Асхат Жаңбыров, Қазақстан кубогының жеңімпазы: «Жолдама үшін барымды саламын»

Oinet.kz 20-05-2015 1089

Screenshot_5.jpg

Облыстың грек-рим күресі балуандары Қазақстан кубогында жеңіске жетіп, көңілді бір марқайтты. Құраманы өрге сүйреген кілең жастар. Әрі ел Кубогын тұңғыш рет иеленіп отырмыз.   

Мұнымен тоқтауға әсте болмайды. Алда жауапты кезең тұрғанда. Әсіресе, команда капитаны Асхат Жаңбыровқа зор сенім артылып отыр. Қазан универсиадасының қола жүлдегері Ақтөбе кілемінде барлық қарсыласын ұтты. Енді ол олимпиадалық іріктеу турниріне қатысуды көздейді.

Білекті балуаннан дайындықтың қалай жүріп жатқанын, алдағы жоспарларын сұраудың сәті түсіп еді.   

– Жеңіс құтты болсын! Белдесуіңе өзіңнің көңілің толды ма?

– Бұл жарысқа негізінен өзіміздің бабымызды сынау үшін қатыстық. Қазақстандағы қарсыластарымның әлеуетін байқаудың сәті түсті. Қазір Олимпиада алдындағы дайындығымды  көрсету маңызды болып тұр.

Командалық жарыс өте қиын. Сен бабында болғанмен, командаластарың жеңіліс құшып жатса, сен де ұтылған саналасың. Бәрінің бабын келтіріп, жұдырықтай жұмылдыру оңай емес. Сол себепті ағайлар  жігіттердің жігерін жанып, барлық жағынан демей білді. Өзімізде де сенімділік нығайып, тек жеңіс үшін күрестік. Жігіттердің көбісі үнемі ұтылып жүрген қарсыластарынан есе қайтарды. Тапсырма сондай еді. Өзіміз үшін де, облыс үшін де аянбадық деп ойлаймын.

Өзім де  басты қарсыласым Демеу Жадыраевты ұтып алдым. Жеребе екеумізді екінші айналымда кезіктірді. Онымен белдескен жағдайда тек ұту керек деген тапсырма бар. Еш аянбай, барымды салып, қиындықсыз жеңдім. Оны жыққаным өз алдына болса, командалық жеңісіміз өз алдына бір сый болды ғой. Онымен төрт рет күресіппін. Қазақстан біріншілігінде 2:1 есебімен ұтылсам, басқа жарыстарда мен үстем шықтым.

Команда каптитаны болғандықтан, барымызды салдық. Ең қиын беледесу де осы Алматы облысы балуандарына қарсы өтті.  Олардың сапында  Асхат Ділмұхамбетов, Азамат Дүмбіров, Айдын Нұғыманов, Марғұлан Әсембеков сынды мықтылар бар.

Шүкір, былтырғы Азия ойындарынан кейінгі сәтсіздікті ұмытып, қайта бабыма еніп келемін. Осы аралықта ұлттық құрамадан шығып қалдық.  Мұның бәрін  уақытша сынақ деп білемін.

– Алда қандай турнирлер бар?

– Алла қаласа, 18 қарашада Беларуссияда командалық жарыс басталады.  Оған екінші, үшінші нөмірлі балуандар қатысады дейді.  Мен осыған шақырту алып отырмын. Жаңа жылдың басында Түркияда өтетін Вэхби Эмре,  Венриядағы жарысқа осы сында дайындықты пысықтай бер деді. Бұл жарыстың пайдасы көп болып тұр ғой. Жеке жоспар үшін, техникалық тұрғыда шеберлігімзді шыңдай беру үшін керек.

Беларуссиядағы жарыс жылды аяқтайды. Ол жарыстан келгеннен кейін Алматыда АИБА академиясында  оқу-жаттығу жиыны өтеді. Жігіттердің кейбірі  Бакудегі гран-при турниріне аттанады. Мен оған бармаймын. Ол жарысқа тек Азия және әлем біріншілігінде жүлде алған балуандар ғана шақыртылыпты. Негізінен, онда  Түркия, Франциядағы Гран-прилерде орын алған жігіттер қатысуы тиіс болған. Жарыстың деңгейін көтеру үшін бе, биыл өзгеріс жасапты. 

Түркиядағы Вэхби Эмреде жүлделі болып жатсақ, Астанадағы лицензиялық жарысқа қатысу мүмкіндігім молая түспек.

– Қазақстан кубогының ұйымдастырылуы жөнінде не айтасың?  

– Өте жақсы. Ақтөбе жұртшылығы жоғары деңгейде өткізді. Залды безендіруі көңілдегідей. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың өзі жарысты бастан аяқ тамашалап отырды.

– Лас-Вегаста өткен әлем біріншілігін көріп, не түйдің?

– Өзімнің салмағымдағы барлық белдесулерді тамашаладым. Бәрі де көзтаныс, кілемде күресіп жүрген  жігіттер. Бірақ жеңімпаз болған германиялық Франк Штаблермен  әлі жолымыз түйіскен емес.

Қазіргі бар мақсатым – Олимпиадалық іріктеу турнирінде күресу. Оған дейінгі турнирлерде өзімнің әлеуетімді паш ете аслам, оған жетіп те қалармын. Алла сәтін салса. Оған дейін екі турнир бар. Жолдамадан үмітті Демеу Жадыраев, Айбек Еңсеханов сынды қарсыластарым бар. Ешбірі де осал емес. Осы турнирлерде кім жақсы күреседі, іріктеуге сол қатыспақ. Әзірге әліптің артын бағайық. Не болса да соңына дейін тіресемін.  

Азия құрлығынан әлі жолдама алмаған балуандарды айтсам, олар  – қырғызстандық Руслан Царев, тәжік Хусрав Облобердиев,  жапониялық Рютаро Мацумото. Солтүстік Корея, Иран және Қытай балуандары да қарымды. Іріктеуге 6-7 мықты барады. Қырғынның көкесі сонда болмақ.

Сұхбаттасқан Тағабай Қасым

Сағат Жүсіп: «Біз ең жақын тарихымыздың өзін білмейміз»
Есен Елеукен: «Келесі жылы «Жайдарманда» үлкен өзгеріс болады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу