20 мың долларлық сағат тағатын Шымкенттің бас полицейі қызметінен қашан босайды?

Oinet.kz 27-01-2022 3742

Соңғы уақытта Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, генерал  Ералы Жұмаханбетовтің қызметінен алынатындығы  туралы әңгіме қызып тұр. Жаңа жылдың алдында мегаполистің бас полицейі болып көршілес өңірдегі генералдың келе жатқаны, тіпті министрліктен бұйрық алып қойғаны туралы ақпарат тарады. Мұны анау-мынау емес, әкімдіктегі, құзырлы органдардағы лауазымды басшылардың өз аузынан естігенімізді де жасырмаймыз. Алайда қаңтардың басында болған төтенше жағдай әсер етті ме, әлде басқа себептер болды ма, әйтеуір Жұмаханбетов әзірге жылы орнын суытқан жоқ. 

Screenshot_4.jpg

Десек те, генералдың отставкісі туралы әңгіме ел ішінде әлі айтылып жатыр.  Осы аптада  «Рейтинг» газетінің редакциясына Шымкент қаласы Жаңаталап елді мекенінің биі, белгілі дінтанушы ғалым Абдулла Бахадыр хабарласып, ауыл іргесінен ағып жатқан Бадам өзенінен тас, құм ұрлаудың әлі күнге тыйылмай отырғанына шағымданды. Естеріңізде болса, бұл мәселені біз бұған дейін бір емес, бірнеше мәрте көтерген болатынбыз. Газетімізде жарияланған дүниелерден кейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов өзеннен құм, тас  ұрлауға тоқтам салынатынын айтқан еді. Алайда ауыл биі  «әкімнің де, генералдың да айтқандары айдалада қалды»,– дейді.  

Арызданушы тіпті, ұрылардың жергілікті полицейлермен ым-жымы бір ме деген күдігін де жасырған жоқ.   

– Қаңтардың басында өзен арнасынан құм, тас ұрлаушыларда күндіз-түні тыным болмады.  Тапа-тал түсте экскаватормен жүк көліктеріне артып жатады. «Әй, деген әже, қой деген қожа жоқ». Біз полицияға хабар береміз. Ондағылар учаскелік инспекторларға тапсырады. Ал инспекторлар ұрылармен өзара келісіп алған сияқты көрінеді. Олар келердің алдында  ұрылар ізін жасырады. Не прокуратура, не әкімдік, не полиция, не табиғат қорғаушы мекемелер тарапынан пәрменді тосқауыл болмады ғой. Тас, құм алудан өзен арнасы бұзылып, екі қапталдағы бетондар бүлініп бітті. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселеге баса назар аударуды тапсырды. Кешегі күні атқамінерлерге халықтың әрбір талап-тілегі, арыз-шағымына құлақ асуды қадап айтты. Халықтың жанайқайын жүре тыңдайтын  генерал Ералы Жұмаханбетовтің әрекетсіздігіне жұртшылық наразы. Естуімізше, Шымкенттің бас полицейі  қызметінен кеткелі жатқан көрінеді. Қаңтардағы жағдайдан кейін халық бір өзгерістің болатынына сене бастады, енді Жұмаханбетов сияқты елдің сенімін ақтай алмаған басшылардың бәрі қызметтерінен босатылуы тиіс, – деді арызданушы.  

Жұмаханбетовтің отставкісіне қатысты әрқилы әңгімелердің тууы әрине, бекер емес. Оған Шымкентте соңғы екі айдың көлемінде болған екі жәйтқа тоқталсақ жетіп жатыр. Екеуі де адамның жағасын ұстатар масқара фактілер. 

Біріншісі, жуырда Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасында рота командирі болып істейтін Азамат Айымбетов  Президент пен Ішкі істер министріне бейнеүндеу жолдады. Полицейдің айтуынша, Шымкент қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Мұхтар Бұхарбаев оны қымбат заттар – жиһаз, жабдық, іPhone-ға құлаққап сатып алуға мәжбүрлеген. 

«Дәлелдерді тергеуге бердік. Барлық дәлелге қарамастан Бұхарбаев әлі күнге дейін өз орнында отыр.  Арызымды алу үшін маған белгісіз адамдар 10 миллион теңге ұсынып отыр. Мен адал полиция қызметкерімін, оны қабылдамаймын», – деді А.Айымбетов. Артынша  Шымкент қаласының Полиция департаменті  жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы М.Бұхарбаевқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын, Ішкі істер министрлігіне оны қызметінен босату туралы ұсыныс жолданғанын хабарлаумен шектелді. Енді өзіңіз саралап көріңіз, департаментте білдей басқарманың бастығына қатысты тергеп-тексеру амалдары басталады. Арыз-шағым бастықтың қарамағындағы қызметкерлерін қымбат заттар сатып алуға мәжбүрлеуімен байланысты. Генерал Ералы Жұмаханбетов мұндай жағдайда тергеп-тексерудің бейтараптылығын қамтамасыз ету үшін Бұхарбаевты уақытша болса да қызметінен шеттетуі тиіс еді. Мұндай шара неге дер кезінде қолға алынбады? Генерал істі созбалаңға салып, ақыр аяғын «ештеңе дәлелденбеді» деген негізбен жылы жауып тастамақ болды ма деген күдіктің де құлағы қылтияды. Жұмаханбетовтің жауапсыздығына бұдан басқа қандай болжам жасауға болады?   

Ал мұның алдында, дәлірегі  желтоқсанның басында  Полиция департаменті басшыларының тікелей тапсырмасымен көлік ұрлығына қатысы бар деген күдікпен ұсталған қостанайлық азамат  Нұрболат Жұмабаев полиция ғимаратында қайтыс болып кетті. Жуырда, генерал Жұмаханбетов  «Караван» басылымына берген сұхбатында осы іске түсінік беріп, көлік ұрлығының арғы жағында жергілікті ықпалды азаматтардың тұрғандығын, бірақ олардың кімдер екендігін әзірге айтпайтындығын мәлім етіпті. Сұхбатта ол ешқашан пара алмағанын және алдағы уақытта да алмайтынын, қарапайым өмір сүретінін, пәтерде тұратынын, тіпті ол пәтердің де өзінікі емес, мемлекеттікі екендігін, қарапайым халыққа әрдайым ашық-жақын екендігін де тілге тиек еткен. Әрине, біз генералдың адалдығына, қарапайымдылығына күмән келтіріп отырғанымыз жоқ. Бірақ жуырда «Время» газетінде журналист Михайл Козачков генерал Жұмаханбетовтің «фейсбуктегі» жеке парақшасындағы фотосын жариялап, оның қолына таққан алтын сағаттың 20 мың доллар тұратынын жазды. Генералдың өзі әзірге сағатқа қатысты ешқандай түсінік берген жоқ. 20 мың долларлық сағат тағатын адам қарапайым ғұмыр кешеді дегенге сіз сенесіз бе?  

Айтпақшы, әрдайым халыққа ашық-жарқын, ештеңені бүгіп қалмайтын генерал қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде Шымкентте қанша адамның қаза тапқанын неге айтпай отыр? Егер Шымкенттің бас полицейі әділ, турашыл болса, қарамағындағы қызметкерлердің немесе арнайы жасақтың жаппай тәртіпсіздік кезінде қанша адамды атып тастағанын, «террористердің» қолынан қанша адамның қайтыс болғанын  неге ашық жарияламады? Бұл әрине, өз алдында бөлек тақырып.   

P.S. Генералдың отставкісі туралы мәселе осыменен жылы жабылып қалады ма? Шымкентің полициясында осындай «төтенше жағдайлар» болып жатқан кезде басқа адам болса баяғыда-ақ, креслосынан айырылар еді. Шамасы, Жұмаханбетовтің артында өте ықпалды тұлғалардың тұрғаны туралы әңгімелердің де бекер болмағаны ғой.

"Рейтинг" газеті, 27 қаңтар, 2022 ж

«Әйтенов кетсін!» Президентке петиция жазу қисынды ма, бос қиғылық па?
Нұрлан Нығматулин Назарбаевқа адал екенін дәлелдеп кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу