Мүгедек бала туралы тәмсіл
15-10-2019
Абай айнасы – рухани кемелдену
Имандылық қабылдау деңгейі
Әлбетте, имандылыққа төрт түрлі адамдар келеді. Біріншісі, өмірдің ауыртпашылығын көп көріп, содан құтылғысы келгендер. Олардың жүректері өмірдің зардабы арқылы біртіндеп тазарады. Бұл оларды имандылыққа әкеледі.
Абай жеке адамдар ғана емес, бүкіл адамзат қоғамы дұрыс жетілу үшін болмыс заңдылықтарын жақсы түсініп, оларды бұлжытпай орындауы керек екенін білдіреді. Адамзат қоғамында ол заңдылықтар жүйеленіп, көбінесе түрлі реттегіш принциптер, тәртіптер ретінде қалыптасады. Ол тәртіптер толық орындалмай немесе мүлдем ұмытылған кезде қоғам өмірі жетілмек түгілі, керісінше құлдырау жолына түседі. Сол кезде материалдық әлемнің ақ - қара, суық - жылы, жақсылық - жамандық, бақыт - зардап тәрізді, екіұдайылық қасиеттері адамға үлкен сынақ әкеледі. Бұлардың табиғи құбылыс екені туралы абай жиырма сегізінші қара сөзінде былай деп жазады:
«... жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ».
Данышпанның бұл сөздерінен мынаны ұға аламыз. Құдай тек заңдылықтарды ғана жасайды. Ал оның салдарынан адамның жақсылық не болмаса жамандық көруі өзінің сол заңдылықтарды дұрыс ұғып, дұрыс орындауына, яғни имандылығына байланысты. Оның орындалу барысына Құдай араласпайды. Егер пенденің жүрегі ояу, имандылығы жоғары болып, нәпсісінің құлы болмай, сезімдерін белгілі бір бағытта тежеу арқылы өмір тәртіптерін бұзбай, жақсы істермен шұғылданатын болса, оның тағдыры да соған байланысты бақытты болады. Ал керісінше, тойымсыз сезімдерінің ырқына беріліп, тек қана өз қамының ықпалында болып, басқалардың керегін аяққа басып, оларға қасірет әкелетін болса, соған байланысты ерте ме, кеш пе соның зардабын тартады. Қарымта заңы бойынша «Не ексең, соны орасың» деген осы. Өмірдегі барлық зардаптың себебі осында. Бірақ, бұл да Жаратушының адамға деген мейірімділігінің көрініс. Себебі зардап адамның имандылыққа келуін жеңілдетеді. Бірақ, бұл – имандылықтың ауыр және ұзақ жолы. Данышпан осылайша Тәңірі өзінің пенделері біртіндеп үйретіп, дұрыс жолға салып, өмір мақсатына жетуге көмектеседі деген ой тастайды. Бұның өзі әл - 1ғазалидің бұл өмірдегі жақсылық та, жамандық та адамның пайдасы үшін деген қағидасымен үндесіп жатыр.
Имандылыққа келетіндердің екіншісі – дәулет іздегендер. Айталық, бүгінгі кәсіпкер бір үлкен істің алдында өзінің жолы болуын Құдай тағаладан бір рет жалбарына сұрауы мүмкін. Егер, Құдай тағаланың ырқы болса, оның мақсаты орындалады. Бұдан үміті оянған кәсіпкер екінші, үшінші рет жалбарынады және оның нәтижесін көреді. Сөйтіп ол еш нәрсенің себепсіз болмайтынына көзі жетіп, әр ісінде де жолы болуын сұрап, Жаратушыға бетін бұратын болады. Сөйтіп ол имандылыққа жетеді. Олар Құдайға байлық үшін жалбарынады.
Үшіншісі, өмірдің сыр - құпияларын тереңдеп білгісі келетін білімпаздар. Ғалымдардың кейбіреулері табиғат заңдылықтарын зерттей келіп, бүкіл болмыстың жалпы заңдылықтары барына көзі жетіп, оның себебін іздейді. Бұл барлық себептің бір себебі болу керек деген сенімге әкеліп, имандылыққа жеткізеді.
