Құдасына айып төлеп құтылған Ғабит Мүсірепов
Жетпісінші жылы болуға тиіс, Ғабең әдеттегінше ауылға келіп демалып жатқан болатын. Сол кезде Екпін де өз отбасымен демалыста, ауылда еді. Суаткөл деген ауылда оның әйелінің әке-шешесі тұратын. Әкесінің аты – Сыралы. Сол Сыралы қарт Ғабеңді, балаларын қоса қонаққа шақырды. Ол үйде қонақ болып, енді аттанғалы жатқанда Сыралы қарт:
– Ғабе, сізге ат мінгізсем де көп емес. Бірақ қазір оны істемеймін. Мына келген көлігіңді, яғни машинаңды осы жерде тартып алсам, сен маған ештеңе дей алмайсың, – дейді.
Ғабең аң-таң болып, жаңағы кісіге біраз ойлана қарайды.
Қарт:
– Ие, қарай түс, тіктеп қара, таныдың ба? – дейді.
Ғабең ойлана қарап біраз тұрады да:
– Сол сіз бе едіңіз? – дейді.
– Ие, мен едім, – дейді Сыралы қарт.
Маңайындағылар бұл не жұмбақ деп таңырқауда. Ештеңе түсініп болмайды. Сөйтсе, жағдай былай болған екен. 1919 жылдан бастап Ғабең военкоматта қызмет істеп, ауыл-ауылды аралап, елді бандылардан тазартып жүрген кезі. Сөйтіп, жанында бір жолдасы бар Суаткөл маңайындағы ағаш ішімен кетіп бара жатса, алдарынан отыз жеті-қырық шамасындағы бір аттылы кісі кезігеді. Әй-шәйға қаратпай жаңағы адамның атын тартып алып, өзін жаяу тастап кете барады. Ол кісі кейін өзінің құдасы болатынын Ғабең ол кезде, әрине, білген жоқ еді. Міне, сол уақиға елу жылдан кейін қайтадан көз алдына тұра қалады. Сыралы қарт соны ұмытпай осы уақытқа дейін есінде сақтап келген. Сөйтіп, Ғабит атам құдасына ат-шапан айыбын төлеп құтылған көрінеді.
Құлтілеу Мұқаш