Сәбит Мұқановқа жауап
«Еңбекші қазақтың» №15 нөмірінде «Әскерлік атауларында» орыс ұраны ура орнына қазақ ұраны «алаш» алынғанын жаратпай, Сәбит бірталай сөз қылыпты.
Сәбит сияқты түйрерлік, шаншарлық өткір қалам бізде қайдан болсын. Сондықтан сөзді көбейтпей, турасынан даулы мәселеге түсейік.
Қазақ әскеріне «алаш» ұранын қолдануға қолайсыз көрінгендегі Сәбиттің келтіретін дәлелі мынау: «ертең соғыс бола қалып, Алаш орда бас көтерсе, біз «ураның» орнына «Алаш» деп шабамыз ба? Алда, масқара-ай! Ұят-ай!» - деп ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды.
«Алаш» деп шабу Сәбитке масқара ұят нәрсе болып көрінетін себебі – «Алаш» қазақ ұраны болғанмен, ол соңғы кезде қазақтың байлары қолданған ұран емес пе еді? – дейді. Сүйтіп, жаратпағандағы бар болған дәлелдері осы.
Енді орыстың «ура» ұранына келейік. Оны да Сәбитше тексерейік. Сәбитше тексеру үшін Сәбитше болжамға салайық та, сұрайық. Ертең соғыс бола қалып, орыстың ақтары басын көтерсе, оларға қарсы орыс көменестері, қызыл әскері шапқанда, «ура» орыс байлары, жанаралдары, патшалары, солдаттары тұтынған, қолданған ұран еді деп «ураны» ұялап айтпай ма екен? Немесе қазақтың байлары «Алаш» ұранын қолданған кезде орыс байлары «ура» ұранын қолданбады ма екен?
Орыс байлары, патшалары қолданған «ураны» айтуға орыс көменестері ұялмағанда, қазақ байлары қолданған «алашты» айтуға ұялатын мәнісі немене екен? Әлде «ура» орыстың байлары, ақтары қолданбайтын, тек қана жарлылары, қызылдары қолданатаны интернационалдық ұран болған ба екен?
Оны Сәбит білмесе, біз білмедік. Сәбит не дейді? Көменес партиясы не дейді? «Ұлт мәдениетінің пормысы (қалыбы) ұлтша болсын, мазмұны пролетариатша болсын» дейді партия. Пормы деген нәрсенің тысқы қабығы сияқты жағы, мазмұн деген ішкі дәні, маңызы сияқты жағы. Партия қалауынша ұлт мәдениетіндегі істің мәні тысында емес, ішінде екендігі көрінеді.
«Алаш» та, «ура» да – ұлт сөздері. Ұлт сөздері болған соң әрқайсысы өз ұлтындағы бай-жарлыға бірдей ортақ сөз болады. Үйткені ұлт болатын 10% бойы ғана емес, 90% жарлы мен орташасы. Бұл – бір.
Екінші, сөз – тысқылық нәрсе. Тысқылық нәрсе екендігін «ураны» қызылдар да, ақтар да бірдей қолданатындығын көрсетеді. Жалғыз бұл сөз емес, басқа сөздер де көрсетеді. Мәселен, Сәбет, кемесер тағысын тағы сөздер. Сәбет атты мекемелер патша заманында да бар еді (Мемлекеттік Сәбет, Министрлер Сәбеті, қазақта хан ордасында депутат сәбеті бар еді). Кемесер атты лауазым пролетариат билеп отырған мемлекетте де бар. Солардың «Сәбет», «кемесер» деген аттары ғана бірдей, заттары бірдей емес. Сөз тысқылық нәрсе болмай, ішкілік нәрсе болса, былай бола алмас еді.
«Ертең алаштап шапсақ, Алаш орда болып кетеміз» деген – түкке тұрмайтын, дәлелсіз сөз. Уралап шапқаннан орыс қызыл әскері ақтар солдаты болып шықпайтын болса, алаштап шапқаннан Сәбит алаш орданың адамы болмайды.
Пролетариатша тәрбие алған қызыл әскер болсын, Сәбит болсын, уралап шаба ма, алаштап шаба ма, пролетариат жағында болады. Егерде байлар да олар байларша тәрбие алса, уралап шаба ма, алаштап шаба ма – байлар жағында болады.
Олай болса, көп сөзде емес, тәрбиеде. Партияның айтып отырғаны да осы. Осылай болмаса, әр ұлтты пролетариатша тәрбиелегенде өз тілімен тәрбиелемей, бір-ақ тілде тәрбиелер еді ғой.
Тіл демекші, бұ жағынан да Сәбит бірталай сөйлеген екен. Онысына айтатыным: Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп, солай алуға біздің де қақымыз бар деймін. Ақшасын адалдамай алып отыр деген тағы жаласы бар екен. Оның адал-арамын жалғыз Сәбит емес, өзгелер де білетін шығар деп, онысына ештеме демей-ақ қоямын.
Ақымет