Ақсары мен Қарагөз

Oinet.kz 08-01-2024 2843

– Қияли қыз, сәл жан-жағыңа қарасаңшы. Кіммен бірге ақ бұлтта ұшып жүрсің? Әлгі жыр етіп жүрген жігітің өмірде бар ма? Әлде қиялыңдағы қалқа ма? – деген Айбибінің пікірін қызуқанды Көзайым жалғап кетті.

Screenshot_3.jpg

– Өйстіп жүріп-ақ күллі жігітті «сындырады» бұл. Өлең оқыса, болды еркек біткен осыған елітеді. Не қасиеті бар деймін да. Жанында біздей гламурный қыздар жүрген жоқпыз ба, стандатқа сай, – деді аптығып. Өзіне бағытталған пікірлерді тыңдап алған Асыл бөлмелес құрбыларына мойын бұрып:

– Ол бар. Барды бағалау керек. Менің алқызыл желкенді кемедегі ханзадам бір күні келеді, – деді қолындағы кітаппен күлкісін көлегейлеп.

– Болса қайда? Сені танығаныма, бір бөлмеде тұрғаныма тура төрт жарым ай болды. Саған бірде-бір рет хабарласқанын, хат жазғанын не келгенін көрмедік. Сорлы, атын да білмейсің ғой. Бұндай адам көрсем, көзім шықсын. Сендер көрдіңдер ма? – деп Көзайым өзге қыздарға қарады. Олар «жоқ» деген ишарат білдіріп, иықтарын кемсеңдетті.

– Так что, тапқан екенсің ертекке сенентіндерді. Давайте, бөлмені жина. Мен сәл таза ауа жұтып келейін, сосын тернеровкаға барамын.

– Нууу, Зөк, бітіріп тастайыншы мына кітапты. Сосын бүгінше маған жағдай жасаңдар. Мен сендердің құтқарушыларыңмын ғой. Экономика факультетінде оқитын әлгі Айғаным деген қыз бар ғой, дефелеге қатысатын. Өнер факультетіндегі Қанатқа ғашық болып қалыпты.

Бикош, кешірші. Ол саған ұнайтын еді ғой. Тасташы соны, көрікті жігіттің қызының жауы көп болады. Екеуін татуластырып жіберейік. Саған одан да жағдайы жақсы жігіт тауып беремін. Соған жақсы өлең жазып беруге тапсырыс алып қойдым. Қаламақымды алсам, ет болмаса да, қарынға талғажау ететін бір нәрселер әкеле аламын, – деген Асылдың сөзіне Көзайым келіскендей, басын изеп, бөлмеден асығыс шығып кетті.

Студенттік тағдыр тоғыстырған төрт арудың мінезі әртүрлі болатын. Оңтүстіктің ұяң қызы Жазирадан оңайлықпен сөз алу қиын. Айбибі болса жанындағылардан екі жыл бұрын оқуға түсіп, белгілі себептермен заңгерлікті педагогикаға айырбастаған арманы асқақ, қымбат дүниелер мен жаңалықты жаны сүйетін жан-жақты бойжеткен. Бөлмедегілердің ең батылы, спортты жанындай жақсы көретін еркекшора, ойындағысын тура, тайсақтамай айтатын Көзайымнын көп адам қаймығатын. Ал соңғы ару өзінің жұлдызнамасындай егіздердің бірі Асылдың мінезі «бірде көл, бірде шөл».

Жатақханадағы алғашқы жылдың алғашқы сессиясы аяқталып, арулар ауылдарына қимастықпен аттанды.

Қазіргідей ұялы телефон жоқ кезде бөлмелестер аз күнгі үзілістен соң сағынысқандарын айтып, біраз уақыт қызықтарымен бөлісті. Бірінші сабақ күнінде үш құрбының басы қосылса да, төртіншілері Жазираның келмегеніне аң-таң болды. Ешқайсысының одан хабарсыз екенін білген Көзайым: «Ол мияулаған Жәзөгің ыздиып орамал тағып келіп тұрмасын. Түрі сондай ибалы, инабатты көрінеді ғой. Келін болуға лайық екен деп көрген адам алып қашып, біздікі ұялғаннан келісіп отырмаса болғаны», – деді.

– Сенің аузыңнан осы дұрыс сөз шыға ма? Қойшы, қайдағыны айтпай. Ауылы жақын, келетін шығар, – деп әңгімеге Асыл араласты.

– Жаман ба? «Бірдеңеге ұшырап қалған болар дегенім жоқ. Бақытты болып, бағы ашылған шығар» десем несі айып.

– Қыздар, қойыңдаршы. Жаззи – жауапты қыз. Ол сабаққа уақытынан бұрын келуі керек еді. Таныстар болса, сұрастырып көрерміз. Аман болса екен әйтеуір, – деді жанашырлықпен Айбибі.

Араға үш күн салып Көзайым айтқандай, Жазира ару қыз келісіті келіншек болып оралды.

Достары қаумалап, жағдайдың қалай болғаны туралы сұрап жатқанда, Жазира сабырлы қалпынан таймай: «Айтатын ештеңесі жоқ. Ауыл жақтың жігіті. Өнер факультетіндегі Қанат бар ғой, соның досы. Қазақтың сары домалақ баласы», – деді де әңгіме ауанын ауыстырып: «Асья, сен жігітіңді көрдің бе каникулда?».

Асыл үнсіз басын шайқады. Құрбысының күрсінісін байқаған Жазира: «Асс, саған бірдеңе айтайын ба? Менің қайын ағам мен қайныларым бар. Мүмкін танысып көрерсің. Қашанғы хабарласпайтын жігіттің жолын тосасың. Екеуіміз абысын-ажын боламыз», –деді. Асыл төменге қараған назарын көтерместен келіспейтінін білдірді.

Қыздар сабаққа кірісіп, ойын-күлкімен күндер өтіп жатты. Бірде Жазираның туған күніне жолдасы келетін болып, құрбылар қызу дайындыққа кірісті.

– Осы бастан айтайын. Іштеріңдегі ең сұлуы өзім екенін мойындамасаңдар да білемін. Сол себепті күйеу баланың қасында еріп келген жігіттердің ең сымбаттысы менікі. Асс, сен бүгін өлең оқымайтын бол. Бір күн шыда. Сосын онсыз да аз уақытқа келген ерлі-зайыптыларға көңіл бөлейік, – деді Көзайым дастарқан дайындап жүріп.

– Болды, апа!

– Апаны көрсетем саған қазір, – екеуі бір-бірін қуалай жөнелді. Алғашында суық, жұпынылау көрінген жалдамалы пәтер іші қыздардың әп-сәтте ретке келтіріп, өз әлдерінше дайындаған шағын дастарханымен көріктенгендей болды.

Межелі уақыт таяғанда есік қоңырауы безілдеді.

– Асс, есікті ашып жіберші. Мен әзірге көрінбей тұра тұрайын. Келіншек те солай етсін. Айбидің турайтын сәбізі бар, – деп Көзайым әдеттегідей бұйрық беріп.

– Жақсы.

Есік ашылған сәтте бір біріне түйіскен қос жанар өзгеше күйге енді.

– Сіз...

– Бұл Сіз...– деп абдырағанымен жігіт есін тезірек жиып, тақырыпты ауыстыруға әрекеттенді. – Мен Жазираның жолдасымын.

– Кешіріңіз, иә, иә... Сіз солсыз ба дегенім ғой, – деді Асыл жүзі алабұртып.

– Не істеп тұрсың қиылып, есікті ашсаң, бері келсейші, – деп Көзайым қыздың назарын аудармақ болып. Осы сәт ортаға Жазиза қосылды.

– Танысып қойыңдар, біздің қыздар.

Асылдың қолын ұстап жатып, күйеу жігіт:

– Қаракөз, – деді.

– Қаракөзі... несі, сонда сіздің атыңыз Қаракөз бе еді?

– Жоқ, ол сенің атың. Жаным, саған бір қызға ессіз ғашық болғанымды айтып едім ғой. Сол мына....

– Иә, мен де таныдым, Ақсары, – деді Асыл жүзі алабұртып.

– ...

А.ӘМІРӘЛІ

Анам мені ақша үшін 30 жастағы шалға күйеуге берді
Сын сағатың туды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу