Ұлы Отан соғысына қатысқан әкемнің медалін өз атына жазбай, шешемнің атына жазып берді
Біздің ауылда бір ақсақал болды. Елге сыйлы, құдайына қараған, еңбекқор жан еді. Өзі Отан соғысының ардагері, майданда жарақат алған. Алайда соғыс туралы ешқашан тіс жарған емес.
Қоржын тамда тұратын бір шеттегі,
Қысы-жазы үстінде сұр шекпені.
Медальдары сыңғырлап майдан жайлы
Мақтанышпен ешқашан сыр шертпеді.
Көтеріліп көктемде жер ыстығы,
Көше жайнап жеткенде Жеңіс күні –
Көк есегін ерттеп ап жөнеуші еді,
Көшетіндей бір жаққа егістігі!
Өйткені, ол соғыс кезіндегі тұтқын болатын. “Ақарық” колхозының озат диқаны 1941 жылдың жазында алғашқылардың қатарында майданға аттанады. Артында – кеше ғана отау құрған жан жары мен қарт әкесі қалып барады. Қария шығарып салып тұрып: “Шырағым, әулеттен қалған жалғыз тұяқ едің. Тағдырыңа қарғыс атқыр соғыс тап келді, қайтейін. Өзіңді бір Аллаға табыс еттім. Мынау туған жердің бір шөкім топырағы, мойныңа бойтұмар ғып тағып жүр...” — деп еді-ау.
Арада алты ай өтпей жатып, “ұлыңыз хабар-ошарсыз кетті” деген қағаз келді. Бірақ, қария кебін киген келмейді, кебенек киген келеді, деп үмітін үзген жоқ. Әйтеуір дүниенің бір бұрышында жалғызым жер басып жүр деген сенім кәрі жүрекке күш-қуат дарытты.“Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, айналайын, мойыма...” – деп келініне дем беріп отыратын.
Ал бұл кезде жалғыз ұлы жараланып, жау қолына түскен болатын. Оны алда тұтқынның төрт жылға созылар азапты тағдыры күтіп тұрған еді. Күзет – күшті. Бірнеше рет қамаудан қашуға жасаған әрекеті сәтсіз аяқталды. Есесіне өлімші болып сабалып, қара жұмысқа қайта жегілген. Түсінгені – пенденің көретін жарығы таусылмаса, басқа түскеннің бәріне көнеді екен.
...1945 жылдың көктемінде бұларды тұтқыннан америкалық әскерлер босатты. Соғыстың біткеніне, қапастағы азапты күндердің артта қалғанына көңіл сенбейді. Ендігі арман – ертерек елге жету. Мойнында – туған жердің бір шөкім топырағы. Қияметтің қыл көпірінде талай рет ажалмен бетбе-бет келген тұста жүрекке – рух, бойға – күш-жігер берген осы туған жердің бір шөкім топырағы шығар!
Кешегі тұтқындарды кеңес әскерлерінің қабылдап алуы ұзаққа созылды. Тергеу-тексеру амалдары әбден қалжыратты. Жау қолына қашан, қалай және қандай жағдайда түстің деген сияқты сұрақтардың астына алды. Елім деп ынтыққан көңілдің ыстығы сонда да басылған жоқ. Арты жақсы болмайтынын алдын ала сезіп, Сталиннің қаһарынан сескеніп, жат жерде біржола қалып қойғандар да аз емес-ті...
Бұрынғы тұтқындар тиелген эшелон жарты Еуропаны артқа тастап, бірден ит арқасы қиянға – Сібірге жол тартты. Әскери трибуналдың үкімін де жол үстінде жария еткен. Біреуге – 25 жыл, біреуге – 20 жыл... Бұған шахтада он жыл бойы (без права переписки) көмір қазу жазасы бұйырды.
Итжеккендегі иттірлік тағы да бірнеше жылдарға созылды. Сталин қайтыс болған соң ғана жазықсыз жазаланған жандарды біртіндеп бостандыққа шығара бастады. Әуелі итарба, сосын отарба, кейін атарбаға ауысып мініп, әйтеуір елге де жетті-ау.
Кешқұрым көктен түскендей үйіне кіріп келгенде, бір жағы кәрілік, бір жағы қуаныштан әкесі орнынан тұра алмай қалды. Аллаға мың бір алғысын жаудырып, “Шүкір, бұ күнге жеткізгеніңе, шүкір” дей берген.
Құдай қосқан қосағы болса шаңырағын құлатпай, отын түтетіп отыр екен. Әкесі бірде “Қарағым, аяғыңа оралғы болар балаң жоқ... Басың жас кезде бақытыңды табам десең, жолың ашық. Маған алаңдамай-ақ қой”, – деген. Бірақ, өр мінезді келіні “Ата, осы босағаны оң аяқпен аттадым, сүйегім де осы босағадан шығады”-, деп кесіп тастаған соң бұл әңгімеге олар қайтып оралмаған.
“Келіннің – аяғынан” дейтін халық даналығы рас екен. Тұяғы жалғыз тұлпарға бес ұл, төрт қыз тауып берді! Сөйткен тоғыздың кенжесі – осы жолдардың авторы. Маңдайына жазылған азабы мен бейнеті бірнеше ғұмырға жететін сол тұтқын менің әкем Әбдірей болатын...
Мемлекет тарапынан мейірім көрмеген әкемнің медалінің өзі шешемнің атында еді. Медальдің тарихы бір хикая:
Облыстан келеді өкіл бүгін,
Ел жиналды кезінде екіндінің.
Отыз бес жыл бұрынғы жиналыста
Бірге әкеммен отырған секілдімін.
“Бұл кісінің еңбегін жұрт біледі
Газетке де мақталып шықты...” деді.
Хатшы жолдас ар жағын жұтып қойды,
Өйткені, әкем кешегі тұтқын еді!
Ұсынамыз медальге қай озатты,
Ұмытпайық бірақ та саясатты –
деген кезде басқарма көп ойланбай,
“ов” орнына “ованы” қоя сапты.
Сөйтіп, әке медалін шешем алған,
Кім сенеді бұл жайға кеше болған.
Рахат көрмей өмірден ол да көшті,
Рас екен жалғанды десе жалған.
Бұлжытпады бұйырса нені үкімет,
Ат мінгізген жоқ оған ел үкілеп.
Менің әкем өмірден өтті арманда
Медалін де айта алмай менікі деп!
Жаны жәннатта болғыр жарықтық “Медалі – менікі, ал кнежкесі – кемпірдікі” деп қалжыңдап отырушы еді.
...Бір күні үйге бейтаныс кісі келді. Бас киімін шешкенде байқадым- жарты шекесі жоқтың қасы және ол сәбидің еңбегіндей былқылдып тұрады екен. Әкем бірден есікті іштен жауып, ешкімді кіргізбеңдер деді. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, ертесіне жұмбақ адам аттанып кетті. Аң-таң күйде біз қалдық. Кейін жылдар өткен соң белгілі болғандай әлгі кісі әкемнің қаруласы екен. Майданда жараланып ес-түссіз жатқанда әкем қоршаудан арқалап алып шығыпты!
Соңғы уақытта әлем ғалымдары судың ерекше қасиеттері туралы бірнеше жаңалықтар ашты. Ең бастысы – кез келген адам бойындағы судың құрамы сол адамның туған жерінің су құрамымен бірдей екен. Ең қызығы, ол өмір бойы өзгермейді! Сен мекеніңді мың рет ауыстырып, мұхит асып кетсең де! Қазақ үшін аса қасиетті – туған жердің киесі деген ұғымның тағы бір дәлелі осы ма екен?!
Біздің әкелеріміз елді, жерді сүю хақында ешқашан бос уағыз, құрғақ насихат айтқан емес. Олар туған жердің тылсым құпиясын іштей түйсініп, оны қалай сүю керектігін ірі-ірі іс-әрекеттерімен, қала берді бүкіл ғұмырымен дәлелдеп кетті! Ал біз ше?!
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ, ақын