Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ілгеріде жеңгетайлық қызметтің маңызы аса зор болғаны жасырын емес. Жастардың бірімен-бірі жарасып, отау тігуінде жеңгейлердің алар орны ерекше болғаны рас. Соңғы кездері жеңгетайлық қызметтің жаңа түрлері пайда болып келе жатыр. Арнайы неке агенттіктері ашылып жатқаны өз алдына, отбасы құру мақсатында сүйіктісін ғаламтордан іздейтіндер жыл өткен сайын көбеюде. Осыдан біраз бұрын бұл мәселеге қатысты тележобалар да пайда болды. Атап айтсақ, республикалық «7 арна» телеканалынан берілетін «Жар-жар» хабары мен КТК телеарнасындағы «Давай поженимся» атты жоба отандық тележурналистика үшін елеулі жаңалыққа айналды.
«Тележеңгетайлықтың» батыс елдерінде түр-түрі бар. Ресейлік телеарналар бұл бағыттағы жұмысын әлдеқашан бастап кеткен. Естеріңізде болса сонау 1991 жылдан бастап ресейлік «Бірінші арнадан» көрсетілген «Любовь с первого взгляда» атты романтикаға негізделген телехабар ТМД кеңістігінде миллиондаған аудитория жинайтын. Біраздан бері шығып жүрген «Давай поженимся» тележобасы да ресейліктердің ең сүйікті телебағдарламасының біріне айналды. Қазақстандық телеарналар да қарап қалмапты. «КТК» телеарнасының басшылығы шұғыл түрде «Бірінші арнамен» келісім-шартқа отырып, «Давай поженимсяның» көшірмесін жасауға кірісті. Оның қасында «Жар-жар» телеклубының бірқатар ерекшеліктері барын мойындау керек.
Бірден айтайық, екі хабардың да көрермендері аз емес. Әйткенмен, жұптарды табыстыруға арналған мұндай жобалардың дүниеге келуі қоғамдық пікірді екіге жарды. Бір топтағылар «Қызды қырық үйден тыю» деп ар-намысты жоғары қойған ұлттың ұрпағы емеспіз бе? «Маған күйеу керек еді» деп бүкіл елге жар салғаны несі? Батыстан көшіріп алынған мұндай сорақы дүниелердің қажеті жоқ» деп қарсылығын білдіріп жатса, енді біреулер мұны өзін үлкен мүмкіндік ретінде қарастырып отыр. Сөз жоқ, демографиялық ахуал ұлттық маңызға ие мәселе. Статистика бойынша елімізде 1000 ер азаматқа 1078 әйел келеді екен. Бір қарағанда «еркектердің аздығынан әйелдердің бір бөлігі тұрмыс құра алмай жүр» деп уайымдаудың жөні бар. Енді мына дерекке назар аударыңыз. 29 жасқа толмағандардың арасында ерлердің үлесі басымырақ: 1000 әйелге 1037 ер азамат. Яғни, бойдақ жігіттердің саны көптеу. Базбір ақпарат көздеріне сенсек, елімізде оң жақта отырып қалған кәрі қыздардың саны 350 мыңнан асып жығылады. Карьера жасаймын, қызметте өсемін, ғылым қуамын деп отбасы жағдайын кейінге ысырғандар уақыттың зымырап өткенін кейде байқамай да қалатыны бар. Қалай дегенмен, «Жар-жар» секілді бағдарламаның көрермендері, қатысуға ниет білдіретіндердің саны елімізде жетерлік. Осы жоба жайлы “7-телеарнаның” директорлар кеңесiнiң төрайымы Бибiгүл ЖЕКСЕНБАЙ былай дейді: – Бұл хабар көшірме емес, «7-арнаның» тың жобасы. Мақсатымыз - бiр жағынан, өз қалауына сай жар iздеген жастарға көмектесу болса, екiншi жағынан жалпы көрермен қызығушылығына ие болар шоу-бағдарлама жасау. Бұл – қазақтың ежелгi дәстүрi негiзiнде дүниеге келген жоба. Және бұл формат арнаның жаңа стратегиясына сәйкес келiп отыр. Мыңжылдық дәстүр негiзiнде жасалған дүние қалайша менталитетке қайшы болуы мүмкiн?
Бағдарлама жүргізушісі, белгілі әртіс Данагүл Темірсұлтанова да «Біздің менталитетімізге жат, қажеті жоқ» дейтіндер бар. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстан қолы босамайтындар үшін бұл танысудың таптырмас алаңы. Біздің бағдарлама арқылы бір-бірін тауып жатқан жұптарды көрген сайын өзім жар тапқандай қуанышқа бөленемін. Бағдарламамыздың берік, әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынас құруға көмектесетіндігіне сенімдімін» деп ағынан жарылады. Жобаға қарсы пікірлер де айтылып жүр. «Бiр жiгiтке үш қызды шақырып, таңдау жасатуының өзi дұрыс емес. Әрi қазақтың әдет-ғұрпына жат, мұндай жобалардың қажетi жоқ» деп кейігендер табылды. Мәселен, психолог Күләш Оразбаеваның осы жоба жайлы айтқан мынадай пікіріне назар аудардық: «Жар-жардың" бiзге керегi жоқ. “Тележеңгетайдың” керi әсерi болуы мүмкiн. Бұрынғының нағыз жеңгелерi керек бiзге. Қазiр танысу бұрыштары бар журналдар да көп. Мұның саясатқа да әсерi бар».
Қалай дегенмен, «тележеңгетайлық» қызметтің азды-көпты нәтижелері жоқ емес. «Жар-жар» телеклубының қатысушылары, яғни күні бүгінге дейін үш жұп бірімен-бірі табысып, шаңырақ құрып үлгеріпті. «Давай поженимся» хабары да жетістігін мақтан тұтады: жоба көгілдір экранға шыққалы бері 300-ден астам адам қатысып, 5 отбасы пайда болған екен. Екі жоба жетекшілерінің айтуынша, қазір телефонға тыным жоқ екен, телешоуға қатысуға ниет білдіріп жатқандардың саны көбейіп келеді екен. Тіпті 50-60 жастан асқан адамдар да хабарласа бастапты. «Тележеңгетайлықтың» шын мәнінде берер пайдасы мен зиянын екшеу үшін әлі ерте секілді.
Мұрағаттан, 12.12.2011 ж