Қазақ ұғымындағы өлім түрлері

Oinet.kz 04-06-2024 1537

Қазақ халқы «артына жақсы ат қалдырып өлу – ерлікпен барабар», «жақсы адамның өлімі де өнеге» деп қарап, халыққа мол еңбек сіңіріп, артына жақсы ат жəне тамаша үлгі - өнеге қалдырып өлуді өте игілікті іс санап, өмірге келген барша адам баласының адамша өмір сүріп, адамша өліп, соңына жаман атақ, жиіркенішті əсер қалдырудан аулақ болу қажеттілігін ұрпақтарының құлақтарына құйып, көкіректеріне ұялатуға барынша күш салған, яғни, ез тірліктен ер өлімді жоғары бағалап, жалпы өлім атаулыны мынадай бірнеше түрге бөлген:

Screenshot_10.jpg

• «Ақ өлім» деп құдайдың бұйрығымен, яғни, өз ажалымен өлген, асарын асап, жасарын жасап, артына жақсы өсиет жəне үлгі-өнеге қалдырып, атаукере, имансуын ішіп, бала-шаға, туыс - туғандарының алдында армансыз көз жұмғанды айтады. Сондай - ақ, ел - жұрт, ауыл - аймағы ішінде құдайдың ажалы жетіп, дəм - тұзы таусылып өлген үлкен - кіші, кəрі - жастың өлімі түгел «ақ өлім» деп аталады.

• «Ер өлім» деп Отаны мен ел - жұртын, халқының мал - мүлкін, жер-суын, тіпті, өз отбасы мен бала - шағасын қорғау жолында қаза болған, өзгелерді қауіп-қатерден құтқару жолында өз өмірін қиған адамдардың өлімін де «ер өлім» деп, ондай өлімдерді үлгі - өнеге етіп, олардың ерлік істерін ұрпақтар бойы жыр еткен. Тіпті, Отаны мен отбасын қорғау жолында өлген адамдардың өлімін «шейіт» деп, өте жоғары бағалайды.

• «Арам өлім» деп у ішіп, буынып, асылып, бауыздалып, өзіне - өзі қол салып өлген жəне жалғыз өзі қараусыз жалғыз жатып «атаукере», «имансуын» ішпей көз жұмып кеткен өлімді айтады. Жоғарыдағылардан тыс, Отанға сатқындық, опасыздық жасап, қашып-пысып жүріп өлген, ұрлық, арамдық, қаралық үстінде көз жұмған, өзгелермен ерегес, төбелес үстінде жан берген адамдардың өлімі де «арам өлім» деп қаралады. Сондай - ақ, мұндай адамдардың сүйегін «аруақ тебіренеді» деп, жалғыз бір жерге жерлейді.

• «Ез өлім» деп отбасы мен бала - шағасына, сондай-ақ, ел - жұрты мен Отанына қауіп - қатер төнгенде, жеке басын қорғаймын деп қашып - пысып, жан сауғалап жүріп өлген, махаббат кегі айқын болмауы себепті, жауын аяп жаралы болып өлген, дұшпанына жалынып - жалбарынып жатып көз жұмған, жалқаулық, ынжықтық, олақтық, салақтық, бойкүйездік салдарынан аштан өлген, қайыр тілеп жүріп өлген адамдардың өлімін айтады. Қазақ халқы мұндай өлімді қатты жек көреді. Ездікпен өмір сүріп, ездікпен өлуден гөрі ерлікпен өлуді өте жоғары бағалайды.

• «Ит өлім» деп ешқандай себеп - салдарсыз қаңғырып жүріп, елсіз, күнсіз айдалада өліп, сүйегі ит пен құсқа жем болған, сондай - ақ, жамандық, қулық-сұмдық жолында жүріп көз жұмып, сүйегі айдалада сасып - шіріп қалған, шектен тыс дүниеқорлық себебінен пайда қуып жүріп мерт болған, жетерлік мал - дүниесі тұрып, емделмей қиналып жатып жан тапсырған, т.б. адамдардың өлімін айтады.

• «Сұраусыз өлім» деп шектен шыққан ұры - қарақшы, қанды қол, бұзақы, қанша тəрбие берсе де түзелмеген, елден қуған басбұзар адамдардың кісі қолынан өліп, ешбір сұраусыз кетуін айтады. Тіпті, ондай бұзақы адамдарды біреу өлтіріп кетсе де, олар үшін сұрау салып, құн сұрап, жоқтау айтпайтындықтан, ондай адамдардың өлі мін «жоқтаусыз өлім» деп те атайды жəне ондай жаман адамдардың сүйегін ру, ауыл бейіттеріне жолатпай, жалғыз жерлейді.

(«Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабынан)

Адам неге боқтайды?
«Қазы-қарта жегеніңнен не пайда, бауырларың кылтамақ боп жатқанда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу