Шыңғыс Мұқан біз күткендей болмады

Oinet.kz 18-04-2022 2044

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға қатысты жарияланған мақала мегаполистегі мәдениет өкілдерінің  назарынан тыс қалмаған сияқты. Қалай қалсын, қазір үшінші мегаполистегі дау-дамайға, арыз-шағымға тамызық болған  тақырыптар Шыңғыс Мұқан жетекшілік жасайтын салалардан, оның ішінде шудың көбі мәдениеттен шығып тұрса... 

Screenshot_4.jpg

Шымкенттің мәдениетінде  өзіндік орны бар, кезінде осы салада басшылық қызметтер атқарған  Асқар Әлихан осы мақалаға қатысты пікірін жазып, редакцияға жолдаған екен. Хатты аздап қысқартумен назарларыңызға ұсынуды ұйғардық. Хат бұдан әрі былай өрбиді:

– «Рейтинг» газетінде  Шыңғыс Мұқан туралы  өткір сын жарияланыпты. 

...Ыңғайсыз екен; осы басшымын деген кісілер мәдениет саласына өмірін арнаған бізді «идиоттар» деп қабылдай ма, қалай? Шымкент шынымен-ақ үлкен орталық қой, оның интеллектуалдық, шығармашылық деңгейі бөлек дүние емес пе? Келген басшылар оны зерттеп, өздерін ыңғайлап, бойын, ойын тіктеп, сөзін сабақтап алуға тырыспай ма екен?! Шыңғыстың  интеллектуалдық ортаға Зюскиндтің «Парфюмерін» оқыңдар» дегеннен басқа келелі әңгімесін естімедім. 2020 жылдың соңғы күні кешкі сағат 5-те цирк ұжымына келіп, жаңа директорды таныстырғаны бар. Қалтасынан мәдениет басқармасы басшысының бұйрығын алып оқып берді(?), «мұнысы қалай, бұл неге өзіне бағынышты басқарма басшысы Ханзаданың, өзінің қарамағындағы  кісінің  қолбаласы болып жүр?» деп, ұжымның ыңғайсыз сөздер айтып қалғаны бар. Сонда «мен Америкада болып едім, онда Дю Солей деген циркті көрдім, тамаша екен, сондай болуларың керек, жануарлардан бас тартыңдар», деп құнды нұсқау беріп кетті. Мен де болғанмын Америкада.  Білеміз. Салыстыратын нәрселер болады. Дю Солей қайда, біз қайда? 

Бүгінде қызметімен қош айтысқан Ханзада ханым сол тұста Алматыдан бір жас орыс жігітін қуыршақ театрына ойын қоюға шақыртып, «1,5 миллион төлеңдер» деп, бұйрық береді. Ол креативті, мүлдем жаңашыл режиссер екен-мыс... Қойған болды. Мені  театр басшылары әдейілеп шақырды. Оған дейін Санкт-Петербургтан бітіріп келген әлгі «шебермен» бұрынғы жерлестер ретінде сөйлескенмін. Ал оның «шедеврін» көргенде... бізді, мыналар, шын мәнінде, Гоголь заманындағы периферия  санайтынын түсіндім. Сорақысы, соған Ш.Мұқан барып, жоғары баға беріпті! Идеологтың сиқы, міне!

Былтырғы «Наурыздың» ортасында Шыңғыстың жүргені қандай аянышты, тендерді ұтқан, жарты миллиардтық іс-шараларды  атқарған Шыңғыстың адамдары екенін жұрттың бәрі айтып жүр. Әрине Шыңғысқа қатысты ел аузындағы күн жылжыған сайын құрғақ шөпке тиген өрттей өршіген әр алуан жағымсыз әңгімелердің ақ-қарасына  құзырлы органдар бағасын берер.

Бәлкім ол билігі бар адамдармен тіл табысып даудың отынан аман шығар. Алайда соның тапсырмасын орындаймыз деп отқа күйіп кетіп жатқан, қазір үстерінен қылмыстық іс қозғалған қаншама адамның обал-сауабы ше? Адамнан құтылуға болар, ал ар соты мен Алланың пәрменінен ше?.. 

Мегаполис дейміз бе, әйтеуір, үлкен орталық қой. Әміршілеріміз соған лайық болса екен, сол ғой біздің арман. 

Мәдениет саласының әбден қиюы қашып, хан талапай болып жатқандығы анау. Біз мәдениет, өнер ардагерлері, мұндай жүгенсіздікпен  ымырағы келе алмаймыз. Әлі айтылатын әңгіме бар.  Саралаймыз, су бетіне шығарамыз. Шыңғыс біз күткендей болмады... Бүкіл саланы  бұзды. Өлі жағдайда абдырап тұрған, қайран, мәдениет!  

Асқар ӘЛИХАН, 

Мәдениет қайраткері, 

"Рейтинг" газеті, 14 сәуір, 2022 ж

Арман Жетпісбай қай Қазақстанда өмір сүріп жүр?
«AMANAT»-тың ендігі тағдыры не болмақ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу