Қалтасы жұқа адам жәрмеңкеге бара ма?
Жасырытын не бар, Отырар облысымызда әлеуметтік жағынан артта қалған аудандардың қатарына жатады. Аумағы ұлан-ғайыр болғанымен, бар-жоғы 50 мыңдай ғана халық тұратын аудан экологиялық апат аймағы деп жариялаудың аз-ақ алдында тұр десек қателеспеспіз. Сонау отызыншы, қырқыншы жылдары Қызылқұм ауданы мақта егумен аты шықты дегенге енді сену қиын-ау. Себебі, каналдарды оңды-солды қазудан жер асты сулары көтеріліп, топырақ сорланды. Соның салдарынан кейінгі жылдары ауру ана мен ауру баланың саны көбейген. Қызылқұмның қойнауында отырған халық қазір тек малмен ғана күнелтіп отыр. Иә, бір кездері Қ.Айтаханов әкім болған тұста, ауданды түлетудің ұзақ жылдық жоспары бекітілген. Ол жоспар орындалып жатыр ма, әлде жоқ па, белгісіз… Бірақ біздің айтпағымыз ол емес, басқа жоспар жөнінде.
Хош, сонымен, әлеуметтік жағынан артты қалған ауданда жұмыссыздық жоқ дегенге сенесіз бе?
Бір қарағанда сеніп қаласыз. Өйткені аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру жән әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыссыздыққа қарсы ешқандай шара жүргізбеген. Бұл прокурорлық тексерулер кезінде анықталып отыр.
2008 жылы аудан жұмыссыз ретінде 450 азамат тіркеуге алыныпты. Бұл аз ба, әлде көп бе? Аз болса керек, өйткені тіркейтін жұмыссыздардың тапшылығынан бұл тізімге шаруақожалықтардың төрағалары, кәсіпкерлер және әскери борышын өтеп жүргендер де, тіпті, бұл ауданның есебінде жоқ азаматтар еніп кеткен. Апырау, сонда, шенеуніктерге жұмыссыздарды өзге аудандардан “қарызға” алатындай не көрінді. Жоқ әлде, отырарлықтар әлі сол баяғы кеңес заманында өмір сүріп жатыр ма екен?!
Отырар аудандық әкімдігінің қызметкерлері қоғамдық жұмыстың не екенін білмейтін болып шықты. Өйткені былтыр және биыл аудан әкімдігі жұмыссыздарды қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім қабылдапты. Алайда алдын ала ешқандай жоспар жасалынбаған. Нәтижесінде жұмыссыздар мекемелерге машинист, хатшы, күзетші болып қабылданған. Шамасы шәуілдірлік шенеуніктердің ойлап тапқан қоғамдық жұмысы осы болса керек.
Мына бір анықталған деректен сыбайластықтың исі шығады. Аудандық жұміспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 20 жұмыссызды белгілі бір кәсіпке даярлау үшін Шымкенттегі оқу орталығымен келісім жасасқан. Осы келісімге сәйкес талапкерлер компьютерлік, жүргізушілік және құрылысшы-шебер курстарында оқытылады. Алайда мұның да алдын ала жоспары жасалынбаған. Өйткені, ауданда бұл мамандыққа деген сұраныс, яғни, бос жұмыс орны болмаған. Нәтижесінде курста оқыған азаматтардың бәрі жұмыссыздардың санын көбейткеннен басқа “пайда” келтірмеген. Сонда бұл қай мазағы?! Ең қызығы, “өте тапшы” кадрларды дайындауға қазынадан 3,5 млн. теңге жұмсалған. Компьютер, жүргізуші, құрылысшы-шебер мамандарын даярлайтын курстар аудан орталығы Шәуілдірде де бар болып шықты. Егер мамандарды сонау облыс орталығына жұмсамай-ақ, өздерінде оқытқан жағдайда бюджет қаржысы 2,3 млн. теңгеге үнемделер екен. Бұл фактіге прокурорлар да аң-таң, біз де аң-таңбыз.
Жалпы, Отырар ауданында халықты жұмыспен қамту қай деңгейде деген сауалға жауап іздеген прокуратура қызметкерлері біраз жайттың бетін ашты. Айтайық, жуырда облыстық құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінде оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының өршіп тұрғанын, ал, баланы психикалық күйзелістен алып шығатын психологтардың жетіспейтінін айтқан едік. Бос сөз екен. Шындықты білгіңіз келсе, жетпейді емес, жеткізбейді. Жуырда редакциямызға хабарласқан бір азамат “психолог мамандары жетіспейді” деген сөзбен мүлдем келіспейтінін ауыр күйзеліспен білдірді. Оның айтуынша, қызы жоғарғы оқу орнын психолог мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген, бірақ осы уақытқа дейін жұмысқа тұра алмаған. Мектеп директорлары “бірдеме” дәмететін көрінеді. Жұмысқа тұру үшін алдын ала “шапкі” ұсыну шалғайдағы Отырарда да бар. Тіпті, зәру деген психолог мамандары да осы қалыптасқан “дәстүрдің” құрбаны болған. Нақтырағына көшейік.
Ауданындағы 36 мектепте психолог мамандығына 44 штат бекітілген. Осы 44 штатта 53 мұғалім жұмыс істейді. Оның тек 17-сі ғана психолог мамандығы бойынша жоғары білімді. 17-сі арнайы курсті бітірсе, қалған 17-сінің психологияға кездейсоқ келе салған. Ал, ауданда құдайға шүкір, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың қатары жетіп артылады. Қолында табақтай дипломы бар, бірақ жұмыс таппай жүргендердің арасында психологтар да бар болып шықты.
Соныменен “қысылғаннан қыздай болған” Отырар аудандық білім бөлімі жұмыссыз жүрген психологтарды келесі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде мектепке қабылдауға уәде беріпті…Дегенмен, әй қайдам. Жалпы, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі деген атаудың өз қызық емес пе? Ол неге байқау, сынақ, көрме немесе іріктеу емес. Неге жәрмеңке. Бәлкім, шенеуніктер осы атау арқылы бірдемені тұспалдағысы келді ме екен. Кім біледі… Бірақ қалай болғанда,, қалтасы жұқа адам жәрмеңкеден бірдеме алады дегенге өз басымыз сене алмай тұрмыз.