Төлебиде «Бірінші Мамырға» Мәдениет үйі қажет
«Рейтинг» газетінің 2 ақпан 2012 жылғы №5 санында «Шымкентте бірде бір кинотеатр жоқ. Еліміздегі үшінші қала атанудан үмітті облыс орталығының осал тұсы осы» деген тақырыппен көкейтесті мақала жарпық көрген болатын. Журналистік зерттеуге жүгініп жазылған осы мақаладан кейін редакциямызғаТөле би ауданының бірнеше оқырмандарының, дәлірегі, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Т.Аталбеков, А.Мадалиев, А.Исаевтың жәнеБірінші Мамыр ауылдық округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы мен төбе биінің атынан хат келді. Хат мәтінінің қысқарған нұсқасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
«...Төлеби ауданындағы Бірінші Мамыр ауылдық округі 7 елді мекенді біріктіретін орталық. Қазіргі таңда мұнда 20-дан астам ұлттың өкілдерінен құралған 19 мыңға жуық халық тұрады. Осындай халқы тығыз орналасқан, көпұлтты ауылда бүгінде бірде-бір мәдениет ошағы жоқ.
Ауыл жұртшылығына қызмет көрсеткен Мәдениет үйі өткен ғасырдың 90-шы жылдары тозығы жетіп, апатты жағдайға ұшырады. Мамандардың берген қорытындысына сәйкес ғимаратты қалпына келтіру мүмкін емес болатын. Құлау алдында тұрған ғимарат тұрғындарға қауіпті болған соң, оны толығымен бұзып тастауға мәжбүр болдық. Қазір Мәдениет үйі бұзылып, орны қаңырап бос тұр. Мәдениет үйінде қызмет көрсеткен ауылдық кітапхана да қазір жеке үйлердің бірінде орналастырылған.
Аудан әкімдігі жергілікті тұрғындардың өтініштеріне орай бюджет есебінен 10 миллион теңгеге мәдениет ошағының жобалық сметалық құжаты әзірленіп, «Оңтүстікмемсараптама» еншілес мемлекеттік кәсіпорынның 2010 жылғы 30 маусымдағы қорытындысына сәйкес жобаны іске асыруға 170 334 мың теңге қаражат қажет екендігі анықталды. Мәдениет ошағын салу үшін 2006 жылы ауыл әкімінің шешімімен арнайы жер де бөлініп, мемлекеттік актісі алынған. 2007 жылы Мәдениет үйінің құрылысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарына енгізу жөнінде ұсыныс берілуі тиіс болғанымен, бюджеттік бағдарлама әкімшісі және аудан әкімдігі тарапынан ұсыныс пен тиісті құжаттардың тапсырылмауына байланысты жоспарға енгізілмей қалыпты. Ендігі жерде жоспарға енгізу ісі биылдан кешігер болса ортақ қазынадан қаржы шығындап жасалған жобалық сметалық құжаттың күші жойылу қаупі туындап отыр. Әрине, мұндай жағдайда ауыл тағы да Мәдениет үйінсіз қалады деген сөз.
Ауылға Мәдениет үйін салу тиімділігіне келер болсақ, аймақтағы көпұлтты жұртшылық арасында ұлтаралық достық пен келісімді нығайтуға, жастарды патриотизмге баулуға, өнер таланттарын тәрбиелеуге, қазақтың және өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін дәріптеуге, дамытуға мүмкіндік берері сөзсіз...»
Мұрағаттан, 12.05.2012 ж