Цех алғашқы өнімін сатылымға шығарды

Oinet.kz 03-10-2024 238

image.png

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ботаникалық бағында орналасқан «Жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехы» өз өнімдерін сатылымға шығарды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ашылған цех жұмысы бүгінде қарқынды. Қазіргі таңда онда 13 түрлі өнім дайындалады. Атап айтқанда, кептірілген өрік пен алма, алмұрт, банан, алмұрт пен өрік пастиласы, асқабақ, күнбағыс дәні, жаңғақ қосылған өрік пастиласы мен табиғи сусын қоспалары бар. Цехтың барлық өнімдері университеттің ботаникалық бағында өсетін жеміс-жидектерден жасалады.

Аталған өнімдер қолжетімді бағада тек облыс көлемінде ғана емес, Қазақстан бойынша таратылып отыр. Айта кетейік, цехта алдағы уақытта басқа да өнімдер нарыққа шықпақ. Өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Шағын өндіріс орнының 1 тəулікте 5-7 тонна өнім өңдеуге мүмкіндігі бар.

    Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті  базасында орналасқан бірегей ботаникалық бақ – түркістандықтар үшін баға жетпес байлық. Жалпы ауданы 88 гектар аумақты алып жатқан ботаникалық бақтың коллекциялық қорында декоративті және жеміс ағаштарының, түрлі өсімдіктердің 150-ге жуық түрі мен сорты бар.

Түркістан ботаникалық бағы биологиялық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған танымдық ғылыми орталық болып танылды. Бұл пікірді Қазақстан ғана емес, Ресей және Өзбекстан ботаниктері жазып та, түрлі мінберлерден айтып та жүр. Ботаникалық бақта сәндік ағаштар мен жеміс-жидек дақылдарын өсірудің ғылыми негізделген әдістері, сондай-ақ осы ағаштарға сапалы тұқымдық материал алудың жеделдетілген технологиялары әзірленеді. Бүгінде университет ғалымдары Түркістан қаласын абаттандыру әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, ғылымды коммерцияландыру жобасы аясында мұнда 24 сәндік өсімдіктердің көшеттері дайындалып өсірілді.

Зерделі оқырманның есінде болар, наурыз айының басында  «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық  бағының бағалы гендік қорын сақтау» жобасы аясында  өндірістік цех ашылып, оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, цехтың лентасын қиған болатын. Айта кетейік, қазіргі таңда университеттің ботаникалық бағында 650 миллион теңгеден астам қаржыға 3 ірі жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жеміс өңдейтін жаңа өндірістік цех ашылып, өсімдіктерді Түркістан өңірінің климатына бейімдеу, университеттің символына айналған қызғалдақтардың түр-түрін көбейту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

Бұл жобалар ҚР  Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің және оған қарасты «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдауымен университеттің ботаникалық бағында іске асырылып отыр.

Біздің ерекше атап өткіміз келген, қазіргі таңда ботаникалық бақта  орындалып жатқан жобаның мақсаты – инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы ботаникалық бақтың құнды гендік қорын сақтау, қалдықсыз өнім өндіру.

Жоба аясында университеттің ботаникалық бағында өсіп піскен жемістерді сақтап, қайта өңдейтін өндірістік цех іске қосылды. Бұл цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, мұнда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цехтың 1 тəулікте 5-7 тонна өнім қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі бар. 

«Иә, ғылым мен өндірісті байланыстырған, 3 жылға лайықталған жобамыз кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. цехтың айналасында өріктерді кептірудің де бірнеше тәсілдері қолданылуда, оның ішінде табиғи кептіру, алтын күкіртпен өңдеу, сүйегімен кептіру сынды әртүрлі кептіру тәсілдері, технологиялары қолданылып, зерттелуде»,- дейді  Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің коммерцияландыру офисінің директоры, жобаның жауапты орындаушысы  Азат Исақов.

 Иә, расында  ботаникалық бақты ғылыммен байланыстыра дамытпаса, ол жай ғана саябақ  болып қалуы мүмкін. Жауапты орындаушының айтуынша, сондықтан да  ботаникалық бақта түрлі тәжірибелерді пайдаланып, лабораториялық жұмыстарға көптеп мән беру керек. «Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын кейбір ағаштардың түрлері сиреп, жоғалып бара жатыр. Оның ішінде, сәндік ағаштар да, жеміс ағаштары да бар. Солардың гендік қорын сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жалпы жоба 3 жылға жоспарланған. Әлі бұл жоба аяқталған жоқ.» дейді Азат Исақов.

Иә, отандық өнімнің, оның ішінде уылжып піскен таза табиғи өнім – Түркістан кепкен жемісінің ішкі нарыққа жол тартқаны қуантарлық жағдай. Ғылым мен өндірісті ұштастырған ғалымдардың зерттеулеріне, ботаникалық бақ бағбандарының еңбегіне сәттілік тілейміз.

Кәсіпкерлікті қолдау күшейе түсті
Түркістанда құрылыс материалын өңдеу саласы қарқын алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу