Ресейдегі бүкіл әскери бөлімді қазақша сөйлеткен үш қазақ
Үйге көптен көріспеген Өтемұратов Серік ағамыз келіп, біраз әңгіменің құлағын шалдық. Мына әңгімесі қызық екен.
- 1976 жылы Бұхараға оқуға түскен жылым. Бір күні Газли қаласындағы нағашыларыма барып қайтайын деп, досымды ертіп автовокзалдан билет алып автобустың орта тұсындағы орнымызға келіп жайғастық. Автобустың ішін көзіммен бір шолып шықтым. Менің алдыңғы жағымда автобус ішіндегілерден түр-түсі ерекше бір блондин отыр екен. Бұл қайдан жүр деп ойлап қойдым. Автобус толып, отыратын бос орын қалмады, бір кезде автобусқа үш-төрт әйел кіріп келді. Досым екеуміз орнымыздан тұрып орын бердік те, өзіміз ортаға шығып тұрдық. Сәлден соң автобус орнынан жылжыды. Бұхара мен Газлидің арасы 100 шақырым. Қаладан шығып едәуір жер жүргесін досыма қарап:
- Аяғым ауырып кетті, - дедім.
- Аяғың ауырса менің рюкзагыма отыр, ішінде сынатын зат жоқ, - деді ту сыртымнан бір дауыс. Жалт қарадым, себебі мен әлгі блондин отырып келе жатқан орындыққа арқамды сүйеп келе жатыр едім. Расында да сол блондин екен қазақша сөйлеп тұрған. Таңырқасымды жасыра алмай:
- Сіз бе қазақша сөйлеп тұрған? - деппін.
- Иә.
- Қазақстаннансыз ба?
- Жоқ.
- Қазақшаны қайдан білесіз?
- Әскерде үйрендім.
- Әскерде Қазақстанда болған екенсіз ғой онда?
- Жоқ, Прибалтикада.
- Енді...
- Былай ғой, - деп әңгімесін таза қазақ тілінде бастады. Мен өзім латышпын. Біздің Прибалтикадағы үш республикадан (Латвия, Литва, Эстония) әскерге шақырылғандарды СССР-дің басқа жерлеріне жібермейді, сол Прибалтикада өтейді қызметін. Сонымен мен әскерге шақырылып, әскери бөлімге түстім. Частьта басқа республикалардан шақырылған орыс, өзбек, армян, грузин тағы басқа да ұлттар болды. Солармен бірге үш қазақ болды. Үшеуі де Қызылорданың жігіттері еді. Енді ана үшеуінің төбелескенін көрсең. Бір ақ ұрады. Ұрған адамы қайтып тұрмайтын еді. Бүкіл часті ұстады. Сол үшеуі частьтағы солдаттардың бәрін қазақша сөйлетті ғой. Сол үшеуінен қорыққаннан-ақ бәріміз қазақша сөйлейтін болдық. Одан зиян көрген жоқпын, біраз жерде көмегі тиді. Міне, өзіңмен де қазақша сөйлесіп отырмын. Өзбекстанда қазақты кездестіремін деп ойламаппын. Бағана автобусқа кірсем, бәрі қазақша сөйлесіп отыр бір-бірімен. Сонда Газлиде қазақтар тұра ма?
- Иә, бұл жақта қазақ көп.
- Білмейді екенмін.
- Сонда әлгі үшеуі бүкіл бір часттің солдаттарына қалай үйретті қазақшаны? - деп сұрадым қызығып.
- Аюға намаз үйреткен таяқ, - деп мақалдатып та қойды блондинім жымиып.
Автобустағы латыш әскерде қай қалада болғанын, әлгі қызылордалық үш қазақтың аты-жөндерін айтты дейді бірақ Серік ағамыз есіне түсіре алмады. Бұл әңгіменің рас-өтірігін білмедім, обал-сауабы айтқан адамға. Мүмкін рас та шығар. Аты-жөндері анық болғанда іздестіріп тауып алғанда болушы еді-ау.
Шіркін-ай, сол үш ағамызды тауып алып, сол жағалаудағы Үкімет үйінен бастап, қазақша сөйлемейтіндерді сабатар ма еді.
Мұхтар Жанұзақ