Индустриалды аймақ аумағы кеңейеді
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Нәтижесінде инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және облыс орталығында «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 миллиард теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда. Оларды инфрақұрылыммен толық қамту жұмыстарына күш салынған.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында бюджеттен қаржысы қаралып, 18 нысан бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 310 гектар индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25000 метр жарық желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосылған соң, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орындары ашылады.