Төртіншісі, Абсолюттік Ақиқатты іздегендер. Бұлар болмыстың мақсатына ұмтылып, жоғарғы ләззатты іздегендер, сондықтан рухани жолға түскендердің ең жоғарғылары. Үлкен талап, шын ниетпен талпынса рухани жолдағылардың барлығы да өмірдің түпкі мақсатына жетеді.
Имандылыққа жеткен адам дұрыс өмір сүре бастайды. Бұл оның өмірі белгілі бір реттегіш тәртіпке бағынатын болады деген сөз. Абай отыз сегізінші сөзінде реттегіш тәртіптің негізі имандылықта жатқанын білдіреді. Иманды адам өмір заңдылығын дұрыс түсініп, өзінің іс - әрекеттерінде оны сақтауға ұмтылады. Адам өмірін реттейтін тәртіптер исламиятта молынан берілген. Олардың ең қарапайым түрлері: адамның міндетті түрде отбасылы болуы, сәби сүюі, еркек баласы болуы, үй салуы және тағы сол сияқтылар. Осы сияқты басқа да реттегіш тәртіптерді бұлжытпай ұстану бүкіл қоғам өмірінің жүйелі дамуының кепілі болып табылады.
Адам өмірін реттейтін тәртіптер – рухани жетілудің жоғары деңгейіне апарар баспалдақ тәрізді, яғни имандылықтың алғашқы шарты. Имандылығы төмен қоғамдарда бұл принциптер моральдық - этикалық өлшемдермен, кейде бір кездерде болған «Коммунизм құрылысшысының моральдық кодексі» тәрізді адамдардың өздері құрастырған қоғам өміріне сай жазбалармен реттеледі. Қасиетті жазбаларда берілген реттегіш тәртіптердің сыртқы мәнінен басқа, адам көзінен сырт қалатын ішкі мәні де болады. Оны толық түсіну оңайға түспейді. Сондықтан реттегіш принциптер көп талқыға салынбай мүлтіксіз орындалғанда ғана толық нәтижесін береді. Адамның, тіпті бүкіл қоғамның жетілуі осы реттегіш тәртіптердің орындалу дәрежесіне байланысты.
Реттегіш тәртіптер адамның сезімдерін ауыздықтап, нәпсіге жол бермеуге, жарамсыз істерден сақтанып, сабырлы болуға үйретеді. Сөйтіп адамның ішкі дүниесінің біртіндеп тазаруы барысында көкірек көзі ашылып, жанының оянуына мүмкіндік туады.
Реттегіш тәртіптерді адамның жетілуіне көмектесетін және оған бөгет болатын деп екіге бөлуге болады. Көмектесетін реттегіш тәртіптерге имандылықтың тірегі болып табылатын төрт принцип жатады. Олар: ішкі және сыртқы тазалық, аскеттік немесе тақуалық (жоғары мақсат үшін өзіне ыңғайлы жағдайлардан бас тарту), рақымдылық, шыншылдық. Бұлар адамның материалдық және рухани жетілуінің барлық нормаларын қамтиды. Адамның да, қоғамның да жетілу дәрежесі осы төртеуінің таза ұсталуына байланысты. Себебі бұлар адамның ішкі және сыртқы болмысын тәрбиелеуге арналған. Абай бұлар туралы «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде, отыз сегізінші қара сөзінде анық білдіреді.
Жетілуге бөгет болатын тәртіптер: арақ - шарап, апиын, т. б. адамның жүйкесін қоздыратын нәрселерді қолдану; зинақорлық; жаман тамақ ішу; құмарлықты қоздыратын карта сияқты ойындар. Бұлардың адамның сыртқы және ішкі жан дүниесін кірлетіп тоздырғаннан, адамды аздырғаннан басқа пайдасы жоқ.
Абай өз шығармаларында ретсіз бейберекет өмірдің зардабын көрсете отырып, әркімді реттегіш тәртіптерді қатаң ұстануға шақырады. Себебі бұлар имандылық тірегі болып табылады әлбетте.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі