Су үнемдеу технологиясын ендіруге шетелдік инвесторлар тартылмақ

Oinet.kz 25-10-2024 191

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданған болатын. 

Бүгінгі таңда, облыста 50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылды. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Солардың бірі Түркістан қаласында орналасқан «BNK GROUP LTD» ЖШС. Кәсіпорын - еліміздегі ең ірі тамшылатып және жаңбырлатып суару машиналарын жасап, ауылшаруашылығына қажетті техникалар мен тракторлар шығаратын өндіріс орны. Жоба 3 кезеңнен тұрады. Жалпы құны – 11,5 миллиард теңге.  Жергілікті 72 адам жұмыспен қамтылған. «BNK GROUP LTD» ЖШС шығарылған өнімдерге өзге өңірлер және шетелдерден де сұраныс жоғары. Аталған компанияға қладағы  өндірістік парктен арнайы жер, браунфилд берілген. Жобаның 1 және 2-кезеңдері бойынша жаңбырлатып суару жабдықтары шығарылып жатыр. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыттың жалпы құны – 4,05 миллиард теңге. Жоба қуаттылығы – жылына 700 жаңбырлатып суару жүйесі. Бұл техника америкалық технология негізінде жүзеге асырылып жатыр. «Біз Орталық Азиядағы  жаңбырлатқыш машиналар өндәретін ең алғашқы зауытпыз. Кәсіпорын  адам күшін көп талап етпейді. Себебі мұнда барлығы автоматтандырылған компьютерлік роботтар қолданылады. Зауыт бәсекелестікке төзімді. Өйткені біздің өнімдер өзге кәсіпорынның өнімдеріне қарағанда бағасы 20-30 пайызға арзан жүреді»,- дейді «BNK Group» серіктестігінің  өндіріс жөніндегі директоры Алмас Дүйсебайұлы.  Мекеме 2019 жылдан бері еліміздегі шаруаларға 15 мыңнан астам аймақты қамтитын техника жөнелткен. Биыл тағы 70 құрылғы сатыпты. Технология 4 мың аймақты суғаруға жарап тұр.  Мекемеде айына шамамен 100-ге жуық жаңбырлатып суғару техникасы әзірленеді.  Инновациялық техниканың жасалу әдісіне кеңірек тоқталып өтейік. Ауылшаруашылығында таптырмайтын аталған машинаның құрылысына қажетті өнімдердің  басым көпшілігі Ресейден және Америка құрама штаттарынан жеткізіледі. Айталық  құраушы бөліктер Ресейлік металлдан жасалады. Мұндағы мамандар бір айда 160-150 тоннаға жуық темірді өңдеп, қажетіне жаратады. Ірі кәсіпорында алдымен қондырғының негізгі бөлшегі   темір құбырларды әзірлейді. Оларға қажетті өлшемдер беріліп, кесіледі.  Сөйтіп екінші кезеңде жұмыс қыза түседі. Қажетті металл лазерлік станокка қойылады. Мұндағы темірдің қалыңдығы 8 миллиметр шамасында. Ол негізгі бөлшектердің бірі ретінде саналады. Себебі онда егістік алқабына қажетті су тасымалданады. Кәсіпорындағы мамандар дәл осындай құрылғы бөлшектің 40-ққа жуығын әзірлейді. Одан кейін қос құбырдың арасын байланыстыратын жалғаушы жабдық жасалады. Ол егістік алқабында жұмыс процесінде қандайда бір апат, оқыс оқиға орын алғанда құбырлар бір-бірінен ажырап, бөлініп кетпес үшін жасалады. Жұмысшылар зауытта мұндай бөлшектің күніне 8-ін әзірлейді.   «Құбырларды орнынан тұрғызу үшін угольниктер қолданамыз. Яғни каркас арқылы құбырлар құрастырылады»,- дейді «BNK IRRIGATION» ЖШС бригадирі Бағлан Қалбек.    Жаңбырлатып суғару техникасы 25 жыл тоқтаусыз жұмыс істейді. Күтімі жақсы болса одан да ұзақ мерзімге жарайды екен. Сапалы өнімге елімізде сұраныс артып келеді.  Зауытта жаңбырлатып суару технологиясының 3 түрлі нұсқасы құрастырылады. Тапсырыс келсе мамандар алқапты есептен құрылғыны құрып, шаруаға өнімді 100 пайыз дайын етіп тапсырады.  «Қондырғының басты бөлшегі - «басқару тетігіне» қажетті құралдар  әйгілі chint және schneider компанияларынан тапсырыспен алынады. Осы жерде құрастырылып, алғашқы  сынақтан өтеді. Бұл бөлшек қондырғының «миы» десек те болады. 440 вольттық аппарат металл конструкцияны әрі қарай қимылдату үшін  күш береді. Мұның 3 қорғанышы бар. Ток күші  көп болса немесе  азайып кетсе сондай-ақ құлау жағдайында  құрылғының істен шығуынан, күйіп кетпеуінен қорғайды. Мұндай кезде құрылғы автоматты түрде өзі өшіп қалады.  