Күлуді ұмытқан бала бейне
Оның бейнесі бәріміздің жадымызда шырағдандай боп лып-лып етіп жанып тұр. Күндердің күнінде өлеусіреп барып өшіп қалмаса екен деп тілейсің. Өмірге әке-шешесі азан шақырып қойған атымен Қамбар болып келіп, өнерде Құрмаш болып қалған бала-бейненің тағдыры тым ауыр.
«Кионоға түскеннен кейін күлуді ұмыттым» депті. Барын арнаған боп тұр ғой сонда Құрмаш рөліне. Шын жылаған, шын мұңайған, шын қайғырған. Бала болып киноға түсуді «жәй әшейін бір ермек», «көңіл көтеру», сабақтан «құтылу» деп жеңілтектікке баламаған. Сәби кейіпті баланың жүрегіне қандай салмақтар түскен десеңізші сол кезде!
Көксеректі судан алып шығам деп мұздай боп ағып жатқан өзенге қойып кететін кезін бәленбай рет қайталап түсіріпті.
Қай бала көтере алады мұндай қиямет-қайымды? Түнде қойға шапқан қасқырлар ше? Баланың сондағы түрі ше? Шын екен деп шыбын жаның шырқырайды ғой, құдай-ау!
Ағасы Аханғұлдың айғайын да шын деп қабылдаған қаршадай баланың сезімін кім бағалады сонда?
Ақыр аяғында Құрмашты бәрі ұмытты ғой. «Көксерек» фильмі ғана дәріптеліп, режиссер Төлеміш Өкеевтың аты ғана кино әлемінің аспанына барып жұлдыз боп мәңгі тұрақтады.
Кейде ойлаймын, егер «Көксеректің» режиссері Төлеміш Өкеев пен сценарийін жазған мырзалар Андрей Кончаловский мен Эдуард Тропининнің орнында қазақ режиссерлері мен сценарийшілерінің бірі болғанда, Құрмашымыз киноәлемінен шеттеп қалмайтын ба еді деп.
Неге?
Өйткені Төлміш Өкеевтің де, Андрей Кончаловскийдің де Қазақ елінен басқа өз ортасы, өз елі бар. Бар өмірін де, бар өнерін де сол өзі өскен халқына арнаймын деп жүргенде, құртақандай Құрмашты қайдан есіне алсын? «Қандай жігіт болды екен?» деп қайдан хабарлассын? Қайдан іздесін?
Күлкісінен айырып кеткен ағаларын шетелге қайдан іздеп барсын Құрмаш?
Қарап отырсам, «Көксеректегі» режиссер Төлеміш Өкеев қырғыз, басты рөлде ойнаған Сүйменкул Чокморов қырғыз, Құрмаштың әжесі болған Әлиман Жанғоразова да қырғыз. Андрей Кончаловский, Эдуард Тропининнің кім екенін есім-сойлары айтып тұр.
Бізден Қарғамбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев пен Қамбар Уәлиевті қосқанда үш қана қазақ бар әйтеуір.
Бұл жерде Өкеевтің, Чокморовтың, Әлиман апаның, Кончаловскийлердің талантына, дарындарына шек келтірмеймін. Басымды иемін! Мені тек Құрмаштан қол үзіп кеткендері ғана мұңайтады.
«Мұздай боп ағып жатқан өзен суы» дедік қой жаңа, сол айтпақшы «Қараш-Қараш» фильміне түсіп жатқан кезде Сүйменкул байкені де Қандысу деп аталатын қанды өзенге қайта-қайта түсіріп, атты құтқару үшін, бүйрегіне суық тигізген ғой. Сондықтан қалған өмірінде жаны үшін арпалысып өткен Сүйкеңе өкпе артудың өзі, тіпті, әбестік.
Анығы, Құрмаш өзі имандай сенген, өзі құдайдай көрген өнер деген ортадан, ал ол ортасы... Құрмаштан алыстай берді.
Сол аяулы бала-бейнені, қасқырдың бөлтірігін құшағына қысып, дос санаған періште-бейнеге Алматыдағы Арбаттан бір мызғымас көркем ескерткіш орнатсақ, шіркін!
Сонда күлкіні ұмытқан мына бала-бейнеге қарап өткен сайын, өмірдің ызы-шу ойын-сауықтан, даңғаза тірліктен ғана емес, ойдан да тұратынын еске түсіріп, тәубемізге келіп жүрер ек-ау.
Көсемәлі Сәттібайұлы