Суға кеткен қыз
- Суға батып кетті!
- Көмектесіңдер!
- Тәте! Тәте!
Су жағалап жүгіріп жүрмін. Ал әпкем суға батып кетті…
…Әлқисса әңгімені әріден бастайын. Бұл кезде мен сол 5 жастан асқан кезім. Жазға салым уақыт. Әлі Шәлкөдеге, жайлауға көше қоймағанбыз. Әкем Тұзкөлдің Қарасаз жақ бетінде қой бағады. Екі-үш сиырымыз бар. Әкем мал бағып кеткенде оны егінге түсірмей қарау әпкем Күлән екеуміздің міндетіміз.
Бір күні біз ойынға айналып жүргенде сиыр егінге жақын қалғанын бір-ақ көрдік! Енді қайттік?! Екеуміз жүгіріп келеміз. Бір уақытта сол жерден өтетін үлкен суға тап болдық. Егіндікке бару үшін сол судан өту керек. Басы Шәлкөдеден басталатын әлгі су топырақ араласып, тасып ағып жатыр. Қорқынышты! Бірақ сиыр егінге түсіп кетіп, әкірендік қамап алса одан да қорқынышты. Содан не керек, менен үш жас үлкендігі бар әпкем тәуекел деп суды кешіп өте бастады. Су белінен асты. Мен де әпкемнің артынан суға түсіп едім су белуарыма келгенде алға жүруге шама бермей, аяғым дірілдей бастаған соң кері қаштым. Бұл кезде әпкем тасып жатқан судың ортасына барып қалған. Кенет бір толқын келіп соқты да әпкем су астына батып, жоқ болып кетті! Сегіз жастағы талдырмаш қызда қайбір күш болсын. Тасыған су жұлып әкетті...
Әуелде бірер секундтай не істерімді білмей тұрып қалдым. Қолындағы жемпірі су бетімен ағып барады. Соны көргенде барып жүрегім тас төбеме шыға қорқып кеттім. Қорықаным сондай суды жағалап шырқырап жылап келемін.
- Тәтетай-ай, өлмеші, өлмеші!- деп шырылдаймын. Қолымннан келер амал болмай жүгіре бердім.
Бір уақытта су екі айырылатын жерге келгенде әпкем судан сопаң етіп шықты да аралдағы шөпке қолы ілініп, тырмысып аралға шықты.
Жағада мен тұрмын бота-бота болып.
- Тәтетай-ай, шықшы, ағып кетпеші!,- деп зар қағам. Әлі де болса екіге айырылған судың аралында суға шашалып тұрған әпкемді құтқарғым келді. Ақырындап суға түстім. Су екіге бөлінгенде арғы бөлігіне көбі кетіп, бергі жағы жай ағып жатыр екен. Бұл кезде әпкем де есін жиып, маған қарсы жүрді. Мен кішкентай қолымды созып, оны құтқаруға ұмтылудамын. Ақыры екеуміз жағаға шықтық. Сонда барып әпкемді тас қып құшақтап алып тұрып-ай еңіредім кеп. Өліп қалса әпкесіз қалатын едім-ау деген ой келіп одан әрі еңіреймін.
- Болды енді көкем, болды, өлгем жоқ қой,- дейді. Мені жұбатқан түрі.
Сөйтіп екеуміз әпкелі-інілі болып, тірі қалғанымызға қуанып көрісіп тұрғанда үш сиыр егінге де таяған ғой. Әкірәндік біз ойлағандай құбыжық адам емес екен. Егінге түсірмей қайырып әкеліп, судан өткізіп берді. Сиырымызды айдап үйге қайттық.
Сол әпкем анда-санда “Тәтетай- ай, өлмеші!” деп еңіреп едің ғой деп мазақтаса, мен де: “Болды көкем болды, өлгем жоқ қой!” деп едің ғой деп күлем. Уақыт өте келе күлкілі көрінгенімен, дәл сол сәтте өлім мен өмір арпалысын бастан кешкенімізді кейін білдік қой. Сол жолы бауырдан қымбат ешкім жоқ екенін алғаш рет кішкентай жүрегіммен шынайы сезіндім.
Бір-екі күн өткенде бұл жайды балалықпен ұмытып кеттік.
Десе де содан бері судан қорқам…
Әділбек Қаба