ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АСЫҚ ОЙЫНЫ - ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ КӨЗІ

Oinet.kz 07-03-2020 701

Асық ойыны.jpg

Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, бірлік пен ынтымақ жолын дамытуда да маңызы зор. Бұл жолы біздің айтпағымыз, асық және асық ойындары түрлерінің маңыздылғы жайында болмақ. Асық ойындары туралы сөз етуден бұрын, қазақ халқының асыққа деген айрықша көзқарасын айта кеткен орынды. Асық турасында ұлтымыз оны малдың, аңның жай ғана бір сүйегі ретінде қарамаған. Оған байланысты ежелден айтылып келе жатқан ырымдар бар. 

Мәселен, "Алты жыл аш болсаң да, асық мүжіме" деп кішкентай балаларға асық етін жегізбеген. Қасқырдың асығын өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың. Атыс-шабыс болып кетсе, оқ та тимейді деген ырым бар. Тіпті, әлі күнге дейін адамдар сыртта жүргенде оқыс уақиға болса, аман қаласың деп сенеді. Тілдік қолданысқа терең сіңген, ежелгі заманда хан сайлаудан басталған "қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой" немесе "асығы алшысынан түсті", "бүге-шігесіне дейін анықтау"... т.б. тіркестер тегіннен тегін айтылмаса керек. 

Сондай-ақ қазақ жұртында асық үйіріп болжайтын ескілікті наным бар. Бүкіл тыныс-тіршілігі қорадағы малмен етене болған халқымыз асықтың қалай түсуін де сол төрт түлік малының белгісі деп қараған. Мәселен шік - ұсақ мал шопан ата мен шекшек атаның түліктері қой мен ешкінің, бүк - зеңгі бабаның түлігі сиырдың, тәйке - қамбар атаның түлігі жылқының, алшы - ойсыл қараның түлігі түйенің, баламасы деп, үйірген асықтың түсуіне қарай алдағы уақыттың малдың қай түлігіне тиімді болатынын болжайды. 

Ал асық арқылы бал ашу мақсатымен жолаушының жолынан, жоқ іздеген жоқшының соңынан, аңшының олжасынан, құрған қақпанның қанынан хабары деп тілек сөз айтып, асық үйіріп болжаған. Әрине, асық алшысынан жатса, ол жолаушыға ақ жол, аңшыға қан болған қанжыға, ойға алған ісінің оңға басатынын шамалап отырған. 

Сондықтан да алшысынан түскен асық жоғары бағаланып келген. Қысқасы осы тектес, асыққа байланысты ұлтымыздың наным сенімі, ырымдары көп болған. "Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе" демекші, қазақ халқының мал мен аңның басқа сүйектеріне деген құрметі бір төбе болса, асыққа деген құрметі де алабөтен. Бұның бәрі әрине, өткен күннің болған және болып келген асыққа деген көзқарастары. Ал біздің елде бүгінгі күнде асықтың ойындары жақсы дәріптелу үстінде. Ол үшін жыл сайын ғана емес, ай немесе маусым сайын арнайы турнирлер ұйымдастырылып, әр жыл сайын 9-10 жарыс өткізіліп келеді. Асық ойыны ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз, әрі аса көп шығынды қажет етпейтін, адамды ептілікке баулитын ойын түрі. Сондықтан оны дамыту маңызды болуда. Жыл сайын ел ішінде асық ойыны жарыстарын көптеп ұйымдастырудың өз мақсаты бар. Ол, біріншіден, жастарды спортқа баулу болса, екіншіден ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды қайта жандандыру. Қазақстан Республикасы «Асық ату» федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы елімізде асық ойынының біртіндеп дамып, бұқаралық сипат алып келе жатқандығын айтады. "Спорттың кез келген түрі әуесқойлықтан басталады. Бірақ қай спорт түрінен болмасын, бала кезінен бастап айналысқан дұрыс. Қазір әуесқой асық атушылар көбейіп, арасынан мергендер шығып келеді. Асық ойыны бұқаралық сипат алды деуге болады. 

Ел бойынша асық ойнаумен айналысатын балалардың саны 1600 деген санақ бар. Одан да көп болуы мүмкін, оны алда анықтайтын боламыз. Қазақстан бойынша 73 секция бар. Алдағы уақытта 8 облыстан орталықтар ашылмақ. Жақында Қостанайда асық атудан Қазақстан чемпионатын өткіздік", - дейді Жомарт Сабыржанұлы. Оның айтуынша, Астана күніне орай ұйымдастырылған асық ойынынан халықаралық жарысқа Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан елінен мергендер шақырылды. Қазір аталған елдерде асық ату өзінше дамыған. Тіпті, Қырғызстанда асық ойынын мектепке дейін кіргізіп үлгерген. Ел ішінде спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер деген сияқты дәрежелік атақтар, сертификаттар беріледі екен. Асықты "Шағайын" деп атайтын моңғолдар асық ойынын әлдеқашан ЮНЕСКО-ның қорғауына кіргізіп тастаған. Олар асық ойынын өздерінің ең беделді ойын түрі ретінде қарайды екен. 

Ал Астана күніне орайластырған жарысқа қатысып жатқан, асықты "Ашых" деп атайтын тәжік жұрты да асық ойынын дамытуға талпыну үстінде. Ал өзбек, түрік сияқты елдерде де асық ойнау кең тараған. Бірақ бұл ойын түрін дамытуды олар енді ғана қолға ала бастапты. "Асық ойынын дамыту тек біздің ғана емес, көшпенді және түркі текті елдердің біразының назарында болғандықтан, алдағы уақытта Азия чемпионатын өткізуге басты жоспарымызда тұр", - деп қосты "Асық ату" федерациясының атқарушы директоры. Асық ату өткен заманда балалардың ойыны саналатын. Уақыт өте келе бұл ойынмен еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін айналысатын болады. Жоғарыда айтқанымыздай, бізден өзге біраз елдер ойынның бұл түрін дамытуға барынша талпынуда. Өйткені асық ойынының кез келген түрі адамды шеберлікке, сергектікке баулитын тамаша спорт екеніне барлығының көзі жетіп отыр. Бұл біздің ғана пікіріміз емес, осы ойынның бас-қасында жүрген спорт мамандарының пікірі. Сол себепті асық ойынынан алыс болмағанымыз абзал.

Бейсен Сұлтанұлы

БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ: ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІНЕ. (жігіттер туралы өлең)
​Ақселеу Сейдімбек. ҚАЗАҚТАР ҰСТАНҒАН ТЫЙЫМДАР
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу