Ерлан Құлахмет: «Тыңдармандарым енді қалыптасып жатыр»
Қазақстанға және көршілес мемлекеттерге танымал «Музарт» ансамблінің өнер сахнасында жүргеніне он жылдам астам уақыт болды. «Досмұқасан» секілді аты аңызға айналмаса да «Музарттықтарды» халық ерекше құрметтейді. Үш жігіттен құралған топ уақыт өте келе мүшелерін көбейтіп ансамбльге айналды. Бүгінде ансамбль өнер мектебіне айналғандай. Олай дейтін себебіміз топ құрамында болған өнерпаздардың біразы тәжірибе жинақтап, ел көзіне көрініп, соңынан жеке дара бөлініп шығуда. Мәселен алғаш болып топтан өз жолын тапқан Мақсат Базарбаев болса соңынан гитарасын құшақтап Болат Жолдасов еншісін алды. Көп ұзамай ансамбльдің бас гитарисі Ерлан Құлахмет те БАҚ өкілдеріне «Музарттан» бөлініп шыққанын ресми түрде мәлімдеген болатын. Ол енді халыққа гитарист әрі әнші ретінде өзін жаңа қырынан көрсетпек ниетте екенін жеткізді.
Бөлек отау тіккен Ерланның жеке шығармашылығында бүгінде нендей жаңалықтар бар? «Ерланның «Музарттан» кейінгі өнер жолы қалай қалыптасып жатыр? Жалпы гитарист табысы жақсы ансамбльден неліктен кетті? деген секілді сауалдар тыңдарманды қызықтырып жүргені анық. Осы сауалдарды біз де әншінің өзіне көлденең тартқан едік. «Музарттың» маған берері аз болған жоқ. Біріншіден Қазақстандағы сондай беделді топта өнер көрсетуіме жол ашса, екіншіден халыққа жақынырақ танылуыма септігін тигізді. Ондағы жігіттермен арадағы қарым-қатынасымыз жақсы» дейді ол. Айтуынша гитарада ойнауды бозбала шағында туған өлкесі Қызылорда қаласындағы қазіргі С.Майқанова атындағы театрда үйренген. Гитарадан бөлек домбыра шертуді де меңгерген. Ансамбльде өнер көрсетіп жүріп аяқ астынан әншілікке бет бұруының себебін ол былайша түсіндірді: «Қазақтың әу демейтіні жоқ шығар. Мектеп қабырғасынан бастап ән айтатыным бар еді. Түрлі байқаулардың лауреаттары атанғанмын. Өнердегі қызметім гитарадан басталғасын әншілігім тасада қалып қойды. Енді сол қабілетті қайта оятып, дамытатын уақытым келді деп ойлаймын. Қазір студиядағы жігіттермен жаңа әндер жаздырып жатырмыз. Қоржынымда онға жуық әнім бар. Қазақ әндерін, шығармаларын бас гитараның сүйемелдеуімен орындауды алдыма мақсат етіп қойдым»,- дейді. Ерекеңнің жігіттер деп жатқаны «Yerlan bass»» тобының мүшелері. Ия, оның жаңа тобы осылай аталады. Топта Ерланнан (бас гитара) бөлек, дауылпаз және күйсандықта ойнайтын өнерпаздар бар. Бағыттары поп, джазрок стилі.
Сегіз қырлы бір сырлы жігіттердің шығармашылығындағы соңғы жаңалықтары осындай. «Музарттан» кетіп, жеке отау тіккен оның әр қадамы енді халық назарында екенін жақсы ұққан Ерлан «Менің тыңдармандарым енді ғана қалыптасып келе жатыр» дей келе талғампаз тыңдармандарын қайталанбас әндерімен қуантамын деп отыр. Ендеше, күтейік.
Мұрағаттан, 2015 ж