылдарында мыңдаған оқушыны тәрбиелеп шығарған, білім беру реформаларына белсене араласқан.
Фатима Ғабитова оқу-ағартушылық қызметімен бірге заманының талабына сай әйел теңдігін насихаттады. Анна Ахматова, Марина Цветаеваларға еліктеп өлең жазумен бірге әдеби салон ұйымдастырды.
Фатима Ғабитова- әдебиетші. Қазақтың аңыз ертегілерін жинады. «Атасы мен келіні», «Әжесі мен баласы», «Наурыз ақын мен қыз», «Әділ мен Ақан сері» сынды баспа бетінде тұңғыш жарияланып отырған айтыстарды Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорына 1941 жылы тапсырған .
Ол - тағдырдың сынағына төтеп бере білген , Алаш арыстарын ардақтап өткен , ұрпақтарын аман-есен өсіріп-жетілдірген қазақтың Фатимасы...
Нұрхан Хамзеұлының парақшасынан