Бір сөз үшін қызын қалыңмалсыз тегін беруге мәжбүр болған әке

Oinet.kz 06-06-2023 3463

Ыстының жігіттері дулат Сыпатай ауылының бойжетіп отырған қызын алып қашып кетеді. Ерегіскен Сыпатай ауылының жігіт желеңі қыз алып кеткен елдің жүзден астам жылқысын айдап әкетеді.

Screenshot_7.jpg

Ол жылқыны қайтаруға барған кедей- кепшіктерді Сыпатай ауылының жігіттері сабап жібереді. Сосын Ыстының ақсақал- қарасақалдары жиналып: 

- Би мен шешен бармаса, Сыпатайдың жуан жұдырықтары теңдік бермес, -деп Бөлтірік пен Дәулеталыны жұмсайды. Бұл Бөлтіріктің өткір сөзімен ел аузына іліге бастаған шағы екен.

Сыпатай зор денелі, қалың қабақты кісі болса керек. Алдындағы адамға қабағын қолымен көтеріп қарайтын әдеті екен. Дәулеталы қаншама жалынып -жалбарынса да Сыпатайды көндіре алмайды. Сөзге енді Бөлтірік араласады:

- Аға бордан, іні зордан, Сыпеке, балалар бір тентектік жасаған шығар. Төсекте басы, төскейде малы қосылып жатқан елміз ғой. Қыз алатын жігіт сіздің ауылда да бар болар, болмаса туар. Қыздың қалың малы сегіз құлынды бие, он үш бойдақ, бір ат, бір түйе, ырым- жырымымен жеті емес пе еді. Барымтаға кеткен мал ішінде кедейдің кер тайлақтары да бар. Ең болмаса осыларды қайтарсаңызшы.

Сыпатай қабағын қолымен көтеріп:

- Мына заржағың кім?- дейді Дәулеталыға.

- Бұл Ыстының Бөлтірігі ғой.- дейді Дәулеталы.

- Қарғадай бала келді деп, қалыңсыз берер қызым жоқ. Жүз жылқы қызды алып кеткені үшін алған айыбымыз. Енді қырық жетісін әкеліңдер!- депті.

Сонда Бөлтірік:

- Тұзшының ақ бас атанындай басың көкпеңбек болып отырып, бір қызыңды күбінің сырнайындай айналдырдың -ау, Сыпатай!- депті. 

Сыпатай абыржып:

- Дәулеталы, мынауыңның тілі жаман екен, етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой! Қырық жетісі құрысын, малыңды ал да қайт,- деп жантая кетіпті.

Қазақтар түрік көршісі көшіп кеткен кезде неге жылады?
Туылған айына қарай әйел адамның мінезін оңай білуге болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу