Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
1428-жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара тартыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы (Көк орда өзбек ұлысы) мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілқайыр хан бұрын Орда-Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы – шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1428-1468) үстемдік етті. Ордасы Ұлытауда «Хан ордасында» болды.
15-ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау бұқараны ауыр күйзеліске түсірді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті.
Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін шебер пайдаланды да, Әбілхайыр ханның үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларының көсеміне айналды. Қалың қазақ тайпаларын бастап, батыс Жетісуға қоныс аударды.
Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462-жылдары билік еткен) бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді.
Керей-Жәнібек бастаған жұрт батыс Жетісуды мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды.
Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек хандарға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «ҚАЗАҚТАР» деп атады. Қазақ сұлтандары 870-жылдары (1465-1466) билей бастады...» деп жазды.
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы аумаққа деректемелерде тұңғыш рет «ҚАЗАҚСТАН» деген атау қолданылды (Уасифи, 16-ғасыр). Ежелден осы алапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары Дешті Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті.
Қазақтың көне тарихы
Алматы, «Жалын», 1993 жыл