Егістік алқабындағы көкөністер мен жемістер  бірдей мөлшерде суарылмайтыны белгілі. Бір көкөніс суды көп талап етсе, енді бірін көп суару қажет емес. Жаңбырлатқыш машиналарда бұл функция қарастырылған. Таймер арқылы суару уақытын таңдауға болады.  Көбірек суару қажет болса таймерді азайтамыз. Мұндай жағдайда құрылғы 12 сағаттың ішінде 1 айналым жасайды.   Керісінше таймерді жылдам режимге қоятын болсақ құрылғы 6-8 сағатта бір айналым жасап, алқапты біркелкі суарып шығады. Бұл құрылғы арқылы алқаптағы өнім екі есеге өседі,  есесіне суды үнемдеп, шаруалардың шығынын азайтады»,- дейді «BNK IRRIGATION» ЖШС бас инженері Дархан Абдуллаев.  Құрылғының келесі бір маңызды бөлшегі - редуктор. Ол жаңбырлатып жүргізілетін машинаның дөңгелектерін айналдырып, жүргізіп отырады. Келесі бөлшек «форсунка» деп аталады. Ол алқапқа  суды жаңбырлатып шашады. Суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басты жабдық осы.  Өндіріс орнындағы жұмыстың соңғы кезеңінде тисті өлшеммен кесіліп жасалған құбырлар Алматы қаласына жөнелтіледі. Себебі құрал ұзақ мерзімге жарау үшін арнайы химиялық қосындылармен боялады.  Бұл бояулар темірді тот басудан, шіруден сақтайды әрі әдемі күміс түсті рең береді.  Бұл тәсіл топыраққа, өсімдікке және оларды қоршаған ауаға ең қолайлы тәсіл. Мұндай әдісте су сорғыш арқылы арнайы жаңбырлатқышқа су беріледі де, жоғарыдан топыраққа жаңбыр түрінде себіледі. Басқа суару әдістеріне қарағанда жаңбырлатып суарудың төмендегідей артықшылығы бар: - Суаруды толық механикаландыру. - Жер асты ыза суы жақын жерлерде өте қолайлы. - Егінді өзара жақын егуге мүмкіншілік туады. - Күрделі еңістікті жерлерде пайдалануға қолайлы. - Жер бетінің тегістігін қажет етпейді. - Аз су мөлшермен жылдам суаруға болады. - Ағынды (ақаба) су болмайды. - Су 25-30 пайыз үнемделеді тағы басқа. Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Әрі суды екі-үш есеге дейін үнемдейді. «Судың да сұрауы бар» демекші аз су жұмсап мол өнім алу болашаққа да сенімділікті арттырады. Сондай-ақ, осы әдісті пайдалана отырып, диқандар жазық жерде тек мал азығы дақылдарын ғана емес, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіре алады. Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор серпін береді. Жобалық құны 4 миллиард теңге болатын кәсіпорында 70-ден аса мамандар жұмыс істейді. Олар жылына 1000-ға жуық техниканы әзірлейді. Зауыт алдағы уақытта трактор жасап шығаруды жоспарлап отыр. Ондай жағдайда  30-ға жуық тұрғынның бос қолына күрек табылмақ. Осылайша  мекеме ауылшаруашылық саласына қажетті қызмет пен өнімнің барлық түрін ұсына алады.  «Жаңбырлатын суару мен тамшылатып суарудың айырмашылығы тамшылатып суару қазіргі таңда инвестициялық тұрғыдан алғанда 15-20 пайызға қымбат түседі. Бірақ су үнемдеуі бойынша тамшылатып суару 10-15 пайызға төмен болады. Ал жаңбырлатып суару жүйесі қазіргі таңда барлық су үнемдеу технологиясына қарағанда ең тиімдісі және ең арзаны болып тұр. Масштабтау кезінде тамшылатып суару максимум 100 гектарға жасайтын болса ал жаңбырлатып суару бойынша 1000, 2000, тіпті 5000 гектар алқапты қамти алады. Біздің еліміздегі алқаптардың жері үлкен. Сол себепті ең тиімді технология қазір осы жаңбырлатып суару жүйесі болып тұр»,- дейді кәсіпорынның негізін қалаушы Ниязәлі Бесенбаев.  Кәсіпорынның даму кезеңі 3 бөліктен тұрады. Алғашқы кезеңі сәтті аяқталған, қазір  екінші кезеңі жүзеге асырылуда. «Қазір зауыт екі ауысыммен жұмыс істеуде. Үшінші ауысымды құруға мүмкіндіктеріміз бар.  Үшінші кезеңде  «горячий цинкования» дейміз ғой, яғни   мырыштау цехын ашпақпыз. Одан кейін трактор құрастыруды бастаймыз. Біздің өндіріп отырған құрылғымыз ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болғандықтан біз осы саланың барлық құрал-жабдықтарын құрастырып шығарғымыз келеді. Қазіргі таңда өзіміз егін егіп  бастап жатырмыз. Себебі біз өзімізден алған тәжірибені болашақта фермерлерге беретін боламыз»,- дейді Ниязәлі Бейсенбаев.  

Жалпы жоғарыда аталған 3 кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтиды. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар, бұл Республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі.

Осы тұрғыда, өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. Облыста ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал, 42 су қоймалары, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін, Түркістан қаласындағы  «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуетін тиімді пайдалану қолға алынды. Мекеме тарапынан, облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80  пайыздан 10  пайызға төмендеді.

2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты.

Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Тұран су» мекемесін техникалық жарақтандыруға аса басымдылық берілген. 2023 – 2024 ж.ж. мекеме табысы есебінен 60 бірлік арнайы техникалар бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Мекеме тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне, каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында, құны 756,4 миллион  теңгеге 14 дана экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Нәтижесінде 714 шақырым. каналдар, 387 шақырым қашыртқылар тазалануда. Бүгінгі мерекеде аудан, қала әкімдіктеріне қосымша 10 дана арнайы техникалар табысталды.

Айта кетейік, бүгін Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» салтанатты шарасы өтіп жатыр. Бұл күні тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған мерекелік шарада асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының су үнемдеу технологиясын ендіру және өңірге инвестиция тарту бойынша тапсырмасына сәйкес бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «INNARI Innovation Nature Irrigation» компаниясының директоры Ян Фридельмен кездесті. Топырақты ылғалдандыруға арналған құбыр өндірумен айналысатын неміс компаниясының басшысы өнімдермен таныстырып, ирригациялық мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асыру жолдарын ұсынды.

«INNARI Innovation Nature Irrigation» өнімдері Қазақстан нарығында 2013-жылдан бері қолданыста. Компания Түркия, Сауд Арабиясы, Марокко, Испания, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінде ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.

Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану тапсырмасы аясында бүгінге дейін 17,3 мың гектарға жаңа технологиялар ендірілді. Технологияның қол жетімділігін арттыру мақсатында жылына қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтамасыз ету мүмкіндігі бар 3 зауыт іске қосылды. Бұл нарық бағасын 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануда. 2024 жылы 28 ауылшаруашылық кооперативіне 4673 гектарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Кездесу барысында Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі ауыл шаруашылық саласының көрсеткіштеріне тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетілген жеңілдіктер жайын жеткізді. Серіктестік байланысты нығайту жолында екі жақты нәтижелі шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.

Өңір экономикасын дамытуға бағытталған мәселелер қаралды
Ала шапанды ағайындармен баланыс мықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу