Біздің кластың қызы

Oinet.kz 04-11-2023 408

Бұл суреттің авторы – белгілі фототілші Болат Омарәлиев. Бір кезде Қызылордада Ләйла Аранышеваның «Ілбісіннің үш мәрте қарғуы» фильмінің (1986) кейбір көріністері түсіріліпті. 

317794623_844718093239513_4469690343538703084_n.jpg

Біздің Бөкең сол жерге бара қалса керек. «Ол тұста қалада ескі үйлер көп еді. Қисық көшелер мен тапал тамдардың арасында кілең орыс жігіттер ақ пен қызыл боп қылыштасып, «атысып-шабысып», майдан сипатын бейнелеп жатты... Қамыстан тоқылған шидің түбінде бір кемпір мен қыз отыр. Кемпірдің жүзі таныс. Анықтап қарасам, әйгілі әртіс Әмина Өмірзақова. Дереу бір-екі кадр түсіріп алдым», – дейді фототілші.

Бөкеңнің қырағы көзі бірден кемпірге түседі де, оның иығына басын сүйеп отырған әртіс қызға онша мән бере қоймайды. Ол киноактриса Гүлнәз Омарова еді. Менімен бір класта оқыған қыз...

* * *

«Гүлнәз Омарованың актриса ретіндегі басты ерекшелігі – қазақтың ұлттық дәстүрлерін жақсы біледі. Халқымызға тән асыл қасиеттерді бойына мол сіңірген, ауылдың инабатты, қарапайым қызы. Сондықтан ойнаған рөлдеріне қазақы сипат береді. Өнерде табиғи ұлттық болмысымызды, қазақ әйелінің нағыз бейнесін қалыптастыруға үлес қосып жүрген қабілетті жастардың бірі. Ол –  әлі мүмкіндіктері толық ашылмаған актриса. Жақсы режиссерге тап болса, талай-талай тұлғаларды сомдайтыны сөзсіз».

Бұл сөздерді мен баяғыда, осыдан отыз бір жыл бұрын Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақованың үйінде отырып, өз аузынан жазып алдым. Ол сол кезде өнердегі қолтаңбасы енді ғана қалыптаса бастаған жас актрисаға осылай баға берді. Ал мен апаймен әңгімелесіп отырып, жырақта, жырақта болғанда, сол кәдімгі Қаратереңнің қыры мен қырқасында қалған балалық шағыма ой жүгіртіп өттім.

Үшінші, әлде төртінші класта оқимыз. Теңіздің қолтығына тығылған аядай ауылға әйгілі «Қыз Жібек» фильмі келіп, ел-жұрт дүрлікті де қалды. Әуелі облыс орталығын, одан аудан-ауданды аралап шыққан кинокартина үзіліп-жұлынып, қағылып-соғылып, біздің ауылға әзер жетсе керек. Көптен бері қазақша кино әкелмеген киномеханикке өкпесі қара қазандай болып жүрген қаратереңдіктер рахаттанып тұрып бір көрді. Клубтың отырғышынан орын тимеген үлкендер экранның алдында малдас құрып отырып тамашалады. Бала біткен қаздай тізіліп, түрегеп тұрды. Танауы желпілдеген солардың ішінде біз де бармыз. Көз алдымыздағы көріністер қиялымызды түрткілеп: «Шіркін-ай, Құман аға сияқты актер болып, киноға түсер ме едік» деп ойлап тұрдық. «Алдымен өсіп, ер жетіп алсаңдаршы» дегендей экраннан Қыз Жібектің жанары жарқ-жұрқ ете қалады.

Ертеңіне сабақ үстінде де «Қыз Жібектің» жыры таусылмады.

– Қара да тұр. Мен актер боламын. Құманға шамалап түрім де ұқсайды ғой, – дейді Нұржан. «Шашың бұйралау емес демесең, былай кескін-келбетің келеді», – деп көңілін аулап қоямын. Апасының «Қазақстан пионеріне» жазыл деп берген 1 сом 8 тиынын «Жаңа фильм» журналына жазылуға жұмсайтын досымның актер болатынына титтей де күмәнім жоқ еді.

– Мен де актриса боламын. Меруерт апай сияқты...

Өмірі алдыңғы партадан шықпайтын тәмпіш мұрын пысық қара қыздың танауы желп-желп етеді. Өзім күнде ызаландырып, тұлымшағынан тартып жылатып жүретін қара қызға ызам келіп кетті. «Қабаттасуын... Бір кластан бір актер шықса, жетпей ме...»

– Актриса болмай қал!

Екі саусағыма шалып байлаған резеңкіге қағаз «оқты» қыстырдым да, тәмпіш танауды көздеп, тартып жібердім...

Тәмпіш қыз – осы күнгі «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы Гүлнәзид Омарова асқан жылдамдықпен жалтарып үлгерді...

* * *

Жазғы демалысымды алып, ауылда емін-еркін сайрандап жүрмін. Қаратереңнің шеге құмына жалаң аяғын армансыз қыздырған кластастарым бүгінде зіңгіттей жігіттер мен борықтай келіншектер. Нұржанды көрдім. Жә деген суретші. Екеуміз сонау Зайсаннан балық аулап оралған балықшы Аққасен досымыздыкіне бардық. Гөй-гөй әңгіме шертілді. Ананы-мынаны айттық. Сөз арнасы актриса кластасымызға ойысты.

– Зайсанда жүрміз, – дейді Аққасен маңдайы тершіп, – Балықтан келіп, дем алайын деп, қосқа кірсем, жұрт теледидардан кино көріп отыр. Қарасам, біздің Гүлнәз... Кластасым десем, ешкім сенбейді. Қайта өзімді мазақ етіп күледі.

– Жақсы ойнап жүр ғой, – деді Нұржан.

– Бір кезде сен де актер болам деуші едің...

– Бәрі де қалды ғой. Үй-ішінің, отбасының күйбеңі... Шыға алмадық.

Мұңайып қалды. Ал қабырғаға жапсырылған «Жаңа фильм» журналының айқара бетінен актриса Гүлнәз Омарова күлімсірей қарайды.

* * *

«Қазақфильм» мен «Қырғызфильмнің» біраз кинокартиналарында басты рольдерді ойнады. Есімізде қалғанын атап көрейік: «Бір құты мұнай», «Өлместің қайтып оралуы», «Алтын бекіре», «Менің үйім Көктөбенің бөктерінде», «Ілбісіннің үш мәрте қарғуы», «Несібелі», «Тамшы», «Айғаным», «Әпкем менің Люся», «Қадам», «Момо», «Таңғажайып Айсұлу туралы ертегі», «Құс-өмір», «Өмір гүлі», «Боранды бекет», т.б. Екі елдің Кино үйлерінің киелі сахнасына заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен талай рет бірге көтерілді... Сол кезде баяғы резеңкіге қыстырған қағаз «оғымның» айдалаға лағып кеткеніне риза боп отырдым. «Атқан қолдан айналдым» деп Шеге айтпақшы...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Ашаршылық жылдары қазақтар осындай қорлықтар көрді
Бес жиеніне қонақтардың есімін қойған ата елді таң қалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу