Әке-шешемнің разылығын алмай тірлік істеп бақытсыздықтан көз ашпадым

Oinet.kz 24-02-2022 2029

Көліктен түсе бергенімде, шарбақты қақпа жақтан жұпыны киінген, шашын тықырлатып алған, сидаң бойлы, қара торылау келген әлдебір бейтаныс бала мен жақа беттеп  келеді. Танымасам да, көзіме ыстық көрінген. Жаныма келген бойда, қос қолын соза амандасты.

Screenshot_4.jpg

- Сен кімнің баласысың? - дедім амандасып болған соң.

- Атамның баласымын! 

- Атаңның аты кім? 

- Әуелхан!  

- Әкеңнің аты Сабыржан емес пе? 

- Иә. Сіз ол кісіні қайдан танисыз? 

- Танысым ғой. Әкең қайда қәзір? 

- Мал бағып кеткен. Кешқұрым келуі тиіс. 

- Қане, ендеше қақпаны аш.

- Неге ағай ? 

- Көлігімді аулаға кіргізіп қояйын!  

- Сізді танымаймын ғой. Қәзір шешем сол үшін тоқпақтайтын болады мені.

- Шешеңнің аты кім? 

- Сәуле.

- Қайырғали атаның қызы ма? 

- Сіз оларды қайдан білесіз?

- Ескі таныстарым ғой.

- Иә. Ағай, мен сізді бұрын көрген сияқтымын. 

- Қайдан? 

- Үйдегі суреттерден. Тек әкем көрме деп ұрысатын.

- Неге? 

- Білмеймін.

- Қане, қақпаңды аш! Шешеңе өзім жауап беремін. Қәзір үйде ме? 

- Иә!

Ұзақ арпалысып келіп ақырғысында қосылған қос ғашықтай, бір-бірімен айқаса байланған ағаш шарбақты қақпа екі жақа жер тырнай ашылғанда, бейне бір, бір-бірінен  алыстағысы келмей, қырсыға қарсылық көрсеткен ғашықтарша жер сүзе екі жақа айқара ашылды. Бір кездері әкем қой бағып кетіп, келер уақыты жақындағанда інім Сабыржан  екеуміз осы қақпаны таласа ашып қоятынбыз. Қақпаға шығып төгіле піскен алманы үзіп жейтінбіз. Бұл қақпа менің бүлдіршін шағымнан бастап, есейген шағыма дейінгі есерсоқ мінезімді, әкеме жасаған әділтсіздіктерімнің бәріне куә. Сабыржан да, менің келерімді сезіп, осылай жүрегі ауырып сыздасын деп қақпаны әдейіге аустырмай қойғандай көрініп  кетті! Үйден кетерде әкеме өкпелей, шешемді жылатып қақпаны тарс жауып кеткен едім. Ол кезде бұл қақпа жаңа екен ғой. Қәзір қарасам ескіріп, тоз-тозы шығып, күні бітуге  таяу қалған екен. 

Көлігімді аулаға қойдым да, үйге қарай аяңдай жүрдім. Сол кезде жүрегім ауызыма тығыла берген. 

- Сіз кімсіз? - деген бейтаныс әйелдің дауысы селк еткізген. Тұңғиық ойға белшемнен батып кеткен мен, алдыма тура келген әйел кісіні байқамай қалыппын. Тосыннан қойылған тергеулі сұраққа кібіртіктеп жатып жауап бердім.

- Мен Нұржанмын ғой. 

- Нұржан? 

- Иә.

- Сабыржанның ағасы ма?

- Иә.

- Ой, кешіріңіз, - деп иіле сәлемін салды.

- Бақытты бол, қарағым! Ұмытпағаныңның  өзіне қуанып қалдым.

- Жүріңіз үйге, аға! Неге алдын ала ескертпедіңіз? Сізді танымай қалғанымды-ай! 

- Ұшақтан кеше түсіп ем. Айтып үлгермедім. 

- Аға, сіз үйге кіре беріңізші. Мен дүкенге жүгіріп барып келе қояйын. 

- Мақұл. 

- Жәңгір, әй Жәңгір, ағаңды үйге жайғастыра берші. 

Қақпа  жанында тұрған жаңағы тоқырбас бала жүгіріп жанымызға келген. 

Жәңгір? - дедім іштей қайталап. Әкем "Сенің алғашқы ұлыңның атын Жәңгір деп қоям" - деуші еді ғой. Заңғар биігім-ай! Мен турасында ойлаған арманыңды бәрібірде екінші ұлың арқылы орындапсыз ғой. 

- Қане, үйге жүріңіз аға? - деп қиыла өтінген баланың жанына жақындай бере тізерлей отыра кеттім де: 

- Келе ғойшы жарқыным. Мен сенің үлкен әкең боламын, - дедім емірене құшағымды ашып. Қызарыңқырап қалған бала, құшағыма ұяла келіп кірді. 

- Атыңды Жәңгір деп атаң қойды ма ? 

- Иә.

- Атаң қәзір үйде ме?

- Жоқ. 

- Енді қайда?

- Өткен айда келмеске кеткен.

Жәңгірдің көзінен ұсақ тамшылар ағыла кетті.

Құшағыма Жәңгірді қыса, жылай бердім. Ет жүрегім езіліп, қара жерге жамбастай отыра кеткенімді аңғармай қалыппын. Бойымды қандай сезім билеп жатқанын, өзегіме өкініш  пен қимастық қалай ұялағанын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Менің мұндай бейшара хәліме куәгер болған Жәңгір де жылап жіберді. Екеуміз солай ұзақ құшақтасып, сол  уақыт бойы еңіреп тұрдық.

Дастархан басына қойылған тағамдардың бірін де ауызыма салмастан үн-түнсіз тұнжырап отырмын. Бұрынғы жасаған қателіктерімнің салдары, бүгін мені орға жығып, жүрегіме айықпастай етіп жара салды. Жанымды жегідей жеп бара жатқан жара бойыма дендеген кеселдей сыздатып барады.

Бірер сәттен кейін:

- Әкем қалай қайтыс болды? - деп келінге жыламсырай қарадым.

- Жүректен кетті ғой. 

- Неге ауруханаға қаратпадыңдар? 

- Аға-ау, қу ақша жетпей кетті  ғой, - деді көзін мен жақа тіктей. Көздері "Өзіңіз қайда қалдыңыз жәрдемдеспей " - деген сыңай танытқандай. Бойыма біреу келіп суық су құйып жібергендей болды.

- Қай жерге жерледіңдер? - дедім уақыт суытпай.

- Өзінің өтініші бойынша кемпірінің жанына.

- Қайран әкем-ай! 

Он бірінші сыныпты бітіріп жоғары оқуға түсуге балым жетпей тесттен құлағанымда, әкем жұбатып еді. Бірақ сол кезде ерсіл дертім қала жақа ауа берген. Сабыржан ол кезде  сегізіншіні бітірген. Сөйтіп, әкеме қалаға кетемін деп ем, қарсылық танытты. Ауылда қалуды жөн санамай, ел-жер көргім келді. Бірақ  әкемнің "Бірер жыл шыда, оқуға өзім түсіремін" - дегенін елемей, ашулы жүзбен қалаға кетіп қалғанмын. Сол кезде шешем жылап қалған еді. Артынша бірер айдан кейін ауылдан  "Шешең қайтыс болды " - деген  суық хабар жеткен. Сол кезде мен шетелге жұмыс істеу үшін ұшаққа билет алып қойған ем. Шетел ме? Шеше ме?  

Сормаңдай басым: "Өлген кісі өлді, тіріге тіршілік керек. Мен барғанмен тірілте алмаймын" деп ойлаған. Неткен шолақ ойлау! Неткен топас байлам! Неткен жексұрын шешім!  

Ойлап отырсам, он үш жыл өтіп кетіпті. 

Ал, әке-шешемнің разылығын алмаған мен қандай бақытқан кенелдім?  

Қарап отырсам ешқандай бақытқа кенелмеппін.

Қанша ақша тапсам да, берекесіздікке ұрына берген екенмін. Тіптен, отбасын да құрмағаныма іштей қынжылдым. Бұл тәңірдің жазалауы ма?! 

- Аға, ініңіз келді!  - деген келіннің сөзінен селк ете қалдым. Пұшайман болып отырғанымды сезген келін:

- Сыртқа шығып, таза ауамен тыныстасаңызшы! Сәл жеңілдеп қаларсыз.

- Сабыржанға барайыншы, - деп орнымнан көтерілдім.  

Тысқа шықсам Сабыржан аттан жаңа түсіп жатыр екен. Ұзын бойлы, кең иықты, қияқ мұртты, қалың қасты жігітке айналыпты. Менің үйден шыққанымды көріп, серейіп қарап қалды. Мен бауырымдап жанына жүгіріп барып құшақтай кеттім. Сабыржанның көзіне ыстық жас тығыла берген. Екеумізде де үн жоқ. Кенет ол:

- Аға, отырыңыз атқа! Алды артыңызға қарамай әкем жатқан бейітке барыңыз. Құран бағыштап қайтыңыз. Ол кісі ескі бейіттің төменгі тұсында шешемізбен бірге жатыр. 

Атқа қарғып міндім.

Екі үлкен дөңбешік үнсіз жатыр. Екеуіне бөлек-бөлек құлыптас қойылып, бір қоршаумен қоршалыпты. Қоңырақай топырақты құшақтай келіп құлап, еңіреп жыладым. Перзентінің бұл өкіріп жылағанын бүкіл әлем көрсін, естісін. Сабақ алсын. Жанарымнан жығыған жас топыраққа сіңіп жатты. 

Құран оқып болғанша, көзімнен жасым тиылмады. Бұл жас өле өлгенше тиылмайтындай сезіледі. Қалған ғұмырымда боздап өтсем де, әке мен  шеше алдындағы парызымды, кінәмді өтей алмайтынымды білемін.

Содан бері әкемнің қара шаңырағында тұрақтап қалдым. Осы күні түсіме әкем кіріп, күлімдеп көзден ғайып болады. Бәлки, мені кешірген шығар! 

Әке мен шешенің разылығын алмай, ренжітіп, өкпелетіп бақытқа қадам басу, өкініш пен налаға қадам басумен тең екен! 

Қартайған қарияның күнделігінде жазылған бес нәрсе елді таң қалдырды
Хас сұлу қыз не үшін тұрмысқа шықпағанын түсіндірